Скринингтік бағдарламаларды біле жүріңіз
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 20 миллионға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Ал 10 миллионнан астамы осы кеселден көз жұмады. Біздің елде де онкологиялық аурулардың көрсеткіші жоғары.
2023 жылғы деректерге сәйкес, елімізде жыл сайын 35-36 мыңға жуық жаңа онкологиялық жағдай тіркелді. Скрининг – бұл халықты алдын ала тексеріп, ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін профилактикалық шара. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттырады және өлім-жітім көрсеткішін төмендетеді. Әсіресе қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне, мысалы, сүт безі обырына, жатыр мойны және тоқ ішек обырына қатысты скринингтің рөлі өте маңызды.
Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында ұлттық скринингтік бағдарламалар жүргізіледі. Атап айтқанда: сүт безі обырына скрининг – 40-70 жас аралығындағы әйелдер үшін екі жылда бір рет маммография. Жатыр мойны обырына скрининг – 30-70 жас аралығындағы әйелдерге төрт жылда бір рет пап-тест (онкоцитологиялық зерттеу). Тоқ ішек обырына скрининг – 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін жасырын қанға нәжіс талдауы және қажет болған жағдайда колоноскопия.
Статистика және тиімділік. Соңғы жылдары Қазақстанда скринингтік бағдарламалар арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткіші артты. Мысалы, сүт безі обыры бойынша скрининг нәтижесінде 2023 жылы 2000-нан астам әйелден аурудың бастапқы кезеңі анықталды. Ерте кезеңде анықталған науқастардың бесжылдық өмір сүру деңгейі 80 пайыздан асады, ал кеш анықталған кезде бұл көрсеткіш 30-40 пайызға дейін төмендейді.
Қорыта келе айтарымыз, скринингтік тексерулер онкологиялық ауруларды ерте анықтаудың және алдын алудың тиімді құралы болып саналады. Бұл тәсіл тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, халықтың денсаулығын жақсартуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға септігін тигізеді. Сондықтан скринингтік бағдарламаларға қатысу әрбір азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі мен саналы көзқарасын көрсетеді.
Жадыра МОМЫНҚҰЛОВА,
Денсаулықты ұйымдастыру және саясат кафедрасының
1-курс докторанты
Басқа жаңалықтар