Анонс
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ПРЕСС-АНОНС
Құрметті БАҚ өкілдері!
2023 жылдың 17 қарашасында I АМАНЖОЛ ҚАСАБЕК ОҚУЛАРЫ аясында көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, Қасабек Аманжол Қасабекұлының 80 жылдығына, Бүкіләлемдік Философия күніне арналған «ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтеді.
Философтар бас қосатын ғылыми басқосуда сапалы білім берудегі қазақ философиясын зерттеудің әлеуметтік-әдіснамалық мәселелері, көпжақты қырлары талқыланып, жалпы философиялық ой сараптаудың теориялық типтері жіктеледі.
Конференция заманауи әлемдік философиядағы әдіс және әдіснамалық мәселелер, дәстүр және жаңашылдық: қазақ философиясының өзіндік ерекшеліктері, рухани сабақтастық аясындағы философ-ғалым Аманжол Қасабектің тұлғалық келбеті мен шығармашылық болмысы, педагогикалық инновациялардың философиялық рефлексиясы және орнықты даму мақсаттарына сай Қазақстандағы сапалы білім беруді одан әрі жүзеге асыру перспективалары бағыттарынан тұрады.
Алқалы жиынға танымал тұлғалар, ғалымдар, студенттер мен магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар, көпшілік қауым қатысады.
Аталған конференция қарсаңында, 6-16 қараша аралығында I Аманжол Қасабек оқулары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінде философия ғылымының докторы, профессор Аманжол Қасабекұлы шығармашылығының апталығы және Бүкіләлемдік философия күніне арналған іс-шаралар өткізіледі.
Конференцияның жұмыс тілдері: қазақ, орыс, ағылшын, түрік.
Конференция материалдары бойынша қатысушылардың мақалалар жинағы шығарылады.
Өтетін орны:
Мекен-жайы: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, әл-Фараби ғылыми кітапханасы. Алматы қ., әл-Фараби даңғ. 71/27, 409 зал.
17 қараша, 2023 жыл
Ұйымдастырушылар:
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия және саясаттану факультетінің философия кафедрасы, дінтану және мәдениеттану кафедрасы, әл-Фараби орталығы, Түрік халықтары философия қоғамы, Түрік халықтары философия қоғамының Қазақ комитеті, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, Қазақстандық философиялық конгресс.
8 (727) 377 33 30 (17-59) философия кафедрасы,
+77075288675 (Әлия Рамазанова),
+77478394849 (Гүлнәр Сембаева),
+77053051822 (Айгүл Тәйженбетова)
Электрондық пошта:
Философия кафедрасы.
ҚОСЫМША АҚПАРАТ
Философия ғылымының докторы, профессор
Аманжол қасабек
Философия ғылымының докторы, профессор, Балтық педагогика академиясының құрметті академигі, Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Аманжол ҚАСАБЕК 5 сәуірде 1943 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданының Бостан ауылында туған.
1964-1969 жылдар аралығында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетінде оқыды. Осы кездерде студенттік ғылыми жұмыстармен айналысып, әл-Фараби шығармаларындағы таным теориясы бойынша дипломдық жұмысты үздік қорғап шықты.
1969 жылы жолдамамен Жамбыл педагогикалық институтына оқытушылық қызметке келді. 1973 жылы Алматы қаласына жұмысқа ауысты. Зоотехникалық-малдәрігерлік институтының аға оқытушысы кезінде 1977 жылы Адам қызметінің тарихи-философиялық мәселесі бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
1978 жылы Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің ұйғарымымен жаңадан ашылған қоғамдық ғылымдар оқытушыларының біліктілігін көтеру Институтына доценттік қызметке жіберілді. Осы жұмыста жүргенде ғылыми, педагогикалық және әдістемелік деңгейінің жоғары екендігі байқалды. Әдістемелік топтарға жетекшілік етіп, арнайы курстар оқыды. Ғылыми-зерттеу бағытында философияның ең өзекті мәселелерін зерттеумен жемісті айналысты. Көптеген ғылыми мақалалары Ғылым академиясының және университеттің басылымдарында жарық көрді. Әлеуметтік қызмет пен әлеуметтік таным бірлігіне арналған монографиясы 1987 жылы басылып, ғылыми қауымнан жоғары баға алды. Әлеуметтік қызметтің тарихи-философиялық және методологиялық мәселелері бойынша 1989 жылы докторлық диссертациясын үздік қорғап шықты. 1991 жылы профессор ғылыми атағын алды. 1984 жылдан 1991 жылға дейін Алматы шетел тілдері институты мен сәулет-құрылыс институтында кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.
1991 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы, кейінірек оқытушылардың біліктілігін арттыру институтының директоры-ҚазҰУ проректоры болды. Сонымен бірге қазақ және шетел философиясы тарихы кафедрасын ұйымдастырып, оның тұңғыш меңгерушісіне тағайындалды. Осы қызметтерде профессордың ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары деңгейде екені көрініс тапты. Өзінің жайдары мінезділігі, адамдармен бірқалыпты қарым-қатынас жасай білуі, біліктілігі арқасында факультет ұжымын қазіргі кездегі философия және саясаттану, психология, әлеуметтану ғылымдарының өзекті мәселелерін студенттерге, аспиранттарға оқытуды жоғары деңгейге жеткізді.
Профессордың кең де терең білімділігі әртүрлі оқу пәндерінің бәрінен бірдей тең дәрежеде жетік,білікті, сапалы сабақ өткізуге мүмкіндік береді. Кафедрадағы қазақ философиясы тарихынан маманданып жүрген аспиранттарға жетекшіілік етуде де үлкен қырынан танылды. Бірнеше оқу-әдістемелік құралдардың авторы және жетекші ретінде философиялық-әдіснамалық мәселелерді көтеруде де атқарған жұмыстары қомақты.
Қазақ философиясының тарихын зерттеудің тың методологиялық принциптерін, оның шығу тегі мен негізгі даму кезеңдерін, сонымен бірге жаңа түрдегі ойлау жүйесі мен элементтерін танып-білудің философиялық мәселелерін анықтауға үлкен күш салды.
Қазақстан философтар одағының вице-президенті, Қазақ Ұлттық университетіндегі кандидаттық диссертация қорғалатын арнаулы Кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Бірнеше ғылыми журналдардың редколлегия мүшесі, «ҚазМУ хабаршысы (Философия сериясы)» журналының редакторы болды. Сол жылдары ҚазМУ жанындағы докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде атқарған қызметі жаңа қырынан көрініс тапты және басқа да өнегелі істері оның қоғамдық жұмыстарында көптеген орын алды.
АҚШ, Иран, Оңтүстік Корея университеттерінде дәріс берген. Лингстон, Талса, Тегеран, Сенжу, Мәскеу, Санкт-Петербург университеттерінде халықаралық ғылыми конференцияларда баяндама жасаған.
1995-1998 жылдары Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған университетінің ректоры.
1998-2006 жылдары Қазақ гуманитарлық заң университетінде әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі.
2006-2007 жылдары Жетісу институтының ректоры.
2007- 2014 жылдары Өмірбек Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясының профессоры.
2014 жылдан Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Ғылым философиясы және өлкетану» зерттеу орталығының директоры, 2017 жылдан өмірінің соңына дейін Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ-нің «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығының жетекші ғылыми қызметкері лауазымын атқарды.
Ғалымның жетекшілігімен философия мамандығы бойынша отыздан астам ғылым кандидаты және сегіз ғылым докторы даярланды. Олардың тақырыптары философия тарихы, әлеуметтік философия және таным теориясы мәселелеріне арналған.
Екі жүзден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің, оның ішінде «Социальная деятельность и социальное познание», «Қазақ философиясы», «Философия тарихы», «Искание истины», «Шығыс философиясы», «Тарихи-философиялық таным», «Ғылым философиясы», «Құқық философиясы», «Личностное познание», «Бауыр тартқан жүрек», «Кісі болмысы», «Современная философия науки», «Қазірғі ғылым дамуының философиялық ерекшеліктері» және тағы басқа монографиялар мен оқулықтардың авторы.
Ғылыми-оқытушылық және белсенді қоғамдық жұмыстары лайықты бағаланып, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медальдарымен және көптеген грамоталармен марапатталды. «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» және «Алматы облысының құрметті азаматы» атақтарының иегері.
Философия ғылымының докторы, профессор
Аманжол Қасабектің еңбектері
- А. Қасабек. Социальная деятельность и социальное познание. – Алматы, 1987.
- А. Қасабек. Философия. – Алматы, «Рауан», 1991.
- А. Қасабек, Ж.А.Алтаев. Қазақ философиясының тарихына кіріспе. – Алматы: «Ер-Дәулет», 1994.
- А. Қасабек, Ж.А.Алтаев. қазақ философиясы. – Алматы: «Ер-Дәулет», 1996.
- А. Қасабек. Философия және мәдениеттану. – Алматы: «Жеті жарғы», 1998.
- А. Қасабек, С.А.Қасабек. Искание истины. «Ғылым». – Алматы, 1998.
- А. Қасабек, Ж.Алтай, Қ. Мұхамбетали. Философия тарихы. – Алматы: «Жеті жарғы»,Алматы, 1999.
- А. Қасабек. Қадырғали Жалайыридің дүниетанымы. – Алматы, 1999.
- А. Қасабек. Философия негіздері. – Алматы, 2000.
- А. Қасабек, Ж.Ж. Молдабеков. Шығыс философиясы. – Алматы, 2001.
- А. Қасабек, Ж.А. Алтаев, Т.Х. Ғабитов, Қ.М. Мұхамбеткалиев. Философия және мәдениеттану. – Алматы: Литера, 2001.
- А. Қасабек. Философия. – Алматы, 2002.
- А. Қасабек. тарихи-философиялық таным. – Алматы: Қаз. РОУ, 2002.
- А. Қасабек. Философия. – Алматы, 2003.
- А. Қасабек. Философия және мәдениеттану. – Алматы, 2004.
- А.Қасабек. Личностный характер философского познания. – Астана, 2005.
- А. Қасабек, Ж. Алтай, Қ. Мұхамбеткали. Философия тарихы. – Алматы, 2006.
- А. Қасабек. Құқық философиясы. – Талдықорған, 2008.
- А. Қасабек. Анам туралы толғану естелік. – Талдықорған, 2008.
- А. Қасабек. Личностное искание истины: «Актуальные проблемы развития мировой философии». – Астана, 2008.
- А. Қасабек. Личностное познание. – Талдыкорган, 2010.
- А. Қасабек. Бауыр тартқан жүрек (философиялық әңгіме, толғамдар). – Талдықорған, 2011.
- А. Қасабек. Кісілік ұғымы туралы ойлар. Тұлғалық шығармашылықтың әлеуметтік, тарихи және дүниетанымдық мәселелері. – Талдықорған, 2013.
- А. Қасабек, Ж.Алтай. Қазақ философиясы. – Алматы: «Эверо», 2011.
- А. Қасабек, К.Н. Аликенова. Современная философия науки. – Талдыкорган, 2016.
- А. Қасабек, К.Н. Аликенова. Қазіргі ғылым дамуының философиялық ерекшеліктері. – Талдықорған. – 2017.
- А. Қасабек, Ж.А. Алтаев. Қазақ философиясы: ҚР БжҒМ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасы. – 2017.
- А. Қасабек, А.Р. Масалимова, Ж.А. Алтаев. Казахская философия: МОН РК: Издательство КазНУ им. аль-Фараби. – 2017.
- A. Kasabek, A.R. Masalimova, J.A. Altaev. Kazakh philosophy. – Almaty, Kazakh university. – 2018.
- А. Қасабек. К.Н. Аликенова. Центральноазиатская наука средневековья: – Талдыкорган, ЖГУ. – 2019.
- А. Қасабек. Рухани қызметтің танымдық жаңғыру өрісі. – Талдықорған. – 2020.
- А. Қасабек, К.Аликенова, Н.Байғабатова. Рухани жаңғырудың тарихи-мәдени негіздері. – Талдықорған, 2020. – 190 б.
- А. Қасабек. Болашақ: философиялық пайымдау: – Тадықорған, Жетісу университеті. – 2021. – 103 б.