Farabi University

4 қыркүйек, 2025

Ақпараттық технологиялар факультеті цифрлық экономикаға бағытталған жаңа бағыттарды іске асырып, кадр даярлауды кеңейтуде.

Бакалавриатта ашылған «Бағдарламалық инженерия» бағдарламасы аясында студенттер алгоритмдер мен бағдарламалау, мәліметтер базасы, желілік технологиялар және киберқауіпсіздік негіздерін меңгереді. Магистратура деңгейінде жүзеге асырылатын «IT-менеджмент» бағдарламасы цифрлық жобаларды басқару, цифрлық трансформация, бизнес-талдау және инновациялар салаларында басқарушылық қабілеттерді қалыптастырады.

Солтүстік-батыс Қытай политехникалық университетімен (ҚХР) бірлесіп докторантура деңгейінде «Компьютерлік ғылымдар мен технологиялар» атты қосдипломдық бағдарлама жүзеге асырылады. Онда машиналық оқыту, үлкен деректерді өңдеу, нейрондық желілер және робототехника салалары қамтылған. Сондай-ақ бакалавриатта «Жасанды интеллект» атты қосдипломдық бағдарлама енгізілді. Бұл бағдарлама табиғи тілді өңдеу, интеллектуалды жүйелер, компьютерлік көру және жасанды интеллектінің қолданбалы салаларын меңгеруге бағытталған.

Әскери-инженерлік радиоқатынас институтымен бірлесіп «Әскери криптология» атты бакалавриат бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама киберқауіпсіздік пен криптоанализ саласында жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған.