Марат Барманқұлов зертханасы қарқынды жұмыс істеп жатыр.Farabi University

Марат Барманқұлов зертханасы қарқынды жұмыс істеп жатыр.

27 қазан, 2025

ТДМ-17 Биыл профессор Марат Барманқұловтың дүниеден озғанына 25 жыл. Бақытымызға орай, профессордың көзін көріп үлгерген журфак түлегіміз. 2000 жылдың 9 мамыры еді. Журфактың 1 курсын аяқтап жатқан алабұртқан "балмұздақ" кезімізбен қоштасар сәт таяған шақ. Ағарып атып келе жатқан таңмен бірге көктемнің себезгілеп жауған жауыны бір толастамай-ақ қойды. Аспан сөгіліп кетті дейтіндей-ақ күн жауды. Жатақханадан шығып, ертеңгісін сағат сегізде сабаққа кіргеніміз сол еді, деканаттан қаралы хабар естідік. Ұлағатты ұстазымыз Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың өмір сағаты тоқтапты. Жеңіс күні мерекесіндегі бұл хабарды абыройы биік журфак ардагерінің ажал алдындағы жеңіліс күні ретінде қабылдағанбыз сонда. Табиғат та жылап тұрды, біз де.

Арада ширек ғасыр содан бері зуылдап өте шығыпты. Кеше ұлағатты журфак ұстазының атындағы телестудияны лента қиып аштық. Дәлірегін айтсақ, телестудия бұрыннан бар ғой. Тек соңғы рет 2009 жылы ғана жабдықталып, жөндеу көріпті. Арада 16 өтті, техника ескіріп, телестудия тозыңқырап тұрған жайы бар еді. Былтыр қызметке келгенімізде осы мәселені күн тәртібіне төтесінен қойып, басшылықтан қолдау таптық. Өзіміз әрі телевизияшы қауымнан екеніміз тағы да рас.

Курстасымыз Динара Сатжанға бір ауыз осы туралы айтып ек. Ол «Медиа Альянстағы» әріптестерін мәселеден құлағдар етті. Атқарушы директоры Маржан Ельшибаева бастаған Kaspi.kz демеуімен телестудияны жөндеуден өткізіп, су жаңа техникамен жарақтандырдық содан. Телестудияға кеп арнайы қолдаған журфак түлегі, медиа менеджер Арманжан Байтасовқа, "Атамекен бизнес" телеарнасы директоры Канат Сахарияға да зор алғыс.

Іс-шараға арнайы кеп қолдау білдірген Ләззат Қожахмет, Асель Артакшинова бастаған Қазақстан халқы ассамблеясы журналистер клубы мүшелеріне зор алғыс білдіреміз.

Ашылу рәсіміне ұстазымыз Намазалы Омашұлы, Сағымбай Қабашұлы, Какен Камзин, Лайла Ахметова, Клара Кабылгазина, Галия Ибраева, Молдахан Абдраев бастаған факультетіміздің ардагер ұстаздары, Фараби университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Baqytjan Omar, білім алушылар, марқұмның қызы Алуа Барманкулова, журфак түлегі, ҚР Парламенті Сенатының депутатытары Bibigul Zhexenbay, Алишер Сатвалдиев, «Алатау ақпарат» медиа холдингі директоры Erzhan Tolek , «Алатау телеарнасы директоры Бауыржан Бердимуратов, #kaspi атқарушы директоры Маржан Ельшибаева , белгілі пиар менеджері Ербол Азанбек, Serik Zhanbolat, Иманбай Жубай, докторанттарымыз Тельман Бейсен , Дәурен Мақсұтханұлы келді. Телестудия құжаттарын реттеуде факультетіміздің түлектер қауымдастығы төрайымы Галия Майкотова ханымның еңбегі зор. Телестудия дизайны мен техникасын алуға докторантымыз Берікбол Төлеген көп еңбек сіңірді. Телестудия ашылғаны сол "Алатау" телеарнасымен бірлесіп Ai ғылым жобасын түсіруді бастап кеттік. Жүргізуші журфактың 4-курс білім алушысы Айгерім Есімхан.

Профессор Марат Барманқұлов биыл тірі болса 88 жасқа келер еді. Өзі жоқ болса да артында қалған мұрасы жасап жатыр. Өз атындағы телестудия бар, оның сыртында филология ғылымдарының кандидаты Жидегүл Әбдіжәділқызы жетекшілік ететін Марат Барманқұлов зертханасы қарқынды жұмыс істеп жатыр. Жыл сайын телевизиялық журналистика теориясының негізін қалаған ғалым құрметіне факультетте Барманқұлов оқулары өтеді. Ғалымның хаты өлмейді деген осы.

Photo by Дәурен Мақсұтқанұлы.