ҚазҰУ-да Түркия Республикасының күніне арналған кездесу өттіFarabi University

ҚазҰУ-да Түркия Республикасының күніне арналған кездесу өтті

31 қазан, 2025

30 қазан 2025 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Алматы қаласындағы Түркия Республикасының Бас консулдығының қолдауымен мазмұнды кездесу өтті. Іс-шара Түркияның ұлттық мерекесі – 29 қазан Республика күніне арналды. Кездесудің басты мақсаты – ҚазҰУ мен түрік серіктестері арасындағы академиялық ынтымақтастықты тереңдету, бірлескен білім беру бастамаларын дамыту және студенттік мобильділікті кеңейту болды.

Жиынға физика-техникалық факультеттің «Стандарттау және сертификаттау» мамандығының 4-курс студенттері белсенді қатысып, пікірталастарды кәсіби деңгейде модерациялады. Ашық диалог форматында академиялық алмасу, бірлескен курстар мен қысқа мерзімді мектептерді дамыту, оқу үдерісін практикаға барынша жақындату мәселелері талқыланды.

Іс-шара барысында Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Туғба Алан Өзденфедакар және білім жөніндегі атташе Айхан Коркмаз құттықтау сөз сөйлеп, білім беру саласындағы жаңа серіктестік мүмкіндіктері мен бірлескен жобалардың келешегін таныстырды. «Стандарттау және сертификаттау» мамандығының жетекші профессоры Саваш Шахин студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттырудың нақты тетіктерін атап өтіп, халықаралық стандарттарды игеру мен өндірістік тәжірибеге ерте тартудың маңызын ерекше көрсетті.

Іс-шараны ұйымдастыруға физика-техникалық факультеттің Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының доценті Тайманова Гүлнара Қабжанқызы жетекшілік етті. Кафедра базасында түрік тілі сабақтары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта бірлескен дәрістер мен шеберлік сабақтарының циклін кеңейту, Түркияда оқу және кәсіби тәжірибеден өтуді жоспарлаған студенттерге жүйелі консультациялық қолдау көрсету жоспарланып отыр.

Кездесу соңында ҚазҰУ ұжымы Түркия Республикасының Бас консулдығына және барлық қатысушыларға студенттік бастамаларды қолдағаны үшін алғыс білдірді.