ҚазҰУ-да ICESCO-ның IV Халықаралық CanSat семинары өттіFarabi University

ҚазҰУ-да ICESCO-ның IV Халықаралық CanSat семинары өтті

9 қыркүйек, 2025

2025 жылғы 6–11 қыргүйек аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде спутниктерді модельдеу бойынша IV халықаралық оқу семинары мен аэроғарыштық симпозиум өз жұмысын бастады. Іс-шара Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы – ICESCO-мен бірлесіп ұйымдастырылды.

Семинар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің механика және математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының қолдауымен өтті. Жиынға шетелдік сарапшылар, Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің жас ғалымдары мен мамандары, сондай-ақ ҚазҰУ-дың оқытушылары мен студенттері қатысты.

Семинардың ашылуында ICESCO-ның ғылым және технология жөніндегі кеңесшісі, д-р Мұхаммад Шариф сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтті және қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бағдарлама барысында қатысушылар шағын үлгідегі CanSat спутниктерін құрастырып, тәжірибелік сынақтардан өткізді. Бұл жаттығулар студенттердің ғылыми-техникалық қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың инновациялық ойлауын жетілдіруге, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.

Халықаралық семинарға ICESCO Бас директоры доктор Салим М. АльМалик, ғылыми кеңесші доктор Виссам Шехаде және бағдарлама үйлестірушісі Асмаа Алами қатысты. Іс-шара барысында әлемдік ғылыми қауымдастықтың беделді өкілдері де бас қосты. Атап айтқанда, семинарға профессор, доктор Алим Рүстем Аслан, профессор, доктор Шиничи Накасука (Токио университеті), профессор Барнабас Науангве (Макерере университеті, Уганда), сондай-ақ 2015–2018 жылдары Маврикий Республикасының Президенті болған профессор, доктор Аминах Гуриб және басқа да танымал сарапшылар қатысты.

Сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің құрамында ICESCO өкілдерімен бірге Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және басқа елдердің ғалымдары мен инженерлері болды. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру департаментінің басшысы Омиржанов Есбол Токтарбаевич пен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Аманат Умбетбаев белсенді үлес қосты.

ICESCO – мұсылман елдерінде білім, ғылым, мәдениет және коммуникация салаларын дамытуға бағытталған мамандандырылған ұйым. Ұйымның басты мақсаты – мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және исламның гуманитарлық құндылықтарын ілгерілету.

Аталған жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сәйкес келеді: ТДМ 4 – Сапалы білім: жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру және заманауи дағдыларға үйрету. ТДМ 9 – Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым: ғарыштық технологияларды дамытуға үлес қосу. ТДМ 17 – Мақсаттарға қол жеткізу жолындағы серіктестік: халықаралық ұйымдар мен білім ордалары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай семинарлар жас буын мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарып, Қазақстанның ғарыштық технологиялар саласындағы әлеуетін арттыра түседі. Бұл өз кезегінде елдің инновациялық дамуына және ғылымдағы халықаралық серіктестікке жаңа серпін береді.

Дулатова Нұриля Жүнісбекқызы

Деканат маманы