Біздің әдістермен алынатын реагенттердің экономикаға пайдасы зор
Ажар Баешова – техника ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Түсті металдар мен халькогендердің электрохимиялық қасиетін және өндірістік айнымалы токтың әсерімен жүретін электродтық үрдістерді зерттеп, ультрадисперсті мыс және қорғасын ұнтақтарын алу, айнымалы токпен поляризациялау кезінде жүруі мүмкін болмайтын тотығу-тотықсыздану, еру, ұнтақтардың, қосылыстардың түзілімін анықтаған. «Қиын тотықсызданатын» селенат иондарының тотықсыздандыру тәсілдері, қиын байытылатын тотыққан мыс кендерін сульфидтеу, селенидтерді, түсті металдардың сульфидтерін және хризоколла алу тәсілдері КСРО авторлық куәліктерімен және Қазақстан Республикасы патенттерімен қорғалған. Зерттеу нәтижелері химиялық және металлургиялық өндірістердің қалдықтарын өңдеуде және қолданылған ерітінділерді ауыр металл иондарынан тазартуда пайдаланылған.
– Ғылыми тақырыпты айтпастан бұрын, ғылым жолына қалай түскенім жөнінде баяндау керек сияқты. Жасымнан кітапқа құмарттым, білімге құштар болдым. Сол кезде үлкен арманым болды. Білім жарқын болашаққа жетелейтінін бала кезімнен түсінгендеймін. Әлі кім болатынымды, қандай мамандықтың иесі болатынымды еркін түсінбесем де, «мен үлкен адам боламын, белгілі, танымал адам боламын» деген ойлар жиі келетін. Кішкентай кезімде «Қазақстан пионері» газетінен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті туралы оқып, анама «Апа, мен өскен соң, КазГУ-ге оқуға түсемін» дегенім де есімде. Солтүстік Қазақстан облысында орыс мектебін алтын медальмен аяқтап, Алматыға жол тарттым. Осы қара шаңырақ – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне түсу бұйырды. Бұл факультетте аттары аңызға айналған ұстаздар Б.Бірімжанов, А.Шарифканов, М.Козловский, М.Усанович, О.Сонгина және олардың шәкірттері Н.Нұрахметов, А.Зебрева, Е.Абланова, Х.Оспанов және тағы басқа атақты ғалымдардан білім алдық, – дейді Ажар Қоспанқызы.
Оқу бітірген соң Қарағандыға жолдама алып, сол кездегі республикада екінші университет болып болашаққа қадам басқан Қарағанды мемлекеттік университетіне аттанды. Ұлы ұстаз, химия, металлургия саласындағы белгілі ғалым Евней Букетовтың жетекшілігімен аспирантура бітірді.
– Ғылыми тағылымдамадан сол – Қарағандыдағы Химия-металлургия институтында өттім. Осы институтта Қазақстанның өндіріс орындарындағы әртүрлі қиын мәселелермен шұғылданатын ғалымдардан тәлім-тәрбие алдым. Осында жүріп өмірлік жарымды кездестірдім. Ол – химия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Абдуали Баешов. Қазіргі күнге дейін ғылым жолында бірге еңбек етіп келеміз. Осы ғылым ордасында болашақ ғылыми жұмыстарымыздың бастамасын алып, содан бері зерттеулермен шұғылдануды жалғастырудамыз. Қазақстанда кеңінен дамыған мыс өндірісінде кенді өңдеп, таза мыс алу процесінде көптеген қосалқы өнімдер түзіледі. Соның арасында құрамында бағалы металдар – алтын, күміс, сонымен бірге сирек элементтер болып табылатын селен мен теллур шлам түрінде жинақталып қалады. Шламның құрамында мыс ұнтағы да түзіледі. Осы бағалы химиялық элементтерді бөліп алу мәселесі өте қиын болып есептелген. Кандидаттық диссертациямның тақырыбы осы аталған шламдардың құрамындағы мыс және селеннің электрохимиялық қасиеттерін зерттеуге арналған еді. Тәжірибелер жасау барысында алты валентті селенді тотықсыздандырып, таза элемент күйінде бөліп алу әдісін жасап, КСРО авторлық куәліктерімен қорғап едік, – дейді Ажар апай.
Ғалымның докторлық диссертациясының тақырыбы бірқатар металдардың, оның арасында қиын балқитын титанның қалдықтарынан олардың бағалы қосылыстарын алу әдістерін жасауға арналған. Осы бағытта бірқатар патенттер алды. Соның арасында Еуразиялық патенттік бюроның патентін ерекше атап өтуге болады. Титан, қорғасын, мыс, темір және тағы басқа металдардың қосылыстары, дәлірек айтқанда, оксидтері, гидроксидтері, тұздары әртүрлі салаларда қолданыс табады. Ал бұларды белгілі әдістермен алу түрлі қиындықтармен іске асырылады. Жоғары температураларда жүргізуді қажет етеді. Олар көпсатылы және бірқатар зиянды қосылыстарды қолданумен іске асырылады.
– Біз жасаған әдістер бойынша аталған химиялық қосылыстар бөлме температурасында ешқандай қосымша реагенттерді пайдаланбай жүргізіледі. Бұл әдістер экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді. Сонымен қатар осы металдардың электрохимиялық қасиеттерін зерттеу барысында өндіріс орындарындағы ағызынды сулардың және пайдаланылған ерітінділердің құрамындағы алтын, күміс, мыс, селен, теллур сияқты элементтерді таза күйде бөліп алу әдістерін де жасадық. Осы әдістерді жасау ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруымен іске асырылуда. Бөлінген қаржы лабораторияға қондырғылар, реагенттер алып, зерттеулер жүргізуді қамтамасыз етті. Бұл зерттеулер бір-екі күндік жұмыстар емес. Олардан нақты нәтижелер алу үшін айлар, жылдар қажет. Бүгінде зерттеулердің нәтижелері патенттермен қорғалып, отандық және шетелдік журналдардағы мақалалар, монография сияқты еңбектерде жариялануда. Сонымен бірге студенттердің бітіру жұмыстары, магистрлік және PhD диссертациялар қорғалуда. Дәл қазір елге, дамуымызға, экономикаға тигізетін пайдасын бағалау қиын. Десе де, көптеген металдар қосылыстарының қолданылу салаларына тоқтасақ, біз жасаған әдістермен алынатын реагенттердің экономикаға пайда келтіретіні сөзсіз, – дейді ғалым. – Бір жағынан қарағанда, бұл қосылыстар осы күнге дейін пайдаға аспай, жинақталып қалған металл сынықтарын, жоңқаларын өңдеуді, демек, қоршаған ортаны тазартуды қарастырса, екінші жағынан – арзан, тиімді жолдармен аса қажет химиялық қосылыстарды синтездеу. Қазір бейорганикалық қосылыстарды электрохимиялық әдістермен синтездеу бағыты бірқатар өндіріс орындарын қызықтыруда. Сонымен бірге мыстың электрохимиялық қасиетін зерттеу барысында біз осы металдың әртүрлі салаларда кеңінен қолданылатын, аса майда, ультрадисперсті ұнтақтарын алу әдістерін жасап, бірнеше патенттерге ие болдық. Осы ұнтақтарды «Grand Metal Сorporation» ЖШС мекемесі өндіріп, сатылымға қойған болатын.
Ғалымның екінші қыры – ұстаздық жол. Білгеніңді өзгеге үйрету, жастарды тәрбиелеу – бұл жауапкершілігі зор іс. Ажар Қоспанқызының ғылыми жетекшілігімен 4 кандидаттық диссертация, 70-тен астам магистрлік диссертация және 100-деген дипломдық жұмыстар қорғалған. Бірнеше рет кандидаттық және докторлық диссертацияларды ресми оппонент ретінде сараптап, пікірлер дайындады, диссертациялық кеңестердің мүшесі де болды. Профессордың 700-ден астам ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері, авторлық куәліктері мен патенттері бар. Химия және экология пәндерінен қазақ тілінде жазылған оқу құралдары бүгінде студенттердің игілігіне жарап тұр.
Ұзақ жылдар бойғы ғылыми ізденіс уақыт өте келе өз нәтижесін берді. Ғылыми орта оның еңбегін жоғары бағалады. 2003 жылы білім, ғылым және техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, академик Е.А.Бөкетов атындағы сыйлыққа ие болды. Бұдан бөлек, «Қ.А.Ясауи университетінің қайраткері», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Бүкілодақтық өнертапқыштар қоғамы тарапынан «Өнертапқыштар мен рационализаторлар үздігі» атақтарының иегері атанды. Ол – Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар