Ғылыми-зерттеу іссапары – ТДМ 4
2025 жылдың 6–15 қарашасы аралығында Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының аға оқытушысы Жумадилов Р.Е. Астана қаласына іссапармен барып келді. Іссапардың негізгі мақсаты – ғылыми ынтымақтастықты нығайту, бірлескен эксперименттік зерттеулер жүргізу, сондай-ақ жас зерттеушілердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіру болды. Іссапар аясында Жумадилов Р.Е. жетекші ғалым, профессор Джумабеков А.-мен бірлесе Назарбаев Университетінің зертханалық базасында ғылыми мақалаға негіз болатын тәжірибелік жұмыстарды орындады.
Зерттеу жұмыстарының маңызды бағыты ICP-PECVD (Inductively Coupled Plasma–Plasma Enhanced Chemical Vapor Deposition) қондырғысында көміртегі наноқабырғаларын синтездеу болды. Аталған қондырғыны пайдалану арқылы плазмалық ортада көміртегі наноқұрылымдарының өсу механизмдері, синтез параметрлерінің материал морфологиясына әсері, сондай-ақ алынған наноқабырғалардың құрылымдық және функционалдық қасиеттерін жақсарту жолдары қарастырылды. Эксперимент барысында газ қоспасының құрамы, плазма қуаты, қысым, температура және синтез уақыты сияқты негізгі технологиялық параметрлер оңтайландырылып, кейінгі ғылыми талдауға жарамды үлгілер алынды. Бұл зерттеулер болашақта көміртекті наноқұрылымдарды сенсорикада, энергетикада және электрохимиялық құрылғыларда қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болады.
Іссапар барысында докторант Қырықбай Бағлан Арманұлы да белсенді түрде зерттеу жұмыстарына қатысты. Ол эксперименттік қондырғымен жұмыс істеу, плазмалық синтез үдерісін жүргізу, үлгілерді дайындау және зерттеу нәтижелерін ғылыми тұрғыдан талдау бойынша тәжірибелік машықтарын жетілдірді. Сонымен қатар, докторант заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеу ерекшеліктерін меңгеріп, ғылыми зерттеу жүргізудің кезеңдерін тәжірибе жүзінде үйренді. Бұл оның диссертациялық жұмысына, ғылыми біліктілігінің артуына және болашақтағы зерттеу қызметіне үлкен септігін тигізеді.
Іссапар нәтижесінде алынған эксперименттік мәліметтер негізінде бірлескен ғылыми мақала дайындау жұмыстары басталды. Зерттеу қорытындылары халықаралық деңгейдегі ғылыми журналға ұсынуға бағытталған. Жалпы алғанда, бұл іссапар ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, кафедраның зерттеу әлеуетін арттыруға, жаңа технологияларды игеруге және жас ғалымдарды даярлауға елеулі үлес қосты. Осындай тәжірибелік және ғылыми байланыстар алдағы уақытта да жалғасып, ортақ жобалардың дамуына негіз болады.
Басқа жаңалықтар