ҚазҰУ-да 1 курс білім алушылары студенттер қатарына жасанды интеллектінің қатысуымен қабылдандыFarabi University

ҚазҰУ-да 1 курс білім алушылары студенттер қатарына жасанды интеллектінің қатысуымен қабылданды

13 қазан, 2025

2025 жылдың 10 қазаны күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты шарасы ерекше форматта өтті. Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – 1-курс студенттерін қабылдау рәсімі алғаш рет жасанды интеллектінің (ЖИ) қатысуымен ұйымдастырылды.

Салтанатты кешке ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, сондай-ақ Алматыдағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй және өзге де құрметті қонақтар қатысты.

Министр Саясат Нұрбек жастарды жаңа оқу жылымен құттықтап, табыс тіледі:

«ҚазҰУ – тек білім ордасы емес, тұлға қалыптастыратын, білікті маман даярлайтын, ғылым мен инновацияның орталығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жастар отаншыл, білімпаз, еңбекқор, әділ әрі жанашыр болуы қажет. ҚазҰУ осы қасиеттерді бойына сіңірген жаңа буынды тәрбиелеуде зор рөл атқарып келеді», – деді министр.

Өз кезегінде ректор Жансейіт Түймебаев студенттерге ізгі тілегін білдіріп, ұлы ғұлама әл-Фарабидің даналық сөзін еске салды:

«Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Сіздердің білімді, тәрбиелі, еліне адал азамат болып шығатыныңызға сенемін».

Биыл ҚазҰУ-ға 11 530 студент қабылданды, оның ішінде 116 «Алтын белгі» иегері және 27 халықаралық олимпиада жеңімпазы бар. Сондай-ақ, 2500-ден астам шетелдік студент өз таңдауын ҚазҰУ пайдасына жасады.

Кеш барысында ҚазҰУ филиалдарының студенттері де өз өнерлерін көрсетті. Шара қазақ эстрадасы жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, жастардың көңілді би кешімен аяқталды.