Алматыны сағынып келген ақынFarabi University

Алматыны сағынып келген ақын

22 шілде, 2025

Қазақтың белгілі ақыны, әдебиеттанушы-ғалым Серікбай Оспанұлы туралы сөз қозғағанда оның кіндік кесіп, кір жуған туған жері – Торғайды тілге тиек етпеу мүмкін емес. Шәйірдің «Торғай – Ырғыз ортасында тұратын, Балдай атты кішігірім бір ауыл» деген шумағы Сарыарқадағы жағырафиялық нүктелерді ғана қамтымай, қайта ілкілі-кейінді тарихыңа үңіл, өткен-кеткеніңе көз таста деп тұрғандай. Бұл елді мекен атаулары және сол өңірдегі байырғы күздеулер мен қыстауларда кіндігі кесілген Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет және Батырбек Бірімжановтар, Асқар Закарин сынды ұлт ұстаздарының, сондай-ақ Әбіқай Нұртазаұлы, Әлмағамбет Оспанұлы, Қайнекей Жармағамбетовтей ағартушы ақындардың есімдері ел үшін етене, ал зиялы қауым, соның ішінде қазақ ғылымының қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымына ежелден таныс. 

 

Университет ұстаздары мен шәкірттері белгілі ақын, әдебиет зерттеушісі Серікбай Оспанұлын жақсы біледі. Тіпті қазақ қаламгерлерінің ішінде студенттерімізге ең танымал тұлғалардың бірі десек, ақи­қат­тан алыстамаймыз. Мұның себебі – Секеңнің универ­си­те­тіміздің журналистика фа­куль­те­тін 1968 жылы та­мам­­да­ға­нын­да, шығар­ма­ларының бас­­пасөз беттерінде жиі кө­рініп, кітаптарының көптеп шы­ғып жатқанында ғана емес, сон­дай-ақ оның шығарма­шы­лығының жастарымыздың ру­ха­ни өмірінің ажырамас бө­лігіне айналғанында. Бұл жа­­лаң мақтау, асыра әсірелеу емес. Басқа факультеттерді айт­пағанда, ұстаз ретінде өзі­міздің журфак жатақхана­сын­да ұйымдастырылып жататын жиын-мерекелерге бара қал­ған­да өнерпаз жас­тары­мыз­дың Секеңнің «Сағындым Ал­матымды» әнін шырқағанының талай рет куәсі болдық. Ал жыл сайын мамырдың соңы – мау­сым­ның басында болатын, жан-жақтан әсем Алматыны са­ғынып келетін университет түлектерінің басқосулары бұл әуенсіз өтпейді.

Ақын ретінде Ақкөлді, Ши­лі­өзен мен Балдайды жырға қосып, ғалым-зерттеуші ре­тін­де Ыбырай мен Ахмет сынды ұлы ағартушылардың өмір жо­лы мен шығарма­шы­лығын шұқ­шия зерттеген Се­рікбай Ос­пан­ұлының зият­кер­лік қа­ры­мын сөз етпес бұрын, оның өзі түлеп ұшып, өмірге жолдама алған қара шаңы­ра­ғымыздың бүгінгі студент­те­ріне қалам қайраткерінің шә­кірт­тік шағы жөнінде аз-кем мағ­лұмат бере кеткенді жөн көр­дім. Секең Екінші дүние­жү­зілік соғыс аяқталған жылы Қостанай облысындағы Жан­кел­дин ауданының «Шилі» кең­шарында, Балдай қоныс ор­нында өмірге келген. Қамысты ау­данындағы Бестау орта мек­тебін бітірген соң, С.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны 1968 жылы аяқтайды.

Серікбай Оспанұлын оқуға қа­былдау туралы бұйрыққа қол қойған да, оған диплом тап­сыр­ған да ҚазМУ-дың ректоры, математик-ғалым Асқар Зака­рин болатын. Жазушы Сәбит М­ұ­қановтың «Мөлдір махаб­бат» романында сөз етілетін Міржақып Дулатұлының асыл Отаны Қызбелде өмірге келген Асқар Закарин КСРО құра­мын­дағы Қазақстан Үкіметі төраға­сы­ның орынбасары, респуб­ли­каның сыртқы істер министрі болып істеген. Сол кездегі ең үздік оқу орны – Мәскеу мем­лекеттік университетін бітіріп, жо­ғары геометрия бойынша диссертация қорғаған алғаш­қы қазақ ғалымы А.Закарин 1941-46 жылдары неміс бас­қын­шыларына қарсы шай­қа­сады. Сөз өнеріне бейім За­карин майдандық газетте жур­­налист те болады. Ке­ңес­тер Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туралы алғашқы очерктің авторы да осы Асқар Закарин. Болашақ журналис­тер­дің мұны білгендері жөн.

Жангелдин аудандық «Со­циа­листік ауыл» газетіне «Туған жер» деген тырнақалды өлеңі 1961 жылы 16 жасында жарық көрген Секең Алматыға оқуға келгенде қаламы төселген лирик ақын болатын. Уни­вер­ситет қабырғасында жүріп, жур­налистік жанрларды игер­ген ол сатираға да ден қоя бас­тайды. Мәселен, 1966 жылы оның «Бір дүкенде» атты сы­қа­ғы «Екпінді еңбек», «Кей­бі­реу» атты түйремесі «Со­циа­­листік Қа­зақстан» га­­зет­­­терінде, «Осы­­лай баий бастадым» атты сатирасы республикалық «Ара» сын-сықақ журналында жарық көреді. Осылайша ол өзінің ұстазы, филология ғылымының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің дуалы аузына ілі­геді. Студент шығарма­шы­лы­ғының зерттеушілер назарына ілігуі әдебиет пен журналис­ти­када сирек кездесетін құ­бы­лыс. Сөйтіп, сатирик Серікбай Оспанұлының есімі Темкеңнің «Қазақ сатирасы», «Қазақ со­вет сатириктері» атты мо­но­гра­фияларында Бейім­бет Май­лин, Сейділдә Төлешев, Ос­пан­хан Әубәкіровтермен қа­тар аталады. Осы жол­дар­дың авторы студент кезінде бұл деректі профессор Темір­бек Қожакеевтің дәрістерінде оның өз аузынан естіген-тін.

Университетте Секең сон­дай-ақ ұлттық журналистика ғылымының негізін қалаған профессорлар Тауман Аман­до­совтың, Қайыржан Бекхожин мен Әбілпайыз Ыдырысовтың тәлім-тәрбиесін көрді. Жур­на­листика факультетінің сту­дент­теріне бұл есімдер жақсы та­ныс болуы керек.

Серікбай Оспанұлы өмірге келген Шилі мекені ақындар ауылы болатын. Мәселен, Тор­ғай ақындық мектебінің белді өкілі, Әбіқай Нұртазаұлы 1921 жылғы ашаршылық жайлы «Тас мешін» дастанын жазған. Абай өлеңдерімен танысқаннан ке­йін жыр жазуды доғарған ақын өзінің «Абайды оқығанда» атты өлеңінде «Өзімді жерде, Абай­ды көкте көрем//Талас жоқ шын ақынға өрен дарын//Өлең­ге енді қайтіп өкпелемен» деп толғанады. Әбіқай ақын­ның поэзия теориясына қа­тыс­ты «Өлең туралы» деген еңбегі бар. Бұл оның жан-жақты білім иесі, ғалым, ойшыл екенін көр­сетсе керек. Әбіқай ақынның бел баласы Ахметқан да ақын, шежіреші, термеші болған. Секең әкелі-балалы ақынның бұдан он жыл бұрын «Қазақ уни­верситеті» баспасынан жа­рық көрген «Дүлдүл» атты кіта­бында: «Ахметқан Әбіқайұлы 1978 жылы Алматыға келіп, екеу­міз академик Смет Ке­ңес­баевтың үйінде болдық. Ахаң жиналған ғалымдарды шешен­дігі, әншілігі, тапқырлығы, күй­ші­лігі, шежірешілігі, жыр­шы­лы­ғы­мен де тәнті етті», – деп жаз­ғ­ан еді.

Шилілік ағартушы-ақын, мол­­да Әлмағамбет Оспан­ұлы­ның өлеңдерін Секең бала кү­нінен құлағына құйып өсті. Әл­мағамбет молда М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институты шығарған ХХ ға­сыр­дағы қазақ әдебиеті тарихына енген тұлға. Әлмағамбет 13 жа­сында Торғай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин ашқан төрт клас­тық орыс қолөнер мектебіне түсіп, ағаш ұстасы деген ма­ман­дық алып шығады. Содан кейін 17 жасында осы Тор­ғай қаласындағы алты жыл­­дық орыс мектебінің 4-кла­сына қа­былданып, оны 1905 жылы бі­тіреді. Қаражат жинап, 1911 жы­лы Троицк қаласындағы Зей­­нолла ишан салдырған «Расулия» медресесіне тү­се­ді. Оқи жүріп «Айқап» жур­на­лына, «Қазақ» газетіне өлең­дерін бас­тырып, мақала жа­­зып тұ­ра­ды. 1917 жылы ту­ған жері Ши­ліде «Бос­тан­дық» мектебін ашып, бұл жө­нінде «Қазақ» га­зе­тінің 1917 жылғы 11 мау­сым­да­ғы №233 са­нын­да «Бос­тан­дық» мектебі» атты мақала шы­ғарады. Бұл фак­тілерге бо­лашақ жур­на­листер құлақ тү­реді деген сенім­де­міз.

Л.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университетінде 2017 жылы аталып өткен мек­тептің ғасырлық мерейтойына Се­кең қатысып, сөз сөйледі.

Әлмағамбет Оспанұлының Жармағамбет деген інісі де ақын, мысалшы болған. Аға­йын­ды ақындардың «Өсиет» атты кітабы 2011 жылы Қос­та­найда жарық көрді. Осы кі­таптағы мақаласында Секең бы­лай деп жазады: «Селдір са­қалды, аққұба өңді, үнемі үс­тіне ақ шапан киіп жүретін осы бір инабатты, мейірімді кісіні та­нитындардың бәрі қатты сый­лайтын. Кездескен жерде ілтипат көрсетіп, інілері інілік, ағалары ағалық ізет жасайтын. Киімі қандай таза, ақ болса, көңілі де сондай кіршіксіз, ашу шақырып, дауыс көтеріп сөй­ле­мейтін сабырлы адам бо­латын».

Міне, осындай текті ортада туып-өскен Серікбай Ос­пан­ұлы­ның Алматыдағы әдеби ор­таға араласуы да көңіл ау­да­рарлық. Оқуға келген талапкер Секең анау-мынау емес, май­дангер ақын, «Жұлдыз» жур­на­лы­ның бас редакторы Сырбай Мәуленовтің үйінде жатады. Секең өзінің «Алтынсариннің айналасындағы адамдар» де­ген кітабында Сырбай ағасы «Нұрекең туралы поэма жаз» деп ақыл-кеңес бергені жайлы айтып өтеді. Мұнда автордың Нұреке деп отырғаны – «Жа­сауыл қырғыны», «Ұры қарға» дастандарының авторы, халық ақыны Нұрхан Ахметбеков. «Арада біраз уақыт өткен соң, мен «Нұрхан ақын» деген поэ­ма жазып, Сырағаңа оқып бердім... Кенесарының батыры болған Шәкір батыр жайлы «Өт­кен күн ескерткіші», Шақ­шақ Жәнібек туралы «Жәнібек Тар­хан» поэмаларымның же­лісін айтып, ақыл-кеңес беріп жаз­дырған Сырағаң еді», – дейді Секең.

ХVІІ ғасырдағы біртуар та­ри­хи қайраткер, жоңғар шап­қын­шылығына қарсы ұлт-азат­тық күрестің белді қа­­һар­мандарының бірі Шақшақ Жәнібек жайлы 2023 жылы «Дарын» баспасында жарық көр­ген «Шақшақ Жәнібек Тар­хан» атты кітапта Секеңнің жоғарыдағы поэмасы «Шақшақ Жәнібек» деген атпен берілді. Елу беттік көлемді дастанда ұлттық сана-сезімге және отар­шылдар қалыптастырған сте­реотиптерге қатысты сал­мақты ойлар айтылады. Мә­се­лен, ақын қалмақ халқымен тарихи қарым-қатынастарға өз көзқарасын былайша түйін­дей­ді:

«Ел қамын ойлау енді

сорым ба құр,

Кім бүгін Күн тұтылтып

жолында тұр?!

Кім бізді қалмақтармен

жауықтырған,

Білмейміз – әлемде не

болып жатыр?

Қалмақты жолықтырсақ

күнде өрістен,

Достасып ел емес пе ек

күн көріскен,

Үзіліп туысқандық

кетпесін деп,

Қыз алып,

Екі ел талай қыз беріскен», – деп жазады.

Ақын қазақ және қалмақ халықтарының ымыраға келу қажеттілігін баса айтады. Та­ри­хи тұрғыдан алғанда қазақтар мен қалмақтар бауырлас, қан­дас халықтар. Поэманың идея­сы – қазіргі заманда екі халық бір-бірінің мәдениетін, дәс­тү­рін, өнері мен тілін, әдебиетін дәріптеу арқылы өзара түсі­ніс­тікті арттырулары қажет.

Журналистика факуль­те­ті­нің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер ка­фе­дра­сы 2017 жылғы сәуірде қа­зақ қыздары арасынан шық­қан тұңғыш журналист Нәзипа Құл­­жанованың 130 жылдығына арнап ғылыми-әдістемелік кон­­ференция өткізді. Жиынды ұйымдастыру барысында Се­кеңнің «Алтынсариннің айна­ла­сын­дағы адамдар» атты кіта­бын­дағы «Тұңғыш тілші-ақын қыз» атты мақала пайдала­ныл­ды. Бұл мақалада былай де­лін­ген: «Екінің бірі Нәзипадан да бұрын әйел теңдігі, қыздарды оқыту мәселелері жөнінде ой толғаған қазақ қызының бол­ға­нын біле бермейді. Ол – Са­қыпжамал Тілеубайқызы. Оның публицистикалық мақалалары мен өлеңдерін 1911-15 жылдар аралығында Троицк қаласында шығып тұрған «Айқап» жур­на­лының беттерінен ұшы­рас­тыруға болады... С.Тілеубай­қы­зы­ның қашан, қай жерде ту­­ғаны, тұрғаны, қайтыс бол­ғаны әзірге белгісіз». Зерт­теушісін тосып тұрған бұл де­рекке болашақ жур­налис­тердің, әдебиетшілер мен та­рих­шылардың назарын аудар­ғы­мыз келеді.

...Арқалы ақын жүрегі алып-ұшып асқаралы Алатауды, ал­ма бағы мен жастар әнін ғана сағынып келген жоқ. Ол ілім-білімге бет бұрған, талпынған тау ұлымен қауышқалы келді. Ендеше сезімтал ақынды бауы­­рымызға басайық!

 

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

журналистика факультетінің доценті