ҚазҰУ-да мемлекеттік грантқа өтініш қабылдау табысты аяқталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім беру грантына өтініш қабылдау науқаны табысты өтті.
Университетке жалпы 6500-ден астам талапкер жүгінді. Олардың қатарында мектеп пен колледж түлектері, шетелден келген қандастар, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттардан шыққан жастар бар.
Маңызды кезең жоғары деңгейде ұйымдастырылып, цифрландырылған көпбағытты жүйе арқылы жүзеге асты. Атап айтқанда 2997 өтініш офлайн және виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы рәсімделсе, 586 өтініш eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы түсті.
Қабылдау комиссиясы мәліметіне сәйкес, жылдағыдай жүздеген үздік талапкер ҚазҰУ-ды таңдап, науқан сапалы контингентпен ерекшеленген. Оның ішінде 361 «Алтын белгі» иегері; 468 үздік аттестат немесе диплом иегері (мектеп және колледж) болса, 1965 талапкер – әлеуметтік квота санаттары бойынша; 267 қандас – шетелден тарихи Отанына келген этникалық қазақтар және 16 талапкер – патриоттық белсенділік және пәндік олимпиададағы жетістіктері үшін жеңілдікпен қабылданған. Бұл деректер ҚазҰУ-да озық талапкерлермен қатар, әртүрлі әлеуметтік топтардан шыққан жастарға да білім алуға жан-жақты мүмкіндік жасалғанын көрсетеді.
Ұлттық тестілеу орталығы деректері бойынша, білім грантына өтініш берген кезде республика бойынша талапкерлер ҚазҰУ-ды жиі таңдаған. 4751 талапкер бірінші таңдауда; 5024 – екінші таңдауда; 5522 – үшінші таңдауда; 6200 – резервтік, яғни соңғы нұсқа ретінде көрсеткен. Бұл көрсеткіштер университеттің жоғары беделі мен білім бағдарламаларының сұранысқа ие екенінің айқын дәлелі.
Еске салайық, құжат қабылдау «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында ұйымдастырылды. Мұнда электронды кезек, толық ақпараттық кеңес, факультеттік бұрыштар және онлайн байланыс мүмкіндіктері үздіксіз жұмыс істеді.
Науқан кезінде университетке ҚР ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев келіп, ұйымдастыру сапасын жоғары бағалады. Ол цифрлық шешімдер мен ашықтық деңгейіне назар аударып, университет тәжірибесін үлгі ретінде атап өтті.
Сондай-ақ қабылдау кезінде ҚазҰУ базасында отандық және шетелдік ЖОО өкілдері ақпараттық кеңес өткізді. ҚазҰУ жанындағы Ұлттық ядролық зерттеу университеті (НИЯУ МИФИ, РФ) және Солтүстік-батыс политехникалық университеті (СЗПУ, ҚХР) филиалдарымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті қабылдау жүргізді. Аталмыш тәжірибе талапкерлерге серіктес бағдарламалармен тікелей танысуға мүмкіндік беріп, елдің академиялық интеграциясын нығайта түсті.
Қабылдау науқаны талапкерлер сапасы, әлеуметтік қамту, цифрлық шешімдер және серіктестік бағытында жоғары нәтижелер көрсетті. ҚазҰУ еліміздің жетекші жоғары оқу орны ретіндегі беделін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі