Адам құқығы – мемлекеттің басты құндылығыFarabi University

Адам құқығы – мемлекеттің басты құндылығы

25 тамыз, 2025

Қазіргі уақытта әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Бұл негізінен өркениетке, әр мемлекет пен әр адам­ға жаңа сын-қатерлер мен жаңа қауіптердің туын­дауына орай қалыптасқан жағдай. Осы ретте адам құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау, қоғамдық қатынастардың бүкіл жүйесін және тұтастай алғанда мемлекет жүйесін қорғау мәселелері алдыңғы шепке шығады. Конституция Қазақстанның орнықты даму жүйе­сін құруға және азаматтың құқықтарын қорғауға негіз болып саналады. 

Әр адам ҚР Конституциясы мен заңнамасын сақтауға мін­детті, сон­дай-ақ басқалардың құ­қығын құр­мет­теуге және бұзбауға тиіс. Бұл қа­ғида «Әр­кім Қазақстан Рес­публи­касының Конституциясы мен заңнамасын сақ­тауға, басқа адамдардың құқық­та­рын, бостандығын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті» деп 34-бапта бекітілген.

ҚР Конституциясы бойынша жеке тұлғаның құқықтық мәртебесіне оның қызметінің әртүрлі тараптарын қамтитын құқықтардың барлық алуан түрлілігі енгізіледі. Бірінші кезекте, Қазақстан Республикасының Конс­ти­туциясында азаматтық құқық­тар­дың кең тізбесі бекітіледі. Адам құ­қық­тары иерархиясындағы бұл құ­қықтар не­гізгі болып табылады, өйт­кені олар жеке тұлғаның авто­но­миясын қам­та­масыз етеді. Нақты айтқанда, адам­ның жеке мүддесін қорғайды, оның бостандығын қамтамасыз етуге, қан­дай да бір сыртқы араласудан заңды қорғалуына кепіл.

Азаматтық құқықтардың ішінде ең маңыздысы – барлық басқа құ­қық­тардың негізі болып табылатын өмір сүру құқығы. Ол ҚР Конс­ти­ту­циясының 15-бабында бекітілген. Аза­мат­тық құқықтарға жеке бас бос­тан­дығы және қол сұғылмаушылық құқығы сияқты құқықтар жатады (16-бап). Жеке бостандық – бұл адамның табиғатына байланысты туындайтын адамның ажырамас және абсолютті құқығы. Жеке өмірге, жеке және от­басылық құпияға, Ар-намыс пен қа­дір-қасиетті қорғауға арналған құқықтар (ҚР Конституциясының 18-бабы), тұрғын үйге қол сұғылмау­шы­лықпен (ҚР Конституциясының 25-бабы) бірдей маңызды.

Жеке өмір – бұл мемлекет та­рапынан бақылауға алынбауға тиіс адам өмірінің маңызды бөлігі. Осы­лайша, азаматтық құқықтарға адам­ның жеке қауіпсіздігі мен қол сұғыл­мау­шылығын қамтамасыз ететін құқықтардың барлық кешені жатады. Алайда, азаматтық құқықтардың мәнін түсінудің кілті – адам құқық­та­рын нақты ету үшін арнайы рәсім­дер­ді жүзеге асыру тәсілі. Осыған бай­ла­нысты ҚР Конституциясында адам­­­ның табиғи бөлінбейтін құқық­та­рының конституциялық кепіл­дік­тері көзделеді.

Енді адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны туралы конститу­ция­лық норманың маңыздылығын атап өтейік. Ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қор­лау­ға немесе жазалауға болмайды. Бұл құқық өте маңызды, өйткені адам заңды бұзған болса да, ол заңнан тыс қалмауы керек. Адам құқық­та­ры­ның барлық шектеулері заңмен бел­гіленуі керек.

ҚР Конституциясының 13-ба­бын­да адамның құқық субъектісін тануға және өз құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғауға қажетті қорғанысты қо­са алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдер арқылы білікті заң көмегін алуға құқығы жарияланады.

Бұл конституциялық нормада адам құқықтарын қорғаудың бір жолы – өзін-өзі қорғау бекітілген. Қазіргі уақытта бұл адамның ажырамас құқығы. ҚР Конституциясында демо­кра­тиялық мемлекетте азамат­тар­дың өз құқығын қорғаудың негізгі тә­сілдерінің бірі адамның құқығы мен бостандығын сот арқылы қорғау құқығы сияқты маңызды құқығы бе­кітіледі.

Адамның заң мен сот алдындағы теңдігі туралы конституциялық нор­ма­ның маңызы зор. Бұл дегеніміз қандай да бір айырмашылықтарға қарамастан (азаматтығы, ұлты, жы­нысы, тұрғылықты жері, материалдық жағ­дайы және т.б.) барлық адамдар бірдей құқық қабілеттілігіне, тиісті игіліктер мен міндеттерге белгілі бір құқықтарды сатып алу мүмкіндігіне ие. Бұл заң мен соттың демо­кра­тия­лық мәнін білдіреді.

Конституцияда азаматтық құқық­тар­дың кең тізімі қамтылады. Аза­мат­тық құқықтар адам құқығы мен бос­тандығының тұтас жүйесінде ерекше орын алады.

Адам құқығы заңмен шектелуі мүмкін. Бұл ереже Конституцияның 39-бабында тікелей бекітілген. Со­нымен, мұнда адам құқығын шек­теу­ге болатын төрт мақсат көрсетілген. Бұл конституциялық құрылысты қор­ғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құ­қы­ғы мен бостандығын, халықтың ден­саулығы мен имандылығын қор­ғау мақсатында қолданылады.

Қарлығаш ҮСЕИНОВА,

з.ғ.к., қауымдастырылған профессор, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі