«Ғазиз Байтасов – ерлік пен адалдықтың символы»
10 қараша 2025 жылы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «Ел Тұтқа» пікірталас клубының ұйымдастыруымен ерекше патриоттық іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – ел ерлерінің ерлігін дәріптеу, жастардың отансүйгіштік сезімін арттыру және құқық қорғау саласының қаһармандарын үлгі ету болды.
Іс-шараға «Ел Тұтқа» пікірталас клубының жетекшісі Тлепбергенов Орынбасар және клуб мүшелері белсене қатысты. Қатысушылар Қазақ полициясының батыры, «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың аты берілген аудиториямен танысып, оның өмірі мен қызмет жолы туралы кеңінен мәлімет алды.
Ғазиз Байтасовтың батылдығы мен ерлігі – еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірі жолында жанын қиған нағыз қаһарманның бейнесі ретінде жастардың жүрегіне терең із қалдырды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында «Капитан Байтасов» фильмі талқыланды, студенттер фильм арқылы батырдың тұлғалық қасиеттерін, ерлік рухын сезініп, көріністерден үлкен әсер алды. Көрсетілімнен кейін пікірталас ұйымдастырылып, студенттер фильм туралы өз ойларымен, әсерлерімен бөлісті.
Талқылау барысында жастар батырдың ерлігін құқық саласындағы әділдік, жауапкершілік және адалдық ұғымдарымен байланыстыра отырып, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен азаматтық борыш сезімін айқындай түсті.
Іс-шара соңында жетекші Тлепбергенов Орынбасар студенттерге елін сүйген, заң мен әділдік үшін күрескен тұлғалардың өнегесін үлгі етіп, олардың рухын биік ұстауға шақырды.
Бұл кездесу студенттерге зор рухани әсер қалдырып, олардың бойында патриоттық рухты, елге адалдық пен азаматтық жауапкершілікті арттыра түсті. Ғазиз Байтасовтың ерлігі – жас ұрпақ үшін мәңгілік өнеге болып қала бермек.