2016 жылы 16 ақпан күні Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының оқытушылары мен магистранттары ҚХР-дан келген танымал аудармашы Қайша Табарыкқызымен кездесу өткізді. М. Әуезвотың «Абай жолы» эпопиясы, ақын М. Мақатаевтың өлеңдер жинағы, сынды қазақ классиктерінің сүбелі еңбектерін қытай тіліне аударып, қытай оқырмандарымен қауыштырып жүрген қандасымыз өзінің шығармашылық тажірибесімен бөлісті. Кездесу барысында болашақ шығыстанушылар қытайдың аударма саласының даму жағдайы және беталысы жөнінде ең жаңа мәліметтерге қанық болды. Сонымен қатар, аударма саласында өздерін толғандырып жүрген сауалдарына қанағаттанарлық жауап алып, аудармашының қызықты естеліктерін тыңдады. ҚазҰУ студенттерінің өз мамандықтарына деген зор қызығушылығына тәнті болған Қайша Табарыкқызы өзі жетекшілік етіп отырған аударма орталығының жұмысын таныстыра келіп, қытай тілі кафдрасымен шығармашылық ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін білдірді. Өз кезегінде қытай тілі кафедрасының меңгерушісі Набижан Мұқаметханұлы алыстан ат арытып келген аудармашы Қайша Табарыкқызының қымбатты уақытын бөліп, студенттермен тажірибесін бөліскеніне ризашылығын білдірді.