Ашаршылық пен саяси-қуғын сүргін құрбандары мәңгі жадымызда!Farabi University

Ашаршылық пен саяси-қуғын сүргін құрбандары мәңгі жадымызда!

1 маусым, 2025

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай халыққа үндеу жасады. Ол XX ғасырдың 20–50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың қазақ халқы үшін ауыр қайғы екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстанға сол жылдары 5 миллионнан астам адам жер аударылып, 100 мыңға жуық қазақстандық қуғын-сүргінге ұшырап, 20 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Алаш қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері де сол зұлматтың құрбаны болды.

Тоқаев ашаршылықтың салдары 3 миллионға жуық адамның өмірін қиғанын, бұл қазақ халқының генофондына орасан зор зиян келтіргенін айтты. Сонымен қатар, ол тоталитарлық жүйенің зардабын тартқан халықтарға қазақ жерінің пана болғанын, бұл – халқымыздың кеңпейілдігі мен төзімділігінің көрінісі екенін атап өтті.

Президент тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылғанын мәлімдеді. Ол өткеннің ауыр сабақтарын ескеріп, мұндай қасіреттің қайталанбауына күш салу қажеттігін баса айтты.

Бұл үндеу – халқымыздың тарихын ұмытпай, әділет пен бірлікке негізделген болашақ құруға деген ұмтылысының көрінісі.

Мырзахмет М.Ж.

Шетел тілдері кафедрасы