Farabi University

Әл-Фараби және оның рухани мұрасы мен нақыл сөздері

Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түрки – Шығыс ойшылының толық аты. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққан, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы.

Көрнекті ғалым, философ, математик, музыка теоретигі Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасында орналасқан Фараб қаласында (қазіргі Қазақстанның Түркістан облысының Отырар ауданы) дүниеге келген.

IX-X ғасырларда Фараб (Отырар) қаласы – ірі саяси, мәдени және сауда орталығы, ортағасырлық Еуропа мен Азияны байланыстырып, көптеген саяхатшылар мен саудагерлерді қызықтыратын Ұлы жібек жолының керуен жолдарының торабы болды. Әбу Насыр 20 жасына дейін өзі өмір сүрген Фараб қаласында ғылыми білімнің негізін алды. Мұнда оның Отырар кітапханасының философиялық және ғылыми еңбектерімен танысу мүмкіндігі болды. Отырар кітапханасы кейбір ғалымдардың пікірінше сол кездегі атақты Александрия кітапханасынан кейінгі ең бай және кітап пен қолжазбалар саны бойынша әлемде екінші кітапхана болып саналды. Өсе келе ол Бухараға, Самарқандқа, Шашқа (Ташкент) барып, біраз уақыт оқыды, жұмыс істеді.

http://elibrary.kaznu.kz/wp-content/uploads/2020/04/img_20200518_163034_hdr-1024x853.jpg

Білімін жалғастыру үшін Әбу Насыр Араб халифатының мәдени және саяси орталығы болған Бағдадқа барады. Дәл осы жерде әйгілі аудармашылар мектебі жұмыс істеді. Олар Платон, Аристотель, Гален, Евклидтің еңбектерін аударып, бұл еңбектерге ғылыми түсініктемелер жазатын. Бағдадта Әбу Насырдың тәлімгерлері Джуханна ибн Хайлан және араб тіліндегі ежелгі мәтіндердің атақты аудармашысы Абу Бишр Матта болды. Ғалым әл-Фараби ондаған тілдер мен диалектілерді меңгерді, ал түрік, араб, грек, парсы тілдерін жетік білген, оның дәлелі – жазған еңбектері.

Әл-Фараби Аристотель, Платон және басқа да ежелгі грек философтарының еңбектерінің түпнұсқасымен танысуға мүмкіндік алды. 941 жылы белгілі ғалым ретінде аты баршаға мәлім болған әл-Фараби Дамаскіге көшіп келіп, қалған өмірін осы қалада, ғылыми жұмыстармен айналысумен өткізеді.

http://elibrary.kaznu.kz/wp-content/uploads/2020/04/foto-al-farabi-karta-1024x955.jpg

 

Әбу Насыр әл-Фараби – Аристотельдің және Платонның шығармаларына жазылған түсініктемелердің авторы. Осыған байланысты әл-Фараби Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанды. Әл-Фараби Аристотельдің «Категория», «Герменевтика», «Софистика», «Риторика», «Логика» және «Поэтика» сияқты туындыларына, сонымен қатар Порфирийдің «Философияға кіріспе» сияқты туындысына және басқа да ойшылдардың туындыларына түсініктемелер жазды. Фарабидің төл шығармаларының ішіндегі ең белгілілері – «Даналық маржандары», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Философиялық трактаттар» және «Музыка туралы үлкен кітап».

Еуропада XII-XIII ғасырларда әл-Фараби еңбектері латын және иврит тілдеріне аударыла бастады. 1930-1932 жж. Парижде француз ғалымы барон Рудольф д’Эрланже «Музыка туралы үлкен кітаптың» бірінші бөлімін француз тіліне аударып, жарыққа шығарды.

http://elibrary.kaznu.kz/wp-content/uploads/2020/04/foto_3-768x1024.jpg

Әл-Фараби есімі әлемдік ғылым мен мәдениет тарихында қомақты орын алады. Оның еңбектері еуропалық Қайта өрлеу дәуіріне үлкен әсер етіп, Батыс пен Шығыстың мәдениеттері мен философияларын байланыстыратын көпір болды. Қазақстанда әл-Фараби мұрасын зерттеу мәселелері ХХ ғасырдың екінші жартысында көтерілді. Атап айтқанда, 1960 жылы 15 қазанда Ақжан Машанов (Машани) деген ғалым Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті академик К.И. Сәтбаевқа әл-Фараби мұрасын зерттеу және еңбектерін аудару туралы ғалымдардың идеясын қолдауды сұрап: «Ұлы әл-Фараби біздің жерлесіміз, бірақ біз ол туралы аз білеміз …», — деп атап өткен болатын. Осы уақыттан бастап ғалымдарымыз әл-Фарабидің өмірі мен шығармаларын зерттей бастады.

Фарабитануға қомақты үлес қосқандар қатарынан ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми орталығының негізін қалаушы А.Х. Қасымжанов; араб тілін меңгерген және әл-Фараби математикасы бойынша докторлық диссертация қорғаған әйгілі математик А.Көбесов; академик, философ М.Бурабаев сияқты ғалымдарды; белгілі қазақ жазушысы Ә.Әлімжановты атауға болады.

1970 жылы маңызды іс-шара – Ақжан Машани мен Ағын Қасымжановтың ұйымдастыруымен әл-Фарабидің 1100 жылдығына орай Алматы, Мәскеу және Бағдатта ЮНЕСКО мен Қазақ КСР Үкіметінің қолдауымен бір уақытта өткізілген әл-Фараби мұрасы жөніндегі халықаралық конференция өтті.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл саланың зерттеу қарқыны үдете түсті. 1991 жылдың 23 қазанында Қазақ ұлттық университетіне әл-Фараби есімі берілді.

2010 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен Парижде «Әл-Фараби және еуропалық Ренессанс» атты халықаралық дөңгелек үстелі өтті, оған 20 елдің фарабитанушы ғалымдары, оның ішінде қазақстандық ғалымдар қатысты.

Бүгінгі таңда жыл сайын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, әл-Фараби кітапханасында Фараби оқулары өтеді.

29 қаңтарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай салтанатты іс-шара –мерейтойлық жылдың ресми ашылуы өтті. Әл-Фарабидің мерейтойлық жылының ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, БҰҰ және ЮНЕСКО, ИЫҰ, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет ректорлары, ғылыми орталықтар мен зерттеу институттарының басшылары, белгілі шетелдік және отандық ғалымдар, оқытушылар және студенттер қатысты (https://elibrary.kaznu.kz/kk/node/5).

 

Нақыл сөдері

  • Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу.
  • Шын білім – ақиқат, анық білім.
  • Білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатады.
  • Өзгенің пікірін иемденіп кету – надандық һәм ниеті қара адамға лайық іс.
  • Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу.
  • Шын білім – ақиқат, анық білім.
  • Білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатады.
  • Өзгенің пікірін иемденіп кету – надандық һәм ниеті қара адамға лайық іс.
  • Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту.
  • Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені, аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады.
  • Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді.
  • Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты.
  • Шыншылдық адалдықпен ағалас.
  • Өрге жүзген өнегелі ісімен, Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.
  • Мінез-құлық міні – рухани кеселге жатады.
  • Мінез – жанның айнасы.
  • Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.
  • Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады.
  • Өз бойында жоқ қасиеттерге құмар кісі көлгір келеді.
  • Бейқамдық сәтсіздікке бастайды.
  • Жүргендер көп достық атын малданып, Қалмағайсың сен де бірде алданып.
  • Сұлу саз жан сергітеді.
  • Музыка – рухтың, құмарлық пен ынтызарлықтың, әр алуан көңіл-күйдің ісі.
  • Музыканың негізгі міндеті – адамның эстетикалық қажетін өтеу.
  • Адамға тән бір жақсы қасиет – өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ете алу.
  • Тән ауырса – жан да ауырады.
  • Шын беріліп қызықтаған нәрсе ғана жүрекке жетеді.
  • Ғақлия көзбен қарасаң, Дүние – ғажап, сен – есік. Жаһлы көзбен қарасаң, Дүние – қоқыс, сен – меншік.