ҚазҰУ-да Solana Day блокчейн шарасы ұйымдастырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Solana Day Рowered by Decentrathon» атты еліміздегі ең ірі блокчейн-хакатон ұйымдастырылды.
Онлайн және офлайн форматта өткен ауқымды іс-шараға ІТ саласының білікті мамандары, сарапшылар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар қауымы мен студенттер жиналды.

Іс-шараны Astana Hub пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Технологияларды коммерцияландыру және шығармашылық индустрия орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Solana – әлемдегі ең жылдам әрі масштабталатын блокчейн желілерінің бірі. Ол әзірлеушілерге, стартаптарға және компанияларға шексіз мүмкіндіктер ашады. Solana жаңа буын өнімдерін жасауға көмектеседі.

Қатысушылар Solana технологиясымен жұмыс істеу және блокчейн арқылы нақты міндеттерді шешу жолдарын қарастырды. Бұған қосымша аталған саланы дамыту және шетелдік тәжірибені меңгеру бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Solana Day жеңімпаздары Digital Bridge 2025 форумында марапатталады және әлемдік Solana хакатонына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл оларға өз жобаларын әлемдік деңгейде көрсетуге және әлеуетті инвесторлар мен серіктестердің назарын аударуға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі