Ғылымдағы жаңа көкжиектер: Х халықаралық конференцияның секциялық мәжілістері

Сурет интернеттен алынған
2025 жылғы 24–26 қыркүйек аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Математика, механика және ақпараттық технологиялар» атты Х Халықаралық ғылыми конференция аясында секциялық мәжілістер жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Алматыда және онлайн форматта өткен іс-шараға Қазақстанмен қатар Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Португалия, Пәкістан, Әзербайжан, Литва және Грузия елдерінен белгілі ғалымдар, профессорлар мен жас зерттеушілер қатысты.
Фундаменталды және қолданбалы математика, механика және робототехника, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарында өткен секциялық отырыстарда жаңа ғылыми нәтижелер таныстырылып, ғылыми пікірталастар мен тәжірибе алмасулар өтті.
Жасанды интеллектті білім беру мен медицинаға енгізу, экологиялық қауіпсіз технологиялар, энергия тиімділігі және цифрлық қауіпсіздік – басты талқыланған тақырыптар болды. Медицинада жүрек ауруларын болжау мен ісіктерді анықтау, білім беру жүйесінде интеллектуалды платформалар мен қазақ тіліне бейімделген тіл үлгілерін дамыту мәселелері ерекше назар аудартты.
Секциялық отырыстардың нәтижелері сапалы білім беруді дамытуға, инновациялар мен инфрақұрылымдық шешімдерді жетілдіруге, денсаулық сақтау мен экологиялық тұрақтылықты нығайтуға бағытталды. Осылайша, конференция жұмысы ғылым мен білімді қоғамның тұрақты дамуының басты тетігі ретінде қарастыруға мүмкіндік беріп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі тереңдетті.
Бұл жұмыс тұрақты даму принциптерін іске асыруға, ең алдымен, мынадай БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуге үлес қосады: ТДМ 4 — Сапалы білім, ТДМ 9 — Өнеркәсіп, инновациялар және инфрақұрылым, ТДМ 17 — Тұрақты даму мақсатында серіктестіктер.
Математика кафедрасының меңгерушісі
Касенов С.Е.
Математика кафедрасының меңгерушісінің
Ғылыми-инновациялық жұмыс және
халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары
Досмағұлова Қ.А.
Басқа жаңалықтар


