TotalEnergies (TESS) тұрақты даму бойынша 7-ші жазғы мектебінің ашылуы: сапалы білім мен тұрақты дамуға қосқан үлес (ТДМ 4 және ТДМ 13)Farabi University

TotalEnergies (TESS) тұрақты даму бойынша 7-ші жазғы мектебінің ашылуы: сапалы білім мен тұрақты дамуға қосқан үлес (ТДМ 4 және ТДМ 13)

16 маусым, 2025

2025 жылғы 16 маусымда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында халықаралық TotalEnergies энергетикалық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылатын TotalEnergies тұрақты даму мектебінің (TESS) 7-ші жазғы мектебінің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараға ҚазҰУ-дың физика-техникалық, механика-математика, химия факультеттерінен, сондай-ақ ҚазҰТЗУ (КазНИТУ), АЭжБУ (АУЭС) және ЮНЕСКО клубынан 100-ден астам студент пен жас зерттеуші қатысты.

Жазғы мектептің мақсаты – тұрақты даму саласында болашақ көшбасшылардың құзыреттілігін дамыту, энергетика, экология және қоғамның трансформациясы саласындағы өзекті мәселелерді шешуге қажетті жаһандық ойлау мен дағдыларды қалыптастыру. Осы орайда жазғы мектеп бағдарламасы БҰҰ-ның келесі Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) тікелей үлес қосады:

  • ТДМ 4: Сапалы білім – студенттерді заманауи пәнаралық курстар мен халықаралық оқыту форматтарына тарту арқылы;

  • ТДМ 13: Климаттың өзгеруімен күрес – климаттық тәуекелдер мен энергетикалық көшу жолдарын терең зерттеу арқылы.

Мектеп бағдарламасы бес тақырыптық бағыттан тұрады:

  • «Энергетика секторындағы цифрлық трансформация және деректер ғылымы», профессор Мариана Кобаяши;

  • «Мәдениетаралық менеджмент және халықаралық келіссөздер», профессор Доминик Геде;

  • «Климаттың өзгеруі және энергетикалық көшу» (соның ішінде төмен көміртекті даму жоспарын жасауға арналған хакатон), профессор Кристиан Герритт;

  • «Ірі компаниялардың даму стратегиясы: мемлекеттермен өзара қатынас – экономика – тұрақты даму – КӘЖ», профессор Жан-Пьер Кордье;

  • «Мұнай-газ және химия өнеркәсібіндегі негізгі тәуекелдерді басқару», профессор Патрик Саймонс.

Лекциялар мен тренингтер 2025 жылғы 16–19 маусым аралығында әл-Фараби кітапханасы мен физика-техникалық факультет ғимараттарында өтуде. Қатысушылар нақты жағдайларды талқылауға, шешімдер модельдеуге және жобалық жұмысқа белсенді қатысып, практикалық бағыттағы оқыту форматына тартылды.