
Филология факультетінің номері 17 жатақханасында «ТДМ-4» «Экологиялық білім» аясында 2025 жылдың 17 сәуірінде Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры С.Ержанованың ұйымдастыруымен «Экологиялық мәдениет» атты дәріс өтты. Дәрісті География факультетінің оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты, доцент Әлім Мылқайдаров жүргізді. Дәріске филолог студенттермен бірге географ студенттер қатысты. Дәрісті география ғылымдарының кандидаты, доцент Әлім Мылқайдаров XI ғасырдың өзекті мәселелерінің бірі – қоршаған ортаны қорғау және адамзаттың табиғатпен үйлесімді өмір сүруін қамтамасыз ету мәселесімен бастады. Әсіресе, ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерімен қатар, антропогендік әсердің күшеюі табиғи ортада қайтымсыз өзгерістерге алып келіп жатқанын нақты тұрмыстағы мысалдармен слайд арқылы талдап, түсіндірді. Ең бірінші оның орны толмас салдарына тоқталып арты неге соқтыратынына мән берді. Сол үшін де әрқайсысымыз экологиялық мәдениетті дамытуды өзіміздің өмір сүруіміздің басты мақсатымызға айналдыру керектігіне басымдық танытты. Дәріскер, ғалым экологиялық мәдениетті адамның табиғатпен өзара байланысындағы дүниетанымдық, адамгершілік және тәжірибелік ұстанымдары негізінде қарастырды. Ол тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның даму деңгейін көрсететін өлшем болып табылатынын аса мән берді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда білім беру жүйесінің орны ерекше екені белгілі. Университет – тек кәсіби маман даярлайтын орта ғана емес, сонымен қатар азаматтық, экологиялық және мәдени құндылықтарды бойға сіңіретін рухани орталық.
Демек, жасыл кампус концепцияларын жүзеге асыру (энергия үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, көгалдандыру) сияқты міндеттемелер өзекті мәселеге айнала бермек. Дәрісте Қазақстанда экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен қоғамдық бастамаларға тоқталып оның жүзеге асырылу көрсеткіштерін маңызды фактор ретінде талдады. Дегенмен, елімізде экологиялық мәдениет деңгейі әлі де төмен екендігі туралы студенттердің жарыса айтқан мысалдарынан байқадық. Студенттердің жарыссөзіне айналған дәріс тақырыбы көкейдегі көп ойды қозғады. Шындығында қоғамның едәуір бөлігі табиғатты тұтыну нысаны ретінде қарастыратыны рас. Экологиялық құқық бұзушылықтар, тұрмыстық қалдықтарды бей-берекет тастау, ресурстарды ысырап ету сияқты мәселелер жиі кездесетінін де жасыра алмаймыз. Сондықтан экологиялық мәдениет – бұл тек экологиялық білім ғана емес, бұл – болашақ ұрпаққа деген жауапкершілік екенін түсінетін кез келді. Жоғары оқу орындары бұл бағытта шешуші рөл атқарады.Университетіміздің жол картасында да бұл мәселеге де мән берілген.