Отандық психологияның даму бағыттарын талдауFarabi University

Отандық психологияның даму бағыттарын талдау

16 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстандағы және әлемдегі психология: тәжірибесі, тенденциялары, келешігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Философия және саясаттану факультеті ұйымдастырған іс-шара көрнекті психолог ғалым, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, профессор Сатыбалды Жақыповтың 75 жылдық мерейтойына   және ғылыми мұрасын зерттеуге  арналды.

Қатысушылар мен қонақтар үшін кітап көрмесі ұсынылып, ғалымның өмірі мен қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.

Ғылыми басқосуды ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов құттықтау сөзбен ашып, ғалымның Қазақстандағы психологияның дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

«Профессор Сатыбалды Жақыпов 500-ден астам ғылыми еңбектің, 40 оқулық, оқу құралдарының және үш монографияның авторы. Оның еңбектері  жетекші ресейлік журналдарда белсенді жарияланды. Білім беру психологиясы саласында жаңа  тұжырымдамалық модель – көпдеңгейлі жүйе ретінде оқу процесінің психологиялық құрылымын жасады. Білім беру психологиясы мен жалпы психологиядан басқа, этнопсихологияның дамуына және Қазақстандағы әлеуметтік психологияның қалыптасуына үлес қосты. Сатыбалды Мұқатайұлы отандық психологияның дамуына елеулі үлес қосықан өнегелі ғалым», – деді Е.Дүйсенов.

Жиында сондай-ақ ҚазҰУ-дың ардагер ғалымы, профессор Жолмұхан Түркпенов, Өзбекстан Республикасы Жастар агенттігінің Басқару дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамыту кафедрасының профессоры Батыр Қадыров, профессор С.Жақыповтың жұбайы, ғылым кандидаты Надежда Жақыпова, аға оқытушы Мақсат Жақыпов, Қазақ психологиялық қоғамының президенті, профессор Мұхан Перленбетов сынды ғалымдар құттықтау сөз сөйледі.

Профессор С.Жақыпов Қазақстанда психология бойынша өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, 58 ғылым кандидатын, 7 ғылым докторы мен 5 PhD докторын дайындады.

2002 жылы ҚазҰУ-дың Этникалық және педагогикалық психология кафедрасының бастамасымен Қазақстан тарихында алғаш рет психология бойынша докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандандырылған диссертациялық кеңес құрылды. Бұл диссертациялық кеңестің бірінші төрағасы болып профессор С.Жақыпов тағайындалды, ол екі шақырылым қатарынан оның жұмысын басқарды. Диссертациялық кеңес жұмысының осы кезеңінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген үміткерлер үш докторлық диссертация және 40-қа жуық кандидаттық диссертация қорғады.

Психологиялық ғылымдар бойынша мамандықтар номенклатурасына төрағаның өтініші бойынша жаңа этнопсихология мамандығы енгізілді. Бұл дерек Қазақстан аумағында және әлемде алғаш рет эксперименттік этнопсихологияның пайда болуының маңызды факторларының бірі болды. Сатыбалды Жақыпов Қазақ психологтар қауымдастығының негізін қалаушы және президенті болды.

Конференция барысында Қазақстан, Германия, Нидерланды, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және басқа елдердің ғалымдары онлайн байланыс арқылы сөз сөйлеп, тақырыпқа орай өз пікірлерін білдірді.

Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы төрт тақырыптық секция бойынша жалғасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі