Тува ғалымы Чимиза Ламажаа көшбасшылық дәріс оқыды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде философия ғылымының докторы, Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, Тува Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚазҰУ-дың шақырылған профессоры Чимиза Ламажаа ханымның көшбасшылық дәрісі өтті.
Чимиза Ламажаа – 280-нен астам ғылыми еңбектің, соның ішінде «Қоғамның архаизациясы. Тува феномені», «Тувалықтардың ұлттық мінезі», «Тува: өткен мен болашақ тоғысында» атты монографиялардың авторы. 2009 жылдан бастап ол «Туваның жаңа зерттеулері» атты ғылыми журналдың негізін қалаушысы әрі бас редакторы, сондай-ақ Еуропалық ғылыми редакторлар мен баспагерлер қауымдастығының (EASE) мүшесі және әлеуметтану, философия мен мәдениеттану салаларындағы халықаралық ғылыми жобалардың белсенді қатысушысы.

Кездесуді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашып, Чимиза Ламажааның мол тәжірибесі мен ғылымның дамуына қосқан зор үлесін атап өтті. Сонымен қатар мәртебелі мейманға «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры» атағы тапсырылды.
Лектордың баяндамасы «Түркі әлемі және түркітану: ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы жаңа үрдістер» деп аталды. Дәріс барысында Чимиза Кудерооловна жүйелік талдау мен тезаурустық тәсілді негізге ала отырып, «түркі мәдени әлемі – көптеген мәдениеттер кеңістігі» екенін және қазіргі қоғамдағы өзгерістер көбіне дағдарыстық трансформацияларға жауап ретінде архаизациялық құбылысымен қатар жүретініне назар аудартты. Оның айтуынша, «түркология бүгінде тек тарихи пән ғана емес, ұлттық бірегейлік және ортақ өркениеттік құндылықтардың жаңа санасын қалыптастыратын мағыналар кеңістігіне айналды».

Ғалым этномәдени мұраны сақтау, гуманитарлық білімді дамытудағы зерттеушілердің рөлі және түркі мәдениеттерін зерттеудегі пәнаралық тәсілдің маңызына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, түркі мәдени әлемі – тек туыстас тілдер жиынтығы ғана емес, тарих, мифология, фольклор, әдеби дәстүр, этникалық өзіндік сана және мәдени кодтар сияқты ортақ бастаулармен байланысқан мәдениеттер кеңістігі.
Сондай-ақ дәріскер Ресей кеңістігіндегі түркі әлемінің ерекшеліктеріне тоқталып, онда түрлі мәдени әлемдер – тілдердің, діндердің және дәстүрлердің тоғысуы байқалатынын айтты. Ол тувалықтардың этномәдени тезаурусына, архаизация феноменіне және аймақтық бірегейлік мәселелеріне арналған өз зерттеулерімен бөлісті. Ғалымның айтуынша, архаизация – өткенге кері қайту емес, өтпелі қоғамдарда пайда болатын ерекше әлеуметтік-мәдени динамика. Түркі халықтарының өзін-өзі тану процесін түсіну үшін олардың менталитеті мен мәдени кодтарының ерекшеліктерін ескеру маңызды, бұл әсіресе Солтүстік Еуразия республикалары үшін өзекті.

Шетелдік ғалым ХХІ ғасырда түркология халықаралық ғылыми диалог алаңына және түркі елдерін біріктіретін маңызды гуманитарлық зерттеу бағытына айналып отырғанын алға тартты. Профессордың айтуынша, қазіргі түркологияның миссиясы – «халықтар арасындағы өзара сенім мен мәдени байланысты нығайтатын интеллектуалдық кеңістік қалыптастыру».

Шара соңында дәріскер тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар