GUNT компаниясының өкілдерімен онлайн кездесу: инженерлік білімді дамыту және тұрақты дамуға үлес қосу. ТДМ 4 және ТДМ 9Farabi University

GUNT компаниясының өкілдерімен онлайн кездесу: инженерлік білімді дамыту және тұрақты дамуға үлес қосу. ТДМ 4 және ТДМ 9

17 маусым, 2025

Zoom платформасында G.U.N.T. Gerätebau GmbH (Германия) компаниясының өкілдерімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультеті, механика-математика факультеті, сондай-ақ химия және химиялық технология факультетінің басшылығы мен оқытушылары арасында онлайн-кездесу өтті.

GUNT — инженерлік білімге арналған оқу-зертханалық жабдықтарды әзірлеу және жеткізу саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания жылуфизика, гидравлика, автоматика, механика, термодинамика және басқа да инженерлік пәндерге арналған кең ауқымды оқу қондырғыларын ұсынады.

Кездесу барысында тараптар төмендегі мәселелерді талқылады:

  • университет кафедраларының оқу-зертханалық жабдықтарды жаңарту және модернизациялау қажеттілігі;

  • GUNT қондырғыларын жылуфизика, механика, химиялық технология және автоматтандыру бағыттары бойынша жеткізу мүмкіндіктері;

  • зертханаларды жаңарту, оқытушылардың біліктілігін арттыру және оқу бағдарламаларына жабдықты енгізу бойынша ықтимал әріптестік формалары;

  • халықаралық білім беру және ғылыми жобаларға, соның ішінде студенттік бастамаларға қатысу мүмкіндігі.

Техникалық құжаттаманы бейімдеу, жаңа қондырғылармен жұмыс істеу бойынша оқытушыларды оқыту, сондай-ақ заманауи инженерлік тәсілдерді меңгерген мамандарды даярлау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

GUNT компаниясының өкілдері жабдықтың мүмкіндіктері мен қолдану салалары туралы таныстырылым жасап, бейнематериалдар көрсетіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Аталған әріптестіктің БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруға қосар үлесі де ерекше атап өтілді:

  • ТДМ 4 – Сапалы білім: материалдық-техникалық базаны жаңарту және инновациялық оқу жабдықтарын оқу процесіне енгізу арқылы;

  • ТДМ 9 – Индустрияландыру, инновация және инфрақұрылым: инженерлік шешімдерді ілгерілету және студенттердің ғылыми-техникалық дайындығын қолдау арқылы.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық танытып, жабдықтың пилоттық жеткізілімін және кафедралармен өзара әрекеттесудің басым бағыттарын нақтылау бойынша бірлескен қадамдарды пысықтауға уағдаласты.