Спорт және Парасаттылық: ҚазҰУ-да «Таза футбол» турнирі өтті
9 қараша 2025 жыл. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде «9 желтоқсан — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық күнге» орай ұйымдастырылған «Таза футбол» турнирі мәресіне жетті. Университеттің тұрақты даму міндетінің №17 спорттық іс-шарасы аясында өткен бұл турнирді факультет және «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ-ның Алматы қаласы филиалы бірлесіп ұйымдастырды.
.jpeg)
Турнирдің басты ерекшелігі – оның әлеуметтік маңызды миссиясы. Спорттық бәсекеден бөлек, қатысушылар арасында құқықтық сауаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға баса назар аударылды.
«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ-ның ұйымдастыруымен, турнир алдында студенттерге арнайы әзірленген сауалнама жүргізіліп, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны және оған қарсы тұру жолдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жарысқа Тарих факультетінің 1, 2, 3, 4 курс студенттерінің құрамалары мен оқытушылар командасы барлығы 8 топ қатысты.
Өзара шиеленісті кездесулерден кейін, үздік үштік келесідей анықталды:
- I орын: Әл-Фараби тобы.
- II орын: Er Turan тобы.
- III орын: HistБөрі тобы.
Салтанатты марапаттау рәсімінде «ЖАҢАРУ» РҚБ Алматы қаласындағы филиалының директоры, профессор Жапаров Барыс Әлікенұлы сөз сөйледі. Ол турнирге қатысқан барлық студенттер мен оқытушыларға алғыс білдіріп, құқықтық сауаттылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын атап өтті.

Жеңімпаз команданың капитаны, 4 курс студенті Рахметов Ильяс ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, бітіруші түлек ретінде сөз сөйледі. Ол барлық қатысушы студенттерді жемқорлықсыз өмір сүруге және оған жол бермеуді басты ұстаным етуге шақырды.
«Таза футбол» турнирі жастар арасында спортқа деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, адалдық пен жауапкершілік сияқты маңызды құндылықтарды дәріптеудің тиімді алаңына айналды.
Басқа жаңалықтар