Климат және модельдеу зертханасы тың әдістерді әзірлеуде

Бүгінде климаттың өзгеруі келелі жаһандық проблемаға айналды. Бұл мәселе әлем ғалымдарын ғана емес, Жер ғаламшары тұрғындарын толғандыратын ірі түйінге айналды. Сондықтан мемлекет басшыларынан бастап, ірі бизнес өкілдері, кәрі-жас демей, бүкіл әлем жұртшылығы климаттың өзгеруін тежеуге мүдделіміз. Әрқайсымыз климаттың өзгеруіне, қоршаған орта мен экологияға зияны мен залалын тигізетін кез келген теріс ықпалды әрекетті қолдамаймыз, сөйтіп, жаһандық мәселеде өз үнімізді білдіреміз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жұмыс істеп тұрған Климат және модельдеу зертханасы да соның бір көрінісі. Университет қабырғасынан бұл зертхананы ашудағы негізгі мақсат – Қазақстан аумағындағы аймақтық климат өзгерістерінің көрінісін зерттеу.
КЛИМАТ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?
Ғалымдардың айтуынша, климаттың өзгеруі – құрғақшылыққа, дауылға, су тасқынына, су тапшылығына, жаппай өрттерге, теңіз деңгейінің көтерілуіне, мұздықтардың еруіне және биологиялық әртүрліліктің жоғалуына әкелетін температура мен ауа райының ұзақ мерзімді өзгеруі. Бұл өзгерістер табиғи жағдайлармен де (күн белсенділігінің ауытқуы), адам әрекетімен де байланысты. Көмір, мұнай және газ сияқты қазбалы отындарды жағу парниктік газдар шығарындысын туындатады. Бұл өз кезегінде күнге зиян және оның температурасын арттырады. Осы өзгерістер Күн белсенділігінің өзгеруінен немесе ірі жанартау атқылауынан және антропогендік әсерден туындауы мүмкін. Зерттеу жұмыстары 120 000 жылдық климаттық өзгерістердің циклдік сипатын көрсетті және антропогендік әсердің үлесі 0,17 пайызды құрайды.
ПАРНИКТІК ГАЗДАР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Парниктік газдар – бұл көрінетін диапазонда мөлдірлігі басым және орташа, алыс инфрақызыл диапазондарда сіңіру қабілеті жоғары газдар. Ғаламшарлардың атмосферасында мұндай газдардың болуы парниктік әсерге, яғни Жерде температураның жоғарылауына әкеледі. Жердің негізгі парниктік газдары көмірқышқыл газы (СО2), метан (CH4), озон (O3) және т.б. Парниктік газдардың негізгі көзі энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және қалдықтарды өңдеу әрекеті саналады. 2000 жылдан бастап жаһандық көмірқышқыл газының (СО2) шығарындылары шамамен 50 пайызға өсті.
КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ БІЗГЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Климаттың өзгеруі адамдардың денсаулығына, азық-түлік қауіпсіздігі мен аштыққа және жалпы қауіпсіздікке әсер етеді. Климаттың өзгеруіне байланысты кейбір адамдар қоныс аударуға мәжбүр. Климаттың өзгеруінің салдары ауаның ластануы, ауру, экстремалды ауа райы жағдайлары, мәжбүрлі қоныс аудару, азық-түлік қауіпсіздігі және психикалық стресс арқылы адам денсаулығына зиян келтіреді.
КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕМІЗ?
– Шығарындыны азайту немесе климаттың өзгеруінің адам өміріне не мүлкіне қауіптілігін жою немесе азайту үшін кез келген шараларды қолға алу;
– климаттың өзгеруінің зардабына бейімделу шараларын әзірлеу оны қаржыландырып іске асыру.
КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ БЕЙІМДЕЛУ
Бұл тұрғындардың үйін, кәсіпорын, өмір сүру құралдарын, инфрақұрылымды және табиғи экожүйені қорғайтын шаралар. Қиыншылық тудырмау үшін мұндай шараларды алдын ала жоспарлау маңызды. Мұндай шараларды әзірлеу кезінде климаттық қауіптерге қарсы тұру үшін халықтың осал топтарына ерекше назар аудару қажет. Алғашқы бағыттардың бірі адам өмірі мен мүлкін сақтауға көмек беретін табиғи апаттар туралы алдын ала хабарлаудың сапалы жүйесін құру керек. Сондай-ақ дақылдардың жаңа сұрпын пайдалану шығымдылықтың төмендеуіне ықпал етеді.
ЗЕРТХАНА ӨЗГЕШЕ ТӘСІЛДІ ДАМЫТУҒА НИЕТТІ
Зертхана жетекшісі, география ғылымының докторы, профессор Владимир Чередниченконың айтуынша, мұнда CMIP5 моделі негізгі модельдеу құралы ретінде пайдаланылады. Оның негізгі болжамы RCP 4,5 (егер уақыт болса, RCP 8,5 сценарийі қосылады). Параллель тақырыпта жұмыс істейтін әріптестер үшін температура мен жауын-шашынның 2050 жылға дейінгі маусымдық өзгерістерінің проекциясы бар. Сондай-ақ 10 жылдық дискреттілігі бар ыңғайлы карталар ұсынылады.
Зертхана Метеорология және гидрология кафедрасының негізінде құрылған. Кафедра метеорологтардың жоғары білікті мамандарын даярлаудың республикадағы ең ірі оқу базасы болып табылады. Кафедраның бірегейлігі – іргелі ғылыми мектепті сақтап қалуында. Олар Ресей мемлекеттік гидрометеорологиялық университеті, Мәскеу мемлекеттік университеті сияқты Ресей университеттерімен тұрақты байланыста.
Зертхана ғалымдары климаттық жүйелерді модельдеу сияқты күрделі мәселені шешудің жаңа әдістерін әзірлеумен айналысады. Бұл мәселе қазіргі уақытта, мысалы, атмосфера мен мұхиттың жалпы айналымының модельдері сияқты күрделі теңдеулер жүйесін цифрлық талдау арқылы шешеді. «Бұл тәсіл, ең алдымен, қолданыстағы барлық факторды есепке ала алмайды, соның салдарынан айтарлықтай қиындықтарға алып келеді», – дейді В.Чередниченко. Ғалымның айтуынша, зертхана ғалымдары түбегейлі өзгеше тәсілді дамытуға ниетті: болжам климаттық жүйенің белгілі бір параметрлерінің кеңістіктік-уақыттық тәуелділіктерін тікелей талдаудан алынған эмпирикалық модельдер негізінде жүзеге асырылады.
Алға қойған міндеттерді шешу дауыл, құрғақшылық, қатты жауын-шашын, орман өрттері және т.б. экстремалды құбылыстарды болжауға әрі табиғи және антропогендік табиғат факторларының жаһандық жылынуға әсер ету дәрежесін бағалап салыстыруға мүмкіндік береді.
Жұмыс нәтижелері мен олардың жаңалығы елімізде жақсартылған Климаттық болжамдар мен климаттық қызметтер сервисінің жедел дамуына ықпал етеді. Қазір зертхана ғалымдары осы бағытта жұмыс істеуде.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар


