Химия зерттеуші мамандығы түлектері – ғылым жолына нық қадамFarabi University

Химия зерттеуші мамандығы түлектері – ғылым жолына нық қадам

10 шілде, 2025

2025 жылғы 8 шілде күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінде «Жолың болсын, жас маман!» атты дәстүрлі диплом тапсыру салтанаты өтті. Бұл айтулы күн – түлектер үшін жаңа өмір белесінің бастауы болса, университет тарихының жарқын парақтарының бірі ретінде есте қалды.

Химия және химиялық технология факультеті ҚазҰУ-дың жетекші факультеттерінің бірі ретінде академиялық көрсеткіштер мен ғылыми жетістіктер бойынша ұзақ жылдар бойы көш басында келеді. Профессорлық-оқытушылық құрамның жоғары кәсіби деңгейі, ғылыми зерттеу жұмыстарының сапасы және халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюі факультет беделін арттыра түсуде.

Салтанатты шараны Академиялық мәселелер жөніндегі проректор, Басқарма мүшесі А.К. Галеева ашып, түлектерді шын жүректен құттықтап, университеттің соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталды. Ол ҚазҰУ-дың халықаралық рейтингтердегі орны, цифрландыру үдерісі, академиялық бағдарламалардың жаңартылуы және серіктестік жобалар жайлы кеңінен айтып өтті.

Салтанатты жиында «Химия – зерттеуші» білім беру бағдарламасы бойынша 4-курс бакалаврларына диплом табысталды. Бұл сәт – түлектер үшін де, ұстаздар үшін де толқынысты әрі қуанышты сәт болды.

Бакалаврлар оқу барысында химия ғылымының іргелі негіздерін терең меңгеріп қана қоймай, ғылыми жобаларға белсене қатысып, зертханалық тәжірибелер мен конференцияларда жоғары нәтижелер көрсетті. Олар тек білімге құштарлықпен ғана емес, ғылымға деген адалдық пен табандылықпен ерекшеленді.

Көптеген түлектер халықаралық деңгейдегі ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап, ал кейбірі магистратураға түсуге дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бұл олардың ғылым жолындағы табандылығы мен кәсіби дамуға деген ұмтылысының дәлелі.

4-курс студенттерімен бірге бірнеше жыл жұмыс істеу – ұстаздар үшін үлкен мәртебе болды. Бұл түлектер – еліміздің ғылыми әлеуетін нығайтатын, заманауи ойлай алатын білікті жас мамандар. Оларға алдағы уақытта зор табыс, кәсіби шабыт пен жаңа белестер тілейміз.

Салтанатты шара концерттік бағдарлама мен естелік фотосессиямен жалғасып, түлектердің жадында мәңгілік сақталатын әсерлі сәтке айналды. Университет қабырғасынан түлеп ұшқан әрбір жас – ҚазҰУ-дың абыройын асқақтататын ел ертеңі.

Б.Д. Балғышева,
Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының доценті,
химия ғылымдарының докторы, эдвайзер