Тіл – халық қазынасыFarabi University

Тіл – халық қазынасы

5 қыркүйек, 2025

 



2025 жылдың 5 қыркүйегінде 1-курс студенттері куратор Шәлтенбай Гүлфайруз Нұрғалиқызының жетекшілігімен 6В05105 – Генетика мамандығы, Молекулалық биология және генетика кафедрасында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған кураторлық сағат өткізді. Бұл іс-шара жас ұрпаққа тілдің қоғамдағы орны мен маңызын түсіндіруді, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етті.

Ашық сабақ барысында студенттер Қазақстанда тұратын түрлі этностардың тілдері, олардың мәдени мұрасы мен дәстүрлері жайында әңгімелесті. Мемлекеттік тілдің мәртебесі, оны дамыту мен құрметтеудің қажеттілігі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар көптілділіктің артықшылықтарына тоқталып, бірнеше тілді білу – қазіргі заман жастарының бәсекеге қабілеттілігінің кепілі екенін атап өтті.

Кураторлық сағатта тіл тек қатынас құралы ғана емес, ол – халықтың тарихы, мәдениеті мен рухани байлығы екендігі айқындалды. Студенттер тілдерді үйрену арқылы өз ой-өрістерін кеңейтіп қана қоймай, халықтар арасындағы достық пен түсіністікті нығайтуға үлес қосатынын түсінді.

Шара соңында студенттер ортақ пікірге келді:
«Тіл – елдің тұтастығы мен бірлігінің негізі. Әрбір жас өз тілін құрметтеп, оны болашаққа аманат етуі тиіс!»