Білім мен ғылымды дамыту мүмкіндігі
Гуманитарлық білім мен ғылым – ұлттың рухани, мәдени және әлеуметтік дамуының негізі. Бұл сала адамзат қоғамының тарихы мен тілін, әдебиеті мен философиясын, ділі мен дүниетанымын зерттей отырып, қазіргі заманғы жаһандық өзгерістерге бейімделуге жол ашады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің ғалымдарымен кездесуіндегі айтылған мәселелер Қазақстандағы ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық бастамаларға негіз болады. Осы тұрғыда шетелдік ғылыми ортадағы тиімді үлгілер мен тәжірибелерді зерделеу – отандық ғылымды сапалы деңгейге көтерудің маңызды алғышарты. Мысалы, Ұлыбритания, Германия, АҚШ секілді дамыған елдердегі гуманитарлық білім беру мен зерттеу модельдері академиялық еркіндік, цифрлық ресурстарды пайдалану, пәнаралық байланыс және ғылыми-зерттеу нәтижелерінің қоғаммен байланысы тұрғысынан озық тәжірибелерге ие. Осындай халықаралық тәжірибелерді ұлттық ерекшелікке икемдей отырып, Қазақстандағы гуманитарлық ғылымды жаңа деңгейге көтеру – уақыт талабы. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «500 ғалым» бағдарламасы – білім мен ғылым интеграциясын арттыруға бағытталған тың бастамалардың бірі. Мұндай бағдарламалар арқылы ғалымдар тек жаңа білім алып қана қоймай, сонымен қатар халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланыс орнатып, бірлескен жобалар жасауға мүмкіндік алады.
Мәселен, мен өзім тәжірибеден өткен Ланкашир университетінде (Престон қаласы, Ұлыбритания) жүзеге асып жатқан ғылыми саясат пен зерттеу орталықтарының үйлесімді қызметі ғылымды институционалдық тұрғыдан дамытуда маңызды үлгі бола алады. Бұл оқу орнында зерттеушілердің академиялық еркіндігі мен материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жас ғалымдарды қолдау бағдарламалары жүйелі түрде іске асып, олардың ғылыми-зерттеу жобаларын халықаралық деңгейге шығаруға кең мүмкіндіктер беріліп отыр. Ланкашир университетінде зерттеушілердің академиялық еркіндігі ең алдымен олардың ғылыми тақырып таңдаудағы дербестігі мен зерттеу әдістерін өз бетінше айқындай алуынан көрінеді.
Ланкашир университетінің гуманитарлық бағыттағы зерттеу жұмыстары да жоғары деңгейде ұйымдастырылған және академиялық еркіндік пен материалдық қолдаудың айқын үлгілерін көрсетеді. Атап айтқанда School of Humanities, Language and Global Studies бөлімінде зерттеушілер мәдениеттану, тіл білімі, әдебиет, тарих, философия және халықаралық қатынастар секілді бағыттарда жұмыс істейді. Мұндағы академиялық еркіндік ең алдымен тақырыптың өзектілігі мен зерттеушінің ғылыми қызығушылығына негізделіп, шектеусіз зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Мысалы, мен тәжірибе барысында қатысқан «Transcultural Narratives and Identity in Postcolonial Literature» атты ғылыми семинарда зерттеушілер постколониялық әдебиеттегі ұлттық сана, мәдени ерекшелік мәселелерін еркін талқылап, авторлық көзқарасын ғылыми негізде қорғауға мүмкіндік алды. Бұл – шығармашылық еркіндікті қолдаудың нақты көрінісі. Материалдық базаға келсек, гуманитарлық зерттеулерге арналған заманауи кітапхана ресурстары, цифрлық архивтер және тіл корпустарының қолжетімділігі үлкен рөл атқарады.
Ланкашир университетінде British Library, JSTOR, Project MUSE сынды беделді халықаралық платформаларға толық қолжетімділік бар. Сонымен қатар Digital Humanities зертханасы түрлі мәтіндерге сандық талдау жүргізуге, тарихи деректерді визуализациялау құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді. Университеттің көпмәдениетті және көптілді ортасы да гуманитарлық бағыттағы зерттеулердің мазмұнын байытады. Мысалы, зерттеушілер түрлі елдерден келген білім алушылармен тілдік тәжірибе жүргізіп, мәдениетаралық қарым-қатынасты зерттейді. Мұндай ғылыми-педагогикалық тәжірибе Қазақстандағы көпэтносты, көптілді қоғам үшін де аса өзекті әрі үлгі боларлық. Осы тәжірибелерді ескеріп, Қазақстандағы гуманитарлық ғылым саласын жандандыру үшін, шетелдік университеттермен тығыз байланыс орнатып, ғылыми дербестік пен техникалық қолдауды үйлестіру қажет. Демек, шетелдік ғылыми ортада қалыптасқан тәжірибелер – әсіресе академиялық еркіндік, зерттеу сапасын қамтамасыз ететін инфрақұрылым, пәнаралық тәсіл мен цифрлық ресурстарды қолдану отандық ғылым үшін үлгі боларлық. Ұлыбритания, АҚШ, Германия сияқты елдердің жетекші университеттері гуманитарлық саланы тек дәстүрлі білім берумен шектемей, оны қоғаммен, өндіріс және технологиямен ұштастыра отырып дамытуды көрсетіп отыр.
Сәуле ЕРЖАНОВА,
ҚазҰУ профессоры, филология ғылымының докторы
Басқа жаңалықтар