ЖАС ДОКТОРАНТҚА СӘТТІЛІКFarabi University

ЖАС ДОКТОРАНТҚА СӘТТІЛІК

22 қазан, 2025

2025 жылғы 21 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасының кеңейтілген ғылыми мәжілісі өтті. Басқосуда PhD докторант Тұрғынбаев Ізбасар Ерланұлының «Түркияның мәдени модернизациясының даму бағыттары (1923–2020 жж.)» тақырыбындағы докторлық диссертациясының қолжазбасы талқыланды.

Талқылауға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, ресми рецензенттер – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Қалыш Аманжол Боранбайұлы және Абай атындағы ҚазҰПУ доценті, т.ғ.к. Шамшиденова Факия Мешведенқызы, ғылыми кеңесші – Түріктану және шығыс елдері тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к. Эгамбердиев Мырзахан Шарипбайұлы қатысты.

Диссертациялық жұмыс Түркия Республикасының мәдени модернизациясының тарихи-әлеуметтік, саяси және өркениеттік парадигмаларын кешенді түрде талдауға арналған. Зерттеу барысында докторант индустриализация, урбанизация, саяси трансформация, батыстандыру (вестернизация) және секуляризация үдерістерін тарихи кезеңдер бойынша жүйелеп қарастырған. Ғылыми еңбекте мәдени мұраның трансформациясы, ұлттық бірегейлік және өркениеттік сабақтастық ұғымдарына басымдық берілген. Автор Түркиядағы мәдени жаңғыруды ішкі әлеуметтік факторлармен ғана емес, сонымен қатар геосаяси, мәдени-коммуникациялық және идеологиялық детерминанттармен байланыста қарастырған.

Рецензенттер зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығын, әдіснамалық негіздемесін және эмпирикалық деректер базасының кеңдігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар зерттеу тақырыбының заманауи  тарихнамадағы өзектілігі, салыстырмалы талдау әдістерінің қолданылуы және пәнаралық көзқарас тұрғысынан маңыздылығы жоғары бағаланды. Кафедра мүшелерінің сұрақтарына докторант нақты деректемелік  материалдарға және ғылыми интерпретацияларға сүйене отырып, дәйекті де дәлелді жауап берді.

Талқылау барысында диссертациялық еңбектің ғылыми маңызы – Түркия Республикасының мәдени модернизациясын түркі өркениетінің жалпы даму контексінде қарастыру екендігі атап өтілді. Бұл зерттеу нәтижелері түркі интеграциясы, мәдени дипломатия және өркениеттік сабақтастық бағыттарында жүргізілетін алдағы ғылыми ізденістерге негіз болмақ.

Жас зерттеушінің еңбегі түркі халықтарының мәдени, тарихи және ғылыми байланыстарын тереңдетуге, сондай-ақ Еуразиялық өркениеттік кеңістіктегі өзара ықпалдастық үдерістерін саралауға елеулі үлес қосады деген сенімдеміз. Докторант Тұрғынбаев Ізбасар Ерланұлына ғылым жолындағы ізденістерінде табыс, жаңа идеялар мен жемісті зерттеулер тілейміз!

А. Кыркымбекова