Білім беру мен өндіріс интеграциясы
Білім беру мен өндіріс арасындағы интеграция жоғары оқу орындарының өнеркәсіптік кешендермен өзара әрекеттестігінің негізгі түрі болуы қажет. Жаңа сапалық деңгейде жүзеге асырылатын бұл интеграция салалық министрліктер және ведомстволармен байланыстарды дамытудың негізіне айналуы тиіс.
Интеграцияның басты мақсаттарына мыналар жатады:
• университеттердің ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін нақты пайдалану;
• шағын сериялы және аз көлемді ғылымды қажетсінетін өнім өндіру;
• кадрлық қамтамасыз етілген инжинирингтік жүйелерді құру;
• университеттердің материалдық-техникалық және әлеуметтік базасын нығайту.
Университеттер базасында құрылған инженерлік және ғылыми-техникалық орталықтармен қатар, ғылыми-өндірістік бірлестіктердің оқу-ғылыми орталықтары, бірлескен эксперименттік өндірістер, шетелдік серіктестердің қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындар, жобалау бюролары, ғылыми-консультациялық пункттер және бірегей жабдықтар мен өндірістік қуаттарды бірігіп пайдалану жүйелері дамытылғаны жөн.
Ғылым, білім және бизнесті біріктіру арқылы зерттеу университетіне трансформацияны жеделдетудің маңызды факторларының бірі – әрбір оқытушы мен зерттеушінің бұл үдеріске белсенді қатысуы. Бұл бағытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бірқатар нәтижелі тәжірибелер жинақталған.
БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының ішіндегі №4 бағыт – «Баршаға сапалы білім беру» аясында химия және химиялық технология факультетінің Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасында магистратура деңгейінде бірнеше пән инновациялық форматта оқытылады. Оларға мыналар жатады:
• «Полимерлік фосфаттар негізіндегі бейорганикалық материалдарды синтездеудің заманауи технологиялары»;
• «Табиғи алюмосиликаттарды модификациялау технологиясының негіздері»;
• «Бейорганикалық материалдардың механо-химиясы».
Бұл пәндер ғылыми мини-жобалар құрастыру арқылы оқытылады. Магистранттар:
• халықаралық және отандық ғылыми әдебиеттер мен патенттерді іздестіреді;
• зертханалық эксперименттер жүргізіп, материалдық баланс пен экономикалық есептер жасайды;
• шарлы және планетарлық диірмендер, фотокалориметр секілді қазіргі заманғы зерттеу құралдарымен танысады.
Курстың қорытынды кезеңінде әр студент өз жобасын қорғап шығады. Мұндай тәсіл ғылымды қажет ететін технологиялардың артықшылықтарын түсінуге, оларды шағын өндірістерге енгізудің нақты жолдарын ұғынуға мүмкіндік береді.
Білім, ғылым және өндірістің интеграциясы зерттеу университеттері дамуының басты бағытына айналуы тиіс. Оқу процесіне ғылым мен практиканы біріктіре отырып, жоғары оқу орындары бәсекеге қабілетті кадрлар даярлап қана қоймай, елдің инновациялық дамуына да нақты үлес қоса алады. Магистранттардың ғылыми-зерттеу қызметіне ерте араласуы олардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады және Қазақстандағы білім мен бизнесті біріктірудің тиімді үлгісі бола алады.
Бейқұт БАЛҒЫШЕВА,
Жалпы және бейорганикалық
химия кафедрасының доценті, х.ғ.д.
Басқа жаңалықтар