«Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер» тақырыбында ашық дәріс өттіFarabi University

«Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер» тақырыбында ашық дәріс өтті

17 қазан, 2025

2025 жылдың 16 қазан күні Биология және биотехнология факультеті, Ботаника және агроэкология кафедрасында (Зоология кабинеті №1) 8D05108 – Геоботаника білім беру бағдарламасы аясында ашық дәріс өткізілді.
Ашық дәрісті биология ғылымдарының докторы, профессор Курманбаева Меруерт Сакеновна ағылшын тілінде оқыды.
Пән/модуль: «Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер» (код: 75598 – Conservation of Rare and Endangered Plant Species)
Дәріс тақырыбы: «Қазақ Алтайының эндемик және реликт өсімдіктері: қатердегі биоалуантүрлілік қазынасы»

Дәріс барысында Қазақ Алтайына тән эндемик және реликт түрлердің таксономиялық алуандығы, эколого-географиялық таралуы, қазіргі қорғалу статусы және оларды сақтау стратегиялары жан-жақты қарастырылды. Лектор сирек түрлердің экожүйедегі функционалдық рөлін, антропогендік және климаттық қатерлерді нақты мысалдармен түсіндіріп, in situ және ex situ тәсілдерін (қорықтар, ботаникалық бақтар, тұқым банктері, микроклондық көбейту) жүйелі түрде ұсынды.

Сабақ мазмұны сапалы визуалды материалдармен сүйемелденіп, интерактивті форматта өтті: тыңдаушылар сұрақтар қойып, пікірталасқа белсенді қатысып, мониторинг пен қалпына келтірудің практикалық амалдарын талқылады. Қатысушылар ашық дәріс материалының қолжетімді әрі тартымды берілгенін атап өтіп, өңір флорасы туралы білімін кеңейтті және бірегей табиғи ортаны сақтаудың маңызын терең сезінді; эндемиктер мен реликттердің биологиялық ерекшеліктері және Қазақ Алтайына тән нақты түрлер мысалдары ерекше қызығушылық туғызды.

Іс-шара докторанттардың зерттеу-талдау дағдыларын тереңдетіп, сирек өсімдіктерді қорғау мәдениетін нығайтуға бағытталды. Кафедра әріптестері мен факультет әкімшілігі ашық дәрістің ғылыми-әдістемелік деңгейін және тыңдаушылардың белсенділігін жоғары бағалады.

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы