ҚазҰУ – бәсекеге қабілетті білімділер ордасы
Ақиқат: №2, 2016
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2010 жылғы халыққа Жолдауында «Қазақстанның кем дегенде екі университеті әлемдегі үздік университеттер рейтингіне енуі тиіс» де атап айтқан міндеті-әйгілі QS (Ұлыбритания) халықаралық рейтинг агенттігінің 2015 жылғы 15 қыркүйекте жариялаған зерттеу қорытындысындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әлемдегі үздік 800 университет арасында 275-орынды иемденіп, ең үздік 300 университет қатарына қосылуына түрткі болды. Президентіміздің: «Біз ҚазҰУ бастаған тоғыз ұлттық университетке үлкен үмітпен қараймыз. Олар отандық жоғары білім берудің негізгі жон арқасы болулары тиіс», – деген ҚазҰУ-ге берген оң бағасын айтудың жөні келіп тұрған сияқты.
Тарих шежіресін шертсек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің негізі 1934 жылы 15 қаңтарда қаланды. Ол кезде биологиялық және физика-математика факультеттері ғана жұмыс істеп тұрған кез еді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін университеттің тынысы ашылып, жаңа бағытқа бет бұрды. 1991 жылы университетке ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби есімі беріліп және ұлттық университет деген атқа ие болды. 1970 жылдың желтоқсанында ҚазКСР Министрлер Кеңесі ҚазҰУ қалашығы құрылысын бастау туралы шешім қабылдап, құрылыс 1971 жылы сәуір айынан басталып кетті. Студенттер қалашығының құрылысына университет жастары белсене атсалысты. Жаз мезгілінде Болгария мен Германия елдерінен келген құрылыс отрядтары көмектесті. 80-жылдардың басына қарай бірнеше оқу ғимараттары мен студенттік жатақханалар, тамақтандыру комбинаты мен сауда орталықтары, өндірістік-шаруашылық орталықтары қолданысқа енді. Іле Алатауы бөктерінде орналасқан ҚазҰУ қалашығының көз тартатын бірегей мекенге айналуына ректор Өмірбек Жолдасбековтің сіңірген еңбегі зор екенін айта кету керек. Айтулы тұлғаның есімі отандық ғылым дамуындағы тарихқа алтын әріптермен жазылып қана қоймай, 2011 жылдың ақпан айында Студенттер сарайы жаңынан Ө. Жолдасбековке арнап ескерткіш қойылды. ҚазҰУ-БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасы бойынша Қазақстан жоғары оқу орындары арасында Біріккен ұлттар ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына қатысатын тұңғыш әрі жалғыз университет. Жыл сайын университетке келіп, көптеген шетелдік ғалымдар дәріс оқып, кеңес береді, ғылыми тәжірибелермен бөліседі. ҚазҰУ ғалымдары өзге елдегі әріптестерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, Колумбия университетінің (АҚШ)Integrated Approaches to Sustainable Development Practice курсы бойынша Global Classroom ашылса, география және табиғатты пайдалану факультетінде энергия экология халықаралық кафедрасы құрылды.
2011 жылдың қазан айында ҚазҰУ-да зерттеу университеттерін дамыту ға бағытталған халықаралық форум ұйымдастырып, оған әлемнің 30 елінен 100-ден аса көрнекті ғалымдар мен жоғары мектептің қайраткерлері қатысты. Сол кезде «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ достары» халықаралық клубы құрылды. Отанымыздағы білім мен білікті кадрлар дайындап жатқан білім ордасындағы ғылыми-зерттеу институттарының орны ерекше екенін ұмытпауымыз қажет. 2012 жылы Коре университетімен бірге (Оңтүстік Корея) медициналық-биологиялық кластер ашылды, медициналық орталықтың жалпы көлемі 56 мың шаршы метрден асып, жобаны іске асыру үшін шетелдік инвестициядан 152 млн. АҚШ доллары жұмсалды.
Университет аумағында заманауи оқу ғимараттары, кітапханалар, мұражай, интернет-орталық, тамақтандыру комбинаты, спорт кешені және стадион, Студенттер сарайы мен кинотеатр, жайлы жатақханалар бар. Сондай-ақ, жаз мезгілінде, Ыстықкөл жағажайында спорттық-сауықтыру лагері жұмыс істейді.
ҚазҰУ-де 2012 жылдан бері гуманитарлы-қолданбалы ғылымдар орталығының ғимараты, инженерлік және көп ғылымды технология кластері, жас ғалымдар үйі, студенттерге қызмет көрсету орталығы, жүзу бассейні және жатақханалар бой көтеруде. ҚазҰУ бүгінде – жаңа білім, тың идеялар мен технологиялар орын алып жатқан ірі ғылым-білім және инновация орталығы. Айтулы оқу орнында еліміздің әр аймағынан және алыс, жақын шет елдерден келген мыңдаған студенттер оқиды. Әрине, біз үшін бұл үлкен жетістік. Университет халықаралық стандарттарға сай білім бағдарламасына толығымен көшіп, бакалавр, магистратура және докторантура сатысында білікті кадрлар дайындалуда. ҚазҰУ әлемдегі көптеген аса ірі университеттермен тығыз әріптестік орнатқан.
2003 жылы ҚазҰУ елімізде бірінші болып еуропалық университеттердің Ұлы хартиясына қол қойды (Болонья қаласы, Италия). Университеттің инфрақұрылымы 100 жуық ғылыми-зерттеу институтынан тұрады. Білім ордасында 100 ден аса студенттік бірлестіктер мен ұйымдар жұмыс істейді [1]. Жүйелі қайта құруды ойдағыдай жүзеге асырған ҚазҰУ әлемдік университет рейтингінде жыл өткен сайын жоғары орынға көтеріліп келеді. Бұл рейтингте 2010 жылдан бері 326 орынға, соңғы бір жылда 30 орынға көтерілген, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұңғыш рет Қазақстан және Орталық Азия университеттері арасында осындай айтулы жетістікке қол жеткізді.
Шетелдік сарапшылардың пікірінше, өте қысқа мерзім ішінде әлемнің ең үздік 300 университеті қатарына ену – нағыз әлемдік феномен және қарқынды түрде алға ілгерілеу болып табылады. Бұл университет ұжымының кәсіби деңгейінің жоғары екенін және жұмысты жұмылып атқарып отырғанын дәлелдейді. Айта кету керек, ТМД елдерінің барлық университеттері әлемнің 800 үздік университеті рейтингінде мұндай жетістікке жете қойған жоқ. 2015 жылы оған ТМД-ның үш университеті ғана – М. Ломоносов атындағы ММУ (108 орын), Санкт-Петербор мемлекеттік университеті (256) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (275) кірді. QS сарапшыларының кеңесімен ҚазҰУ-дың айтулы тәжірибесін әлемнің жетекші университеттері зерттеуге кірісті. Бұл көрсеткіш университеттің білім мен ғылымның әлемдік нарығында бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді. Рейтингі жоғары шетелдік басылымдарда ең көп жарық көретін де осы ҚазҰУ ғалымдарының еңбектері. Айталық, бұл еңбектердің қаржылық жағдайы 2010-2014 жылы 4,3 млрд. теңгені құрады. Бұл еліміз бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы көлемінің шамамен 10 пайызы дегенді білдіреді [2]. Білім және ғылым саласында іс жүргізетін шетелдік кәсіпорындармен 340 келісім-шарт жасалған. Сонымен қатар ҚазҰУ ТМД университеттері арасында үшінші орынды иемденсе, Қазақстан университеттері арсындағы ең үздік университет болып саналады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің негізгі мақсаты – еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына сүбелі үлес қосатын, экономикалық және әлеуметтік өзекті мәселелерді шешуге қабілетті, заманауи, жаңашыл, жан-жақты мамандарды даярлау. Оның үздіктер қатарына енуіне сол ҚазҰУ қабырғасында талай жылдар еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп келе жатқан аға да, ақылшы ұстаздардың ерен еңбегін ескермей кетуге болмас. 2012 жылдың статистикасына жүгінетін болсақ, университетте 200-нан жоғары білікті профессор-оқытушы еңбек етіп, оның ішінде ҚР ҰҒА-11 академигі, 300 ғылым докторы, 700 доцент және ғылым кандидаты, 40 Phd докторы бар. Қазіргі кезде олардың саны өсуде.
Қазақ халқының шәкіртті ұстаз алдына апарғанда айтылып, мәтелге айналған «Сүйегі – менікі, еті – сенікі» деген сөзінің астарына үңілсекте соны байқаймыз. Бұл мәтел кеңеcтік замандағы атеистік идеологияға сай бұрмаланып түсіндіріліп келе, герменевтикалық тұрғыдан сөз астарына үңілсек: «сүйегінің – асылының, рухының иесі – Алла бар, оған қиянат жасама, ал, етін сомдау, яғни, біліммен көркейту ұстаздың ісі» деген тұспалдан туған болу керек. Бертін келе, Н.А. Добролюбов, А.С.Макаренко, Е.Н.Ильин сияқты орыс педагогтарының тәжірибесіне сүйенсек, Н.А. Добролюбов – мұғалімнің ұстаздық рөлін, педагогикалық мамандықты өте жоғары бағалаған. Ол-педагогикалық мамандық тым ауыр, күрделі және жауапты деп ескерте отыра, оқытушыға жоғары талаптар ұсына білді. «Иә, – дей келіп Добролюбов, – шын мәнісіндегі оқытушы болу үшін, бұл сөздің толық игілікті мәнісін анықтау үшін өте көп нәрсе керек»,-дейді. Оқытушы оның ойынша, өз ісіне әр саладан жан-жақты білімі бар маман болуы қажет, бүкіл қызметі мен мінезінде адамгершілік жағынан адал және халқына мүлтіксіз қызмет ете білетіндей болуға тиіс. Журналистика факультетінде де дәріс берген, білікті де білімді маман кадрларын дайындай білген ұстаздар аз болған жоқ. Әлі де бар. Олардан үйренетініміз әлі де көп. Бірақ, қоғамдағы өзгерістерге байланысты кешегі күннің журналист кадрларын дайындаудағы оқытушының сапалы білім беру методологиясы бүгінгі күнмен салыстырғанда жер мен көктей. Яғни, заман басқа, кешегі өлшем бүгінгі өлшем бола алмайды.
Сол, кешегі профессор Т. Амандосов, Т. Қожакеев, Қ. Бекхожин бертін келе К. Камзин, С. Қозыбаев, К. Қабылғазина сияқты ғалым аға-әпкелеріміз бізге журналистиканың бүкіл жанрларын зерттеп, талдап, жіліктей шағып берді. Яғни, сүйенуші тірегіміз мықты. Ал, осы зерттеулердің жалғасын табу – бүгінгі күннің еншісінде екенін ұмытпауымыз қажет.
Интеллектуалдық дамыған елді қалыптастырудың өзекті бір жолы-толыққанды жеке тұлға тәрбиелеумен, білімгердің жаңаша ойлампаздығын дағдыландырумен, қазіргі ғылыми негізін терең біліктендірумен ұштасады. Ғылыми-эксперименттік жұмыстарының аса маңызды саласы сабақтан тыс тәрбие клубтары мен орталықтарын құру арқылы жүзеге асырылады. Қай шәкірттің болмасын бойынан жақсы қасиет іздеп табу, соған арқа сүйеу, оған үлкен үміт арту-ұстаз тәрбиесінің тәжірибесі болу керек. Адамгершілік тәрбие жеке адамды жетілдіруде тиімді ықпал жасайды. «Егер, біз балаға қуаныш пен бақыт бере алсақ, ол бала дәл сондай бола алады», – деген бұл туралы атақты педагог В.А.Сухомлинский. Оның сөзін басшылыққа ала отырып, білімді- тәрбиемен ұштастыруға күш салуымыз қажет. Яғни, білім алуға келген жас жеткіншек үшін оқу орны балл алудың соңына түсу емес, керісінше білейін, үйренейін дегенге өз еркімен, ықыласымен, қуана келетін мекен болуға тиіс. Тәрбие арқылы білім беру-үзіліссіз жүргізілетін үрдіс, ол адамның өмірге келгеннен бастап өмір бойы жалғаса береді.
Өркениетті, прогресшіл бағыттағы азаматтық-адамгершілік қасиеті мол, сондай-ақ ұлттық қасиетін жоғалтпаған, өзге елдегі замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын биік өрелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу тек қана ұстаз міндеті емес, сонымен қатар қоғамның да парызы. Елбасы Н.Ә. Назарбаев білім саласы қызметкерлерінің бір отырысында «Болашақтаеңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан, ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – деген болатын.
Елдің болашақтағы әлеуеті, қуаты, «мәңгілік елдің» шаңырағын ұстап тұратындар жастар болса, солардың ұлт потенциалы бола алуын қамтамасыз ететіндер-ұстаздар. Ал, жоғары оқу орнының студенті алдында тұрған негізгі міндет-әр адамға қажетті білім, білік, дағдыны меңгере отырып, Тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалды ұлтының мүшесі атына лайық болу [3].