Орнықты даму жүйесінің негізіFarabi University

Орнықты даму жүйесінің негізі

29 тамыз, 2025

Конституциямыздың 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында шағын тарихи шолу жасап өтсек. 1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы қабылданды. Бұл акт еліміздің тәуелсіз дамуын құқықтық ресімдеуді аяқтады. Қазіргі уақытта 30 тамыз – мемлекеттік мереке.  

Айта кетейік, еліміз 1991 жылғы 16 желтоқсанда өзінің Тәуелсіздігін ресми түрде жариялады. Жарты сағаттан кейін Жоғарғы Кеңестің атына Түркия Президенті Тұрғұт Өзалдан құттықтау жеделхаты келіп түсті. Екі айдан кейін, яғни 1992 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасы егемен мемлекет ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүше болып танылды. Осылайша, Қазақстан осы беделді халықаралық ұйымның толыққанды мүшесі болды.

Сонымен қатар 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаған алғашқы құқықтық құжат болып табылады. 1991 жылғы 16 желтоқсандағы декларацияны қабылдау күні жалғыз ұлттық мереке болып жарияланғанын атап өткеніміз жөн.

Декларация мен «ҚР Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды дайындауға ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор Сұлтан Сартаев та белсенді қатысты. Сұлтан Сартайұлы көпшілік алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан орталықтың шикізат қосымшасы болмауы тиіс екенін атап өтті. Қазақстан шынайы экономикалық және саяси дербестікке ие болуға тиіс екенін айтты.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануымен біздің еліміз тәуелсіз мемлекетке тән барлық белгілерге ие болды. Бұл – біртұтас азаматтық, аумақтық оқшаулану, мемлекеттік органдардың дербес жүйесі, тәуелсіз экономикалық жүйе, өз Қарулы Күштерінің болуы. Осы ретте Республиканың ажырамас құқығын құрайтын мәселелерді шешуге тараптан кез келген араласу оның мемлекеттік тәуелсіздігіне қол сұғушылық ретінде бағалана бастады.

Конституциялық заңда адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, халық билігі, мемлекеттік билікті үш тармаққа бөлу қағидаттары дамыды. Заң іс жүзінде уақытша Конституцияның рөлін атқарды және демократиялық қайта құрулардың құқықтық базасына айналды. Сондықтан 16 желтоқсан күні мемлекеттік мереке болып жарияланды.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын Жоғарғы Кеңес 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдады. Оның негізін парламенттік республиканың моделі құрады. Бір жағынан, Конституция нарықтық экономика мен демократиялық мемлекетті қалыптастырудың заңды негіздерін құрды. Екінші жағынан, биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының өкілеттіктері туралы мәселе шешілмеді, мемлекеттік тіл, жерге жеке меншік және азаматтық мәселелері шешілмеді. Аталмыш мән-жайлар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына себеп болды. Конституция 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданғанын ерекше атап өтсек болады.

Конституцияда өзгерістерге ұшырамайтын нормалар бар екеніне назар аударайық. Бұл биліктің жалғыз көзі – халық, мемлекетіміздің бейбіт табиғаты туралы ереже, ұлтаралық келісім мен конфессияаралық қатынастар туралы ереже, адам құқықтарының басымдығына қатысты нормалар. Конституцияда белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігі, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің негіз қалаушы қағидаттары, Республика Президентінің жеті жыл мерзімге сайланатыны және бір адамды Республика Президенті бір реттен артық сайлай алмайтыны туралы ережелер өзгермейді (91-баптың 2-тармағы).

 Конституция – Қазақстанның орнықты даму жүйесін құру және адам мен азаматтың құқықтарын қорғау үшін басты негіз.                                                                                         

Уәлихан АХАТОВ

з.ғ.к., профессор,

заң факультетінің деканы