Академиялық саясат
1.1. Академиялық саясат оқытудың барлық деңгейлерінде (жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім) білім беру бағдарламаларын іске асырудың негізгі ұғымдарын, ұйымдастыру тәртібі мен шарттарын айқындайды.
1.2. Академиялық саясат білім алушыларға, профессорлық-оқытушылық құрамға, «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ (бұдан әрі – Университет) университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғаларға арналған.
1.3. Академиялық саясат "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III Заңына, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 20.07.2022 ж. "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" №2 бұйрығына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" №595 бұйрығына, Қазақстан Республикасының басқа да қолданыстағы заңнамасына, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ҒжЖБМ) нормативтік құқықтық актілеріне және Университеттің ішкі құжаттарына сәйкес әзірленді.
1.4. Академиялық саясат мәртебесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылдың 30 қазандағы «Тиісті үлгідегі және түрдегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №595 бұйрығының «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі» атты 2-тарауының 21,22 және 40-тармақтарында көрсетілген.
1.5. Академиялық саясат Қазақстан Республикасындағы білім беру қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер өзгерген жағдайда, университеттің Жарғысы мен Даму бағдарламасына өзгерістер енгізілген жағдайда, сондай-ақ университеттің Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде қайта қаралуы мүмкін.
2.1. Академиялық еркіндік – білім беру процесінің субъектілеріне таңдау компоненті пәндері, оқытудың қосымша түрлері бойынша білім мазмұнын дербес анықтау үшін және білім алушылардың, оқытушылардың шығармашылық дамуына және оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістерін қолдануға жағдай жасау мақсатында білім беру қызметін ұйымдастыру үшін ұсынылатын білім беру процесі субъектілерінің өкілеттіктер жиынтығы.
2.2. Академиялық күнтізбе (Academic Calendar) –оқу жылы бойына демалыс күндерін (демалыстар мен мерекелерді) көрсете отырып, оқу және бақылау іс-шараларын, практикаларды өткізу күнтізбесі.
2.3. Академиялық кредит – білім алушының және (немесе) оқытушының ғылыми және (немесе) оқу жұмысы (жүктемесі) көлемінөлшеудің біріздендірілген бірлігі.
2.4. Академиялық кеңес – университеттің оқу-әдістемелік жұмысын алқалық басқару органы.
2.5. Академиялық ұтқырлық - білім алушылардың немесе оқытушы-зерттеушілердің белгілі бір академиялық кезеңге (семестрге немесе оқу жылына) оқу немесе зерттеу жүргізу үшін басқа ЖЖОКБҰ-ға (ел ішінде немесе шетелде) университетте академиялық кредиттер түрінде игерген оқу бағдарламаларын, пәндерді міндетті түрде қайта есептей отырып ауысуы.
2.6. Аттестациялық комиссия (АК) – білім беру бағдарламалары немесе даярлау бағыттары бойынша білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізуге арналған комиссия. Басқарма төрағасы-Ректордың, не оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен бекітіледі, құрамында университеттің оқытушысы немесе қызметкері болып табылмайтын төраға және ОПҚ-ның жетекші өкілдерінен тұратын комиссия мүшелері кіреді.
2.7. Оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесі –халықаралық тәжірибеде қабылданған цифрлық эквиваленті бар әріптік жүйеге сәйкес келетін және білім алушылардың рейтингін белгілеуге мүмкіндік беретін оқу жетістіктерінің деңгейін балмен бағалау жүйесі.
2.8. Академиялық мәселелер жөніндегі Департамент (АМжД) – университетте оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыратын және үйлестіретін құрылымдық бөлім.
2.9. Қос дипломдық білім беру – қос тең бағалы диплом немесе бір негізгі және екінші қосымша диплом алу мақсатында, екі білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарлары бойынша оқу мүмкіндігі.
2.10. Қашықтан оқыту – педагог пен білім алушылардың қашықтықтан, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып өзара іс-қимылы кезінде жүзеге асырылатын оқыту.
2.11. Қосымша білім беру бағдарламасы (Міnоr) – білім алушы қосымша құзыреттерді қалыптастыру мақсатында айқындаған пәндердің және (немесе) модульдердің және оқу жұмысының басқа да түрлерінің жиынтығы.
2.12. Еуропалық трансферт (аудару) және кредит жинау жүйесі (ECTS) – білім алушының шетелде алған кредиттерін өзі оқитын білім беру ұйымына оралғанда дәреже алу, сондай-ақ білім беру бағдарламасы шеңберінде кредиттер жинау үшін есептелетін кредиттерге аудару тәсілі.
2.13. Жеке оқу жоспары (ЖОЖ) – білім алушының білім алу траекториясын көрсететін құжат. Білім алушы білім беру бағдарламасы мен элективті пәндер каталогы негізінде эдвайзердің көмегімен әр оқу жылына құрастырады.
2.14. Инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерді ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім беруге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс.
2.15. Жасанды интеллект (ЖИ) – динамикалық есептеу ортасында адам миының бірқатар функционалдық мүмкіндіктерін имитациялауға мүмкіндік беретін бағдарламалық алгоритмдер жиынтығы, соның ішінде оқытушылар мен білім алушылармен құрастылғанмен бірдей немесе ішінара бірдей мәтіндік, графикалық, аудио, мультимедиялық материалдар мен құжаттарды жасау.
2.16. Зерттеу университеті – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен бес жылға даму бағдарламасын іске асыратын және өз қызметінің нәтижелерін білім мен ғылымды интеграциялауда қолданатын, жаңа білім мен технологияларды генерациялау және трансферттеу үшін пайдаланатын университет.
2.17. Қорытынды аттестация (Qualification Examination) – білім алушылардың білім беру бағдарламасында көзделген оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің және оқу қызметінің өзге де түрлерінің көлемін игеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім.
2.18. Қорытынды бақылау (Final Examination) – аралық аттестаттау кезеңінде емтихан формасында өткізілетін оқу пәнінің бағдарламасын игеру сапасын бағалау мақсатында білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау, егер пән бірнеше академиялық кезеңде оқытылса, қорытынды бақылау осы академиялық кезеңде оқытылған пән бөлігі бойынша жүргізілуі мүмкін.
2.19. Оқытудың кредиттік технологиясы – білім беру траекториясын таңдау және кредит түрінде игерілген оқу материалының көлемін есепке алу негізінде өздігінен білім алу және білімді шығармашылық игеру деңгейін арттыруға бағытталған білім беру технологиясы.
2.20. Кредиттік ұтқырлық – академиялық кредиттерді жинақтау мақсатында университетте жалғасып жатқан оқу шеңберінде білім алушыларды шетелде оқудың шектеулі кезеңіне ауыстыру (ұтқырлық кезеңінен кейін студенттер оқуды аяқтау үшін өздерінің білім беру ұйымына оралады).
2.21. Модуль – дербес, білім беру бағдарламасының құрылымдық элементін оқыту нәтижелері тұрғысынан аяқталған, айқын қалыптасқан, білім алушылар меңгеретін білім, іскерліктер, дағдылар, құзыреттер және бағалаудың адекватты критерийлері.
2.22. Модульдік оқыту – білім беру бағдарламасының модульдік құрылымы, оқу жоспары және оқу пәндері негізінде оқу процесін ұйымдастыру тәсілі.
2.23. Білім беру бағдарламасы (бұдан әрі – БББ) – оқытудың мақсаттары, нәтижелері мен мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды, оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалау критерийін қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының бірыңғай кешені.
2.24. Негізгі білім беру бағдарламасы (Major) – негізгі құзыреттерді қалыптастыру мақсатында білім алушы анықтаған білім беру бағдарламасы.
2.25. Тіркеуші кеңсесі (Office of the Registrar) – білім алушының оқу жетістіктері бойынша бүкіл мағлұматтарды тіркеумен айналысатын және білімді бақылаудың барлық түрлерін ұйымдастыруды және оның академиялық рейтингін есептеуді қамтамасыз ететін академиялық қызмет.
2.26. GPA ауысу балы – әрбір оқу жылы үшін жыл сайын белгіленетін келесі оқу курсына ауысу үшін қажетті оқу жетістіктерін орташа өлшемді бағалау деңгейі.
2.27. Кредиттерді қайта есептеу (трансфер) – университет БББ оқу жоспарына сәйкес басқа білім беру ұйымында білім алушының оқыған/жүргізген пәндерінің немесе зерттеу жұмысының көлемі мен мазмұнының пәндер/зерттеу жұмысының бағдарламасына баламалылығын білім алушы болған ЖЖОКБҰ-дан алынған құжат (транскрипт) негізінде Univer АЖ-де білім алушының транскриптіне кредиттер мен осы пәндер бойынша бағалар/зерттеу жұмысы енгізіле отырып академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында тану.
2.28. Постреквизиттер (Postrequisite) – зерделеу үшін қажет етілетін білімдер, іскерліктер, дағдылар және осы пәнді зерделеу аяқталған соң игерілетін құзыреттер қажет етілетін пәндер (модулдер) және оқу жұмысының басқа түрлері.
2.29. Білім алушыларды аралық аттестаттау – білім алушылардың оқу пәнін меңгеріп бітіргеннен кейінгі бір бөлігінің немесе бүкіл көлемінің мазмұнын меңгеру сапасын бағалау мақсатында емтихан сессиясы кезеңінде жүргізілетін рәсім.
2.30. Пререквизиттер (Prerequisite) – пәндер және (немесе) модульдер және зерделенетін пәнді игеруге қажетті білімнен, іскерліктен, дағдылар мен құзыреттерден тұратын оқу жұмысының басқа түрлері.
2.31. Оқытудың нәтижелері – білім алушылардың білім беру бағдарламасын игеру бойынша алған, көрсететін білімдерінің, іскерліктерінің, дағдыларының бағалаумен расталған көлемі және қалыптасқан құндылықтар мен қатынастар.
2.32. Білім беру бағдарламаларының тізілімі – ЖЖОКБҰ әзірлеген білім беру бағдарламаларының тізбесін қамтитын білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі.
2.33. GPA үлгерімнің орташа балы (Grade Point Average) – таңдап алған бағдарлама бойынша белгілі бір оқу кезеңі ішінде білім алушының қол жеткізген білім деңгейінің орташа өлшемді бағасы (осы оқу кезеңі ішіндегі кредиттердің жалпы санына пәндер бойынша аралық аттестаттау бағалары балдарының сандық эквивалентіндегі кредиттердің жалпы сомасының қатынасы).
2.34. Транскрипт (Transcript) – кредиттер мен бағаларды көрсететін тиісті оқу кезеңі ішіндегі игерілген пәндер тізбесі мен оқу жұмысының басқа түрлерінен құралған құжат.
2.35. Оқу жоспары (ОЖ) – міндетті компонент пәндерінің тізбесі мен кредиттерінің ең аз көлемін және практиканың барлық түрлерін, қорытынды аттестаттауды көрсете отырып, пәндер циклдері бойынша БББ құрылымы мен көлемін регламенттейтін оқу құжаты. Университеттің Ғылыми кеңесі бекітеді.
2.36. Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) – кедейлік пен жоқшылықты жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікпен күресуге, планетаны қорғауға және бүкіл халық үшін бейбітшілік пен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық қабылданған мақсаттар
3.1. Университет зерттеу университеті мәртебесіне ие және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен университетті дамыту бағдарламасын іске асыратын және іргелі, қолданбалы ғылыми зерттеулер мен өзге де ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыруға және жүргізуге қатысатын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы болып табылады.
3.2. Зерттеу университетінің негізгі міндеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде ғылыми қызмет пен білім беру процесін интеграциялау болып табылады.
3.3. Зерттеу университеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының стандарттарын дербес әзірлейді және іске асырады. Білім беру бағдарламаларын іске асыру шарттары мен игеру нәтижелеріне қойылатын талаптар мемлекеттік стандарттарда белгіленген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті бағдарламаларынан төмен болмауы тиіс.
3.4. Зерттеу университеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша бейіндік бағытта оқуға қабылдау кезінде қосымша талаптарды белгілеуге құқылы.
3.5. Университет білім беруді қайта бағалаудың, қайта қараудың және қайта мағыналаудың қазіргі және болашақ қоғамы үшін маңыздылығын түсінеді, нәтижесінде білім ТДМ-ға қол жеткізуге және барлық үш салада: экология, қоғам және экономикада тұрақтылықты қамтамасыз етуге байланысты мүмкіндігінше көп принциптерді, білімді, дағдыларды, нанымдар мен құндылықтарды қамтиды.
3.6. Білім беруді өзектендіру процесі жаһандық пәнаралық сипатта болуы керек және оған жалпы жұртшылық қатысуы керек. Тұрақты даму мүддесі үшін білім беру әр түрлі ортадан шыққан адамдарды, адам қызметінің барлық салаларының тұрақты дамуына қауіп төндіретін мәселелерді болжауға, жеңуге және шешуге үйретуге арналған. Осыған байланысты Университет тұрақты даму тақырыбын білім беру бағдарламаларына біріктіреді, университет жергілікті, республикалық және халықаралық деңгейлерде ағартушылық- ақпараттық жұмыс жүргізеді.
4.1. Оқуға қабылдау Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ҒЖБМ) жоғары білім беруді дамытудың Ұлттық орталығының білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген жоғары (бакалавриат) және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің (магистратура, докторантура) білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.
4.2. Шетел азаматтарын оқуға қабылдау жоғары (бакалавриат) және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура, докторантура) білім беру бағдарламалары бойынша жылына екі рет (жазғы қабылдау және қысқы қабылдау) жүзеге асырылады, олардың мерзімдерін қабылдау комиссиясы тиісті НҚА негізінде айқындайды.
4.3. Оқуға түсу кезінде білім алушының жеке өтінішіне сәйкес білім беру бағдарламаларының тобынан (бұдан әрі – БББТ) БББ-ға қабылданады. Білім беру бағдарламасын таңдау мәселелері бойынша білім алушыларға кеңес беруді университеттің қабылдау комиссиясы жанындағы факультеттердің кеңесшілері көрсетеді.
4.4. Университет оқуға түсушілер үшін дайындық бағытының ерекшеліктерін ескере отырып, оқуға қабылданудың шектік балын айқындайды. Оқуға қабылдау қағидаларының 2-қосымшасына сәйкес университет белгілеген шекті балын жинаған оқуға түсушілер қабылдануға жіберіледі.
4.5. Білім алушылар контингентіне қабылдау ҚР БҒМ 31.10.2018 ж. №600 бұйрығымен бекітілген «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына» сәйкес Басқарма төрағасы-Ректордың, не оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен жүзеге асырылады.
5.1. Университетте мамандар даярлау жоғары (бакалавриат) және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура, докторантура) БББ бойынша жүзеге асырылады.
5.2. Университет халықаралық/республикалық/пәндік рейтингтердің топ-300-ге кіретін және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД СУ) Желілік университеттерінің қатысушылары болып табылатын ЖОО-мен әріптестікте қосдипломды және бірлескен БББ іске асыруда.
5.3. Бакалавриаттың БББ мазмұны үш цикл пәндерінен тұрады:
- жалпы білім беру пәндері (бұдан әрі – ЖБП);
- базалық пәндер (бұдан әрі – БП);
- бейіндеуші пәндер (бұдан әрі – БП).
ЖБП циклі міндетті компонент (бұдан әрі – МК), жоғары оқу орны компоненті (бұдан әрі – ЖООК) және (немесе) таңдау компоненті (бұдан әрі – ТК) пәндерін қамтиды. Базалық пәндер және Бейіндік пәндер циклі ЖООК және ТК пәндерін қамтиды.
5.4. Магистратураның БББ мазмұны мыналардан тұрады:
- базалық және бейіндік пәндер циклдерін оқытуды қамтитын теориялық оқыту;
- магистранттарды практикалық даярлау: практиканың, ғылыми немесе кәсіби тағылымдамалардың әртүрлі түрлері;
- магистрлік диссертацияны орындауды қамтитын ғылыми-зерттеу жұмысы – ғылыми-педагогикалық магистратура үшін, немесе магистрлік жобаны орындауды қамтитын эксперименттік-зерттеу жұмысы – бейіндік магистратура үшін;
- қорытынды аттестаттау.
Базалық пәндер және бейіндік пәндер циклі ЖООК және ТК пәндерін қамтиды.
5.5. Докторантураның БББ мазмұны мыналардан тұрады:
- базалық және бейіндеуші пәндер циклдерін оқытуды қамтитын теориялық оқыту;
- практика (философия докторы бағдарламасы бойынша білім алушылар үшін – педагогикалық және зерттеу, бейіндік докторантура бағдарламасы бойынша білім алушылар үшін – өндірістік)
- докторлық диссертацияны орындауды, ғылыми тағылымдаманы, ғылыми семинарларды, диссертацияның ғылыми нәтижелерін жариялауды қамтитын докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысы;
- қорытынды аттестаттау.
Теориялық оқытудың базалық және бейіндік пәндер циклі ЖООК және ТК пәндері мен практиканы қамтиды. Бұл ретте базалық пәндер және бейіндік пәндер көлемінің арақатынасын университет дербес анықтайды.
5.6. Бакалавриаттың, магистратураның және докторантураның БББ бойынша оқу мерзімі игерілген академиялық кредиттердің көлемімен анықталады. Академиялық кредиттердің белгіленген көлемін игеру және тиісті дәрежеде білім алу үшін күтілетін оқу нәтижелеріне қол жеткізу кезінде БББ толық игерілді деп есептеледі.
5.7. Оқудың аяқталуының негізгі өлшемі болып табылады:
- бакалавриаттың БББ бойынша – студенттің оқу қызметінің барлық түрлерін қоса алғанда, білім алушылардың бүкіл оқу кезеңінде кемінде 240 академиялық кредитті игеруі;
- ғылыми-педагогикалық магистратураның БББ бойынша – магистранттың оқу және ғылыми қызметінің барлық түрлерін қоса алғанда, бүкіл оқу кезеңінде кемінде 120 академиялық кредитті игеруі;
- бейіндік магистратураның БББ бойынша – магистранттың оқу мерзімі 1 жыл болған жағдайда кемінде 60 академиялық кредитті және оқу мерзімі 1,5 жыл болған жағдайда кемінде 90 академиялық кредитті игеруі;
- докторантура БББ бойынша – докторанттың оқу және ғылыми қызметтің барлық түрлерін қоса алғанда, кемінде 180 академиялық кредитті игеруі.
5.8. БББ негізінде оқу жоспарлары (жұмыс оқу жоспарлары, білім алушылардың жеке оқу жоспарлары) қалыптастырылады және оқу пәндері бойынша жұмыс оқу бағдарламалары (силлабустар) әзірленеді.
5.9. Оқу үдерісінің барлық түрлері үшін кредиттерді сағат бойынша бөлу кезінде оқытушыларға келесі тәртіпті қолдану ұсынылады:
- әрбір кредитке (30 сағат) аудиториялық жұмысқа 9-10 сағат (30-33%) бөлу қажет;
- аудиториядан тыс жұмысқа бөлінген қалған 21-20 сағаттың 5 сағатқа дейін (25%) БАӨЖМ-ға, қалған сағаттарды-БАӨЖ-ға.
Ұсынылып отырған БАӨЖМ және БАӨЖ-ға бөлу ұсыныстық сипатқа ие. Оқытушының бастамасы бойынша БАӨЖМ мен БАӨЖ сағаттарының арақатынасын өзгертуге рұқсат етіледі.
5.10. Университетте БББ әзірлеумен кадрларды даярлау бағыттары бойынша академиялық комитеттер айналысады, олардың құрамына академиялық қызметкерлердің, жұмыс берушілердің, білім алушылардың өкілдері кіреді.
5.11. БББ міндетті түрде ҚР Жоғары білім берудің бірыңғай платформасының (ЕПВО) білім беру бағдарламаларының Тізіліміне енгізілуі тиіс, өйткені Тізілімде БББ болуы мемлекеттік білім беру тапсырысын алу үшін критерийлердің бірі болып табылады.
5.12. БББ мынадай жағдайларда факультеттің Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде Тізілімнен шығарылуы мүмкін:
- БББ бойынша 3 жыл талапкерлердің қабылданбауы;
- аккредиттеу агенттігінің теріс қорытындысы;
- түлектердің жұмысқа орналасуы 50% және одан төмен;
- сапаны бағалау нәтижелері -
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 12 қазандағы №106 "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидаларын, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу және одан шығару негіздерін бекіту туралы" бұйрығына сәйкес.
6.1. Білім беру қызметін жоспарлау оқу жылы ішінде жүзеге асырылатын оқу және бақылау іс-шаралары мен практикалардың барлық түрлерінің өткізілу кезеңдері, демалыс күндері (демалыстар мен мерекелер) көрсетілген академиялық күнтізбе негізінде іске асырылады.
6.2. Академиялық күнтізбе оқу жылына әзірленеді, ол Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен бекітіледі.
6.3. Академиялық күнтізбеде оқу сабақтарын, аралық және қорытынды аттестаттауды, кәсіптік практикаларды және оқу жылындағы оқу жұмысының басқа да түрлерін өткізу кезеңдері, демалыс күндері (демалыстар мен мерекелер) көрсетіледі. Ағымдағы оқу жылының академиялық күнтізбесіне өзгерістер негізделген қажеттілік болған жағдайда, АМжД ұсынысы бойынша енгізілуі мүмкін.
6.4. Оқу жылы ұзақтығы, әдетте, кемінде 15 апта академиялық семестрлерден, ұзақтығы 7 аптаға дейінгі аралық аттестаттау (емтихан сессиялары) және қорытынды аттестаттау (бітіру жұмыстарын қорғау) кезеңдерінен, оқу жылында ұзақтығы кемінде 7 аптаны құрайтын кәсіптік практика мен каникул кезеңдерінен тұрады. Әрбір академиялық кезең білім алушыларды аралық аттестаттаумен аяқталады, әрбір оқу пәні бір академиялық кезеңде оқытылады және қорытынды бақылаумен аяқталады.
* Модульдік оқыту кезінде Денсаулық сақтау ("Жалпы медицина", "Мейіргер ісі", "Стоматология", "Фармация" және т.б.) бағыты бойынша әрбір модуль/ БББ пәні бойынша оқыту кезеңдері жеке академиялық күнтізбемен айқындалады.
6.5. Ұзақтығы кемінде 6 апта болатын жазғы семестр (бітіру курсын қоспағанда) білім алушылардың қосымша оқу қажеттіліктерін қанағаттандыру, оқу жоспарларындағы академиялық қарызын немесе айырмашылығын жою, басқа білім беру ұйымдарында оқу пәндерін оқу және кредиттерді игеру, оларды университетте міндетті түрде қайта есепке алу, GPA жоғарылату, аралас немесе қосымша білім беру, оның ішінде қос дипломды білім беру аясында бағдарламаларды игеру үшін демалыс кезеңінде ұйымдастырылады.
6.6. Оқу сабақтарының және қорытынды бақылаудың (емтихан сессиялары) кестелерін факультет декандары Жағдаяттық басқару орталығының келісімі бойынша бекітіп, тиісті кезең басталғанға дейін екі аптадан кешіктірмей білім алушылардың назарына жеткізуі тиіс.
6.7. Білім алушылар академиялық ұтқырлық бағдарламалары немесе денсаулық жағдайы бойынша шетелдік іс-сапарларды қоспағанда, оқу және бақылау шараларын, практикалардың барлық түрлерін академиялық күнтізбеде көрсетілген мерзімде қатаң орындауы міндетті. Көрсетілген жағдайларда білім алушылар факультет деканының өкіміне сәйкес жеке кесте бойынша оқу және бақылау іс-шараларын, практиканы орындайды.
6.8. Оқытушылар оқыту және бақылау іс-шараларының барлық түрлерін академиялық күнтізбеде белгіленген мерзімде уақтылы жүзеге асыруға міндетті.
6.9. Univer АЖ-де аралық және қорытынды бақылау тізімдемелерін оқытушылардың жүйелі түрде уақытылы жаппауына жол берген кафедралар кафедра қызметінің рейтингтік бағалау жүйесінде айыппұл балдарын алады.
6.10. Оқу сабақтарын өткізу мониторингін университеттің Жағдаяттық басқару орталығы жүзеге асырады. Оқу сабақтарын өткізу мониторингі ешқандай жағдайда да білім беру үдерісіне кедергі келтірмеуі және оқытушыға және/немесе білім алушыларға қолайсыздық туғызбауы тиіс.
6.11. Оқытушы кафедра меңгерушісіне денсаулық жағдайы бойынша болмауына, қызметтік іс-сапарға және т.б. байланысты тиісті біліктілігі бар оқу және бақылау іс-шараларын, практикаларды орындау кезеңдерін ауыстыру/ұзарту қажеттілігі немесе басқа оқытушыны тағайындау қажеттілігі туралы уақтылы хабарлауға дербес жауапты болады.
6.12. Бекітілген кесте шеңберіндегі дәлелді себептермен өтпеген барлық оқу сабақтары факультет деканы бекітетін жеке кестеге сәйкес өткізілуі тиіс.
7.1. Қысқаша сипаттаманы, оқыту нәтижелерін, пререквизиттер мен постреквизиттерді қоса алғанда, тіркеуге шығарылатын пәндер туралы ақпарат пәндер (модульдер) каталогында болады және Univer АЖ-де және университеттің веб-сайтында орналастырылады. Тіркеу басталғанға дейін бітіртуші кафедралардың меңгерушілері білім алушылардың пәндерді таңдау мәселелері бойынша алдын ала әдістемелік және консультациялық жұмысты ұйымдастырады.
7.2. ЖБП циклінің пәндерін қоспағанда, білім алушылар БББ бойынша оқыту нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған оқыту траекториясын дербес айқындайды. Білім алушы меңгеру үшін жеке оқу жоспарында (ЖОЖ) көрсетілетін міндетті, жоғары оқу орны компоненттерінің және таңдау (модульдер) бойынша талап етілетін санын таңдайды. Білім алушы ЖОЖ құруға және БББ оқу жоспарының талаптарына сәйкес оқу курсын толық меңгеруге дербес жауапты болады.
7.3. Білім алушының ЖОЖ-на енгізілетін кредиттердің ең көп саны ағымдағы семестрге және оқу жылына арналған оқу жоспарында белгіленген кредиттер санына сәйкес келуі тиіс.
7.4. Пәндерді (модульдерді) таңдау пәндерді оқытудың бірізділігін міндетті түрде ескере отырып жүзеге асырылуы керек. Егер алдыңғы семестрде осы пәнге пререквизиттерді меңгермеген болса, білім алушы пәнге тіркеле алмайды.
7.5. Білім алушы жоғары оқу орны компоненті және (немесе) таңдау компоненті шеңберінде жеке оқу траекториясын айқындау кезінде «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» ҚР ҒЖБМ 20.07.2022 ж. №2 бұйрығының 2-тарауының 12-тармағына сәйкес негізгі БББ (Major) және (немесе) қосымша БББ (Minor) бойынша пәндерді таңдайды.
7.6. Тіркеу БББ және Univer АЖ пәндер каталогы негізінде факультет деканы бекіткен тіркеу кестесіне сәйкес онлайн-режимде жүзеге асырылады.
7.7. Академиялық ағындар мен топтар осы пәнге және осы оқытушыға жазылған білім алушылардың жеткілікті саны қағидаты бойынша қалыптасады. Академиялық ағын мен топтың толымдылығын университет айқындайды.
7.8. Егер оқу пәніне тіркелген білім алушылардың саны белгіленген ең аз мөлшерден аз болса, онда пән ашылмайды. Осы пәнге тіркелген білім алушылар хабардар етіледі және тіркеу аяқталғаннан кейін 3 күн ішінде пәнді қайта таңдау ұсынылады.
7.9. Жазғы семестрге тіркелу бітіруші курстың білім алушыларынан басқа, көктемгі семестр аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады. Бітіруші курс білім алушылары үшін Жазғы семестр өткізілмейді.
7.10. Тіркеуші кеңсесі эдвайзерлерді тарта отырып, пәндерді тіркеуді ұйымдастырады. Тіркеу факультет деканының бұйрығымен бекітілген арнайы дайындалған компьютерлік класстарда қатаң түрде оқудан тыс уақытта ұйымдастырылады. Әрбір білім алушыға ID (логин) сәйкестендіру нөмірі беріледі.
7.11. ЖОЖ пәндерге тіркеу рәсімі аяқталғаннан кейін автоматты түрде Univer АЖ-да қалыптастырылады. Білім алушылардың, эдвайзердің, факультет деканының және Тіркеуші кеңсесінің жетекшілік ететін қызметкерінің ЖОЖ-ды бекітуі Univer АЖ-да электрондық түрде жүзеге асырылады, онда ЖОЖ оқу мерзімінің соңына дейін сақталады.
7.12. Білім алушының ЖОЖ жүйеде жеке сәйкестендіру ID нөмірімен тіркеледі. Білім алушы Тіркеуші кеңсесінің келісімі бойынша теориялық оқыту басталғанға дейін БББ пәндер каталогы шеңберінде ЖОЖ-дың жекелеген пәндерін өзгертуге құқылы.
7.13. Дайындалуы ақылы білім беру қызметтерін көрсету шарты негізінде жүзеге асырылатын білім алушылар бір мезгілде оқыту ұзақтығын арттыра отырып, оқу жоспарында көзделгеннен аз пәндер санымен ЖОЖ қалыптастыра алады және тиісті шартты қайта жасасады.
7.14. Академиялық демалыстан оралған, оқуға қайта қабылданған немесе басқа ЖЖОКБҰ-дан ауысқан кезде Тіркеу кеңсесі білім алушыларды жеке өтініштеріне сәйкес бұрын қалыптастырылған пәндік ағындарға/топтарға тіркейді, бұл ретте білім алушылар саны аз топтарға артықшылық беріледі.
8.1. Университеттің білім беру ортасы оқытушы тарапынан барлық білім алушыларға және білім алушылардың бір-біріне гендерлік, нәсілдік/ этникалық тегіне, діни сенімдеріне, әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне, білім алушының физикалық денсаулығына және т.б. қарамастан қолдау мен тең қарым-қатынас әрқашан болатын қауіпсіз орын ретінде ойластырылған.
8.2. Университет оқытушылары мен қызметкерлері қолдауды қажет ететін білім алушыларды біліп көңіл аударып және бағыттауы керек.
8.3. Адамның құндылығы оның қабілеттері мен жетістіктеріне байланысты емес. Әр адам ойлауға және сезінуге қабілетті. Әрбір адамның тілдесуге және өз ойымен бөлісуге құқығы бар. Шынайы білім беру оқытушы мен білім алушы арасындағы, сондай-ақ білім алушылар арасындағы нақты сенімді және ұқыпты қарым-қатынас контекстінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
8.4. Барлық адамдар құрдастары мен курстастарының қолдауы мен достығына мұқтаж. Жан-жақтылық өмірдің барлық аспектілерін күшейтеді.
8.5. Оқытушы силлабусқа инклюзивті білім берудің негізгі қағидаларын енгізеді, олар оқытушының, барлық білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасайтын инклюзивті оқыту қағидаларын ұстанатынын хабардар етуі тиіс.
8.6. Университет инклюзивті білім беру мақсаттарын іске асыра отырып, даму мүмкіндіктері шектеулі білім алушыларға білім алудың, дамудың бұзылуын түзетудің және білім берудің барлық деңгейлерінде әлеуметтік бейімделудің арнайы жағдайларын қамтамасыз етеді.
8.7. Университет кемсітушілікке қарсы саясатты ұстанады – қорқыту мен қудалау мүлдем орын алмауы қажет. Егер білім алушы қорқыту/қудалау жағдайын байқаса, ол бұл туралы оқытушыға хабарлауы керек. Егер оқытушы заңсыз әрекеттер жасаса, білім алушы бұл туралы куратор-эдвайзерге, деканның оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына, факультет деканына хабарлауы қажет.
9.1. Білім алушылар бекітілген кестеге сәйкес оқу сабақтарының барлық түрлеріне қатысуға міндетті. Сабақты құжатпен расталған дәлелді себепсіз өткізіп жіберуге жол болмайды.
9.2. Сабақты өткізіп жіберудің дәлелді себептеріне мыналар жатады:
- медициналық мекемеден шыққаннан кейін 3 күн ішінде факультет деканатына ұсынылған денсаулық жағдайы туралы анықтамамен расталған медициналық айғақтар;
- іс-сапар туралы бұйрықпен расталған шетелдік іс-сапарға шығу;
- іс-сапар туралы бұйрықпен расталған оқу немесе қызметтік іс-сапар;
- университет әкімшілігінің келісімімен республикалық деңгейдегі спорттық және басқа да іс-шараларға қатысу;
- құжатпен расталған өзге де мән-жағдайлар.
9.3. Бір академиялық кезең (семестр) ішінде дәлелсіз себеппен 72 және одан да көп сағаттық оқу сабақтарын өткізіп алған білім алушылар тиісті факультеттің Әдеп жөніндегі Кеңесінің ұсынысы бойынша (тәртіптік жаза болған жағдайда) университеттен шығарылады.
9.4. Денсаулық жағдайына байланысты 5 аптадан артық оқу сабақтарына қатыспаған білім алушылар «Тиісті үлгідегі және түрдегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылдың 30 қазандағы №595 бұйрығына сәйкес академиялық демалысты рәсімдеуге тиіс.
9.5. Төтенше жағдайлар (пандемия және т.б.) жағдайында білім алушылар «Санитариялық-эпидемиологиялық режимді (СЭР) қамтамасыз ету Регламентіне» және денсаулық сақтау, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органдардың ұсынымдарына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық режимнің (СЭР) талаптарын сақтауға тиіс.
9.6. Егер жіберіп алған сабақ саны пән бойынша оқу сабақтарының 50%-нан аспаса, дәлелді себептермен жіберілген сабақтарды өтеуге рұқсат етіледі. Оқу сабақтарын жіберіп алған білім алушы растайтын құжаттарды қоса факультет деканының атына тиісті өтініш береді. Факультет деканының өкімімен жіберілген сабақтарды өтеудің жеке кестесі бекітіледі.
9.7 Пән бойынша оқу сабақтарының 50%-дан астамын өткізіп алған жағдайда, білім алушы автоматты түрде «F» – «қанағаттанарлықсыз» бағасын алады және пән бойынша қорытынды бақылауға жіберілмейді, құжаттамалық дәлелді себептері бар жағдайларды қоспағанда.
9.8. Университеттің оқу үдерісінде қашықтан білім беру технологиялары «Қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарға және қашықтан оқыту бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқыту нысанында оқу үдерісін ұйымдастыру қағидаларын» бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылдың 20 наурыздағы №137 бұйрығына сәйкес іске асырылады.
9.9. Қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, оқу үдерісін ұйымдастыру ҚББТ қолдана отырып оқытуды ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
9.10. Университетте келесі білім алушыларға қатысты қашықтан білім беру технологияларын (ҚББТ) қолдануға рұқсат етіледі:
ҚББТ*-ға ауыстыру үшін рұқсат етілген максималды көлем
№ |
Білім алушылардың категориясы |
Оқу кезеңіндегі академиялық кредиттердің жалпы көлемінің максималды көлемі |
|
Денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бар |
50%-дан көп емес |
|
Халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарының, спорттық жарыстардың, зияткерлік және шығармашылық конкурстар мен фестивальдардың қатысушылары |
50%-дан көп емес |
|
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқандар |
20%-дан көп емес |
|
Қос дипломды бағдарламалар және білім алушылармен алмасу бағдарламалары бойынша білім алып жатқандар |
50%-дан көп емес |
|
Ересектерге бейресми білім беру арқылы, оның ішінде ЖАОК арқылы жеке пәндерді меңгеріп жатқандар |
20%-дан көп емес |
|
Педагогика ғылымдары, құқық, авиациялық техника және технологиялар, құрылыс, теңіз техникасы және технологиялар, денсаулық сақтау, әскери іс салаларында БББ бойынша білім алып жатқандар |
20%-дан көп емес |
|
Педагогика ғылымдары, құқық, авиациялық техника және технологиялар, құрылыс, теңіз техникасы және технологиялар, денсаулық сақтау, әскери іс саласына кірмейтін БББ бойынша білім алып жатқандар |
50%-дан көп емес |
*ҚББТ пайдалана отырып оқытуды ұйымдастыру жөніндегі өзге де шарттар факультеттердің регламенттеуші және рұқсат беру құжаттары арқылы айқындалады.
9.11. Білім алушылар ҚББТ қолдана отырып, оқу сабақтарына қатысуға міндетті: кестеге сәйкес синхронды түрде, оқытушы белгілеген дедлайндарға (тапсырманы орындау мерзімі) сәйкес асинхронды түрде.
9.12. ҚББТ-мен оқуға тіркелу үшін білім алушы Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі-проректордың атына бітіртуші кафедра меңгерушісі мен факультет деканының визаларымен тиісті өтініш береді. ҚББТ қолдана отырып оқуға ауыстыру Басқарма төрағасы-Ректордың немесе оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен рәсімделеді.
9.13. Оқу үдерісін тікелей сүйемелдеуді онлайн курстың тьюторы – оқытушы немесе басшылық лауазымда жоқ факультет маманы жүзеге асырады.
9.14. Академиялық ұтқырлық бойынша шетелдік іс-сапардан оралған, іс-сапар қорытындысы бойынша академиялық қарызы болған білім алушылар факультет деканының атына жеке оқу кестесі бойынша тиісті пәндерді оқу туралы өтініш береді. Бұл ретте олар академиялық қарыз пәндері бойынша қорытынды емтихандарды тапсыруы тиіс.
9.15. Денсаулық мүмкіндіктері уақытша шектелген және университет аумағында тұрақты қатысу мүмкіндігі жоқ адамдарға арналған оқу сабақтары факультет деканының шешімі негізінде асинхронды және/немесе синхронды оқыту форматы арқылы ұйымдастырылады.
10.1. Білім алушылардың ғылыми-зерттеу (эксперименттік-зерттеу) жұмысы – білім алушылар игеретін білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келетін ғылым саласының өзекті проблемасының ғылыми жетекшісінің (консультанттың) басшылығымен дербес зерттеу. Орындалған ғылыми-зерттеу (эксперименттік-зерттеу) жұмысының қорытындысы бойынша білім алушы ғылыми жұмыстарды ғылыми басылымдарда жариялайды, сондай-ақ бітіру жұмысын (дипломдық жұмыс/жоба, магистрлік диссертация/жоба, докторлық диссертация) көпшілік алдында қорғауға ұсынады.
10.2. Ғылыми-зерттеу (эксперименттік-зерттеу) жұмысын орындау үшін магистранттар мен докторанттар ЖОЖ-дан басқа, ғылыми-зерттеу/эксперименттік-зерттеу жұмысының жеке жоспарын, практикадан өту жоспарын, негіздемесі мен құрылымы бар диссертация тақырыбын, диссертацияны орындау жоспарын, ғылыми жарияланымдар жоспарын, ғылыми жарияланымдар мен тағылымдамалардың жоспары және т.б. қамтитын бүкіл оқу кезеңіне арналған жеке жұмыс жоспарларын жасайды және бекітеді.
10.3. Магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу (эксперименттік-зерттеу) жұмыстарын орындау кредиттері оқу семестрлері бойынша бөлінген.
10.4. Әрбір академиялық кезеңнің соңында магистранттар мен докторанттар ғылыми жетекшінің/ғылыми кеңесшілердің қатысуымен бітіруші кафедраның отырысында атқарылған жұмыс нәтижелерінің презентациясын ұсынады. Магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелерін аралық аттестаттаудан өткізуі «Магистранттың ғылыми-зерттеу жұмысы», «Докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысы» рәсімдерімен реттеледі.
10.5. Магистранттар мен докторанттар жеке жұмыс жоспарын орындау шеңберінде диссертациялық зерттеу тақырыбы бойынша, әдетте, жетекші ЖЖОКБҰ-да және/немесе ірі зерттеу орталығында міндетті тағылымдамадан өтуі тиіс. Магистранттар мен докторанттардың ғылыми тағылымдаманы ұйымдастыру және өтуі «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратура туралы Ережесімен», «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторантура туралы Ережесімен», «Академиялық ұтқырлық туралы Ережесімен» реттеледі.
10.6. Тәжірибелік-зерттеу жұмыстары (бұдан әрі – ТЗЖ) шеңберінде үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламалары бойынша инновациялық технологиялармен және өндірістің жаңа түрлерімен танысу үшін білім алушының жеке жұмыс жоспарында денсаулық сақтау саласының ғылыми ұйымдарында және (немесе) ұйымдарында ғылыми тағылымдамадан міндетті түрде өту көзделеді.
10.7. Білім алушылар ЖОЖ мен академиялық күнтізбеге қатаң сәйкестікте ғылыми зерттеу, зерттеу практикалары мен тағылымдамаларын жүргізу, бітіру жұмысын көпшілік алдында қорғауға дайындауға байланысты жұмыстардың барлық түрлерінің уақтылы, сапалы орындалуына жауапты болады.
10.8. Ғылыми-зерттеу (эксперименттік-зерттеу) жұмысының нәтижелері қанағаттанарлықсыз деп бағаланған білім алушылар келесі академиялық кезеңде ақылы негізде тиісті кредиттерді игереді.
10.9. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің БББ іске асырудың міндетті талаптары мен тәртібі, сондай-ақ ғылыми жетекшілерді/кеңесшілерді тағайындауға қатысты мәселелер, магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу (эксперименттік-зерттеу) жұмысын жүргізу рәсімдері мынадай ішкі құжаттармен реттеледі:
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі магистратура туралы ереже;
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі докторантура туралы ереже ; «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі дипломдық жұмыстардың/жобалардың жетекшілеріне қойылатын біліктілік талаптары туралы» регламент;
- «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі магистрлік диссертациялардың/жобалардың ғылыми жетекшілеріне қойылатын біліктілік талаптары туралы» регламент;
- «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі докторанттардың ғылыми консультанттарына қойылатын біліктілік талаптары туралы» регламент;
- «Магистранттың ғылыми-зерттеу жұмысы» рәсімі;
- «Докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысы» рәсімі.
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымының әдеп кодексі.
11.1. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау және күтілетін оқыту нәтижелерін қалыптастыру үшін бақылаудың келесі түрлері қарастырылған:
- ағымдағы бақылау;
- аралық бақылау;
- қорытынды бақылау (қорытынды емтихан).
11.2. Ағымдағы бақылау – оқытушының академиялық кезең ішінде силлабусқа сәйкес аудиториялық және аудиториядан тыс сабақтарда білім алушылардың білімін жүйелі түрде тексеру. Ағымдағы бақылау тапсырмаларын орындағаны үшін балл пәннің силлабусында орындалатын тапсырмалардың саны мен күрделілік дәрежесіне сәйкес апта бойынша бөлінеді.
Ағымдағы бақылаудың бағалары пән силлабусына сәйкес тиісті оқу аптасы үшін ең жоғары балл санына қатаң сәйкес Univer АЖ-дегі қатысу журналына қойылады. Аттестаттау аптасында қойылған балдар саны тиісті апта үшін пәннің силлабусында белгіленген рұқсат етілген ең жоғары саннан аспауы тиіс.
11.3. Аралық бақылау (АБ) – академиялық күнтізбеге сәйкес жүзеге асырылатын оқу пәні шеңберіндегі білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау. Университетте екі аралық бақылау белгіленген (АБ1 және АБ2):
- АБ1 семестрдің алғашқы 7 аптасындағы үлгерімді бағалайды;
- АБ2 семестрдің 8-ші аптасынан 15-ші аптаға дейінгі кезеңдегі оқу үлгерімін бағалайды.
*Модульдік оқыту кезінде әрбір пән бойынша АБ1 және АБ2 кезеңдері жеке академиялық күнтізбемен айқындалады.
11.4. Аралық бақылаудың бағалары академиялық күнтізбеде көрсетілген тиісті аттестаттау аптасының сенбі күні сағат 23.59-ға дейін Univer АЖ-дағы аралық бақылау тізімдемесіне қойылады. АБ1 және АБ2 балдарын қорытынды емтиханды тапсырғаннан кейін өзгертуге жол берілмейді.
*Модульдік оқыту кезінде әрбір пән бойынша АБ1 және АБ2 кезеңдері жеке академиялық күнтізбемен айқындалады.
11.5. Ағымдық және аралық бақылау жүргізу формасын оқытушы белгілейді, пәннің силлабусына енгізеді және білім алушылардың назарына жеткізіледі.
11.6. Пән бойынша қорытынды бақылау қорытынды емтихан формасында жүзеге асырылады. Пән бойынша қорытынды емтихан ұзақтығы 2 аптадан кем емес аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) кезеңінде өткізіледі.
Пән бойынша қорытынды бақылауды, әдетте, осы пәннің оқытушысы жүзеге асырады. Әрбір оқу пәні бойынша қорытынды емтиханның формасын/платформасын оқытушы айқындайды, пән силлабусына енгізеді, білім алушылардың назарына академиялық кезең басталғаннан кейін бір ай мерзімнен кешіктірмей жеткізеді және Univer АЖ енгізеді. Мұғалім ағымдағы, аралық, қорытынды бақылауға арналған тапсырмаларды дайындау барысында пән бойынша қорытынды бақылау бағдарламасында тапсырмаларды қалыптастыру кезінде көмекші құралдар ретінде пайдаланылатын жүйелерге сілтемелерді көрсете отырып, жасанды интеллект (чат-боттар) қолданатын жүйелерді пайдалана алады. Қорытынды емтиханның нәтижелері Univer АЖ жеке емтихан тізімдемесіне енгізеді. Қорытынды бақылау бағаларын осы пән бойынша оқытушы-емтихан қабылдаушы Univer АЖ-ға емтихан аяқталғаннан кейін 48 сағат ішінде енгізеді.
*Модульдік оқыту кезінде әрбір пән бойынша қорытынды бақылау кезеңдері жеке академиялық күнтізбемен айқындалады.
11.7. Оқытушы онлайн курсты/тарды білім беру үдерісіне интеграциялаған жағдайда (бекітілген интеграция картасы болған жағдайда) білім алушылар осы пән бойынша қорытынды бақылау формасы ретінде альтернативті емтихан – онлайн курстардың сертификаттарын қайта есептеуді таңдай алады. Альтернативті емтихан Қашықтан білім беру технологияларын қолдана отырып, қорытынды бақылау жүргізу нұсқаулығында бекітілген регламентке сәйкес өткізіледі.
11.8. Оқу нәтижелерін бағалау университеттің оқу нәтижелерін бағалау саясатына сәйкес жүргізіледі. Ағымдағы бақылауды бағалау пән бойынша білімді қорытынды бағалаудың 60% - құрайды, қорытынды емтиханды бағалау пән бойынша қорытынды бағалаудың 40% - құрайды.
Бақылаудың барлық түрлері 100 балдық шкала бойынша бағалауды қамтиды. Пәннің аралық бақылаулары бойынша үлгерімнің ең жоғары көрсеткіші ағымдағы бақылаулардың нәтижелерін қоса алғанда, әрбір аралық бақылау үшін ең жоғары 100 балды құрайды.
11.9. Білім алушылардың оқу жетістіктері (білімі, іскерліктері, дағдылары мен құзыреттері) халықаралық практикада қабылданған цифрлық эквиваленті бар әріптік жүйеге сәйкес келетін 100 балдық шкала бойынша балмен бағаланады.
Білім алушылардың оқу жетістіктерін дәстүрлі бағалау шкаласы мен ECTS-ке аудара отырып, оларды есепке алуды бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесі
Әріптік жүйе бойынша бағалау |
Сандық эквивалент |
Балдар (%-дық құрамы) |
Дәстүрлі жүйе бойынша бағалау |
А |
4,0 |
95-100 |
Өте жақсы |
А- |
3,67 |
90-94 |
|
В+ |
3,33 |
85-89 |
Жақсы |
В |
3,0 |
80-84 |
|
В- |
2,67 |
75-79 |
|
С+ |
2,33 |
70-74 |
|
С |
2,0 |
65-69 |
Қанағаттанарлық |
С- |
1,67 |
60-64 |
|
D+ |
1,33 |
55-59 |
|
D |
1,0 |
50-54 |
|
FX |
0,5 |
25-49 |
Қанағаттанарлықсыз |
F |
0 |
0-24 |
11.10. Тілдер (қазақ, шетел, орыс) бойынша білім алушылардың оқу жетістіктері деңгейлік модельге және ECTS (иситиэс)-ке аудару және дәстүрлі шкалаға сәйкес шет тілдері бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесіне сәйкес бағаланады.
Тілді меңгеру деңгейі мен сипаттамасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 "Тиісті типтегі және түрдегі білім беру ұйымдары қызметінің Үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына 2-қосымшаға сәйкес шет тілін (А1, А2, В1, В2, С1, С2) меңгерудің жалпыеуропалық құзыретіне сәйкес келеді.
11.11. Пәнге тыңдаушы ретінде тіркелген және пәнге қорытынды баға алмай қатысатын білім алушылар үшін «Audit» (AU) – «тыңдалды» бағасы қойылады. Пән тыңдаушылары университеттің білім алушылары да, осы пән бойынша оқу ақысын төлеген Университетте білім алушылар қатарына қабылданбаған адамдар да бола алады. Пәндерді тыңдау университетте белгіленген құны бойынша толық көлемде төленеді.
«Audit» (AU) – «тыңдалды» бағасы білім алушының транскриптіне оқу қорытындысы бойынша басқа ЖЖОКБҰ-ға енгізілуі мүмкін. Бұл жағдайда бітіртуші кафедра пәнді транскриптке енгізуге ұсынысты рәсімдеуі тиіс, онда басқа ЖЖОКБҰ-да тыңдалған пәннің атауы үш тілде (мемлекеттік, орыс және ағылшын) және кредиттер саны көрсетілуі тиіс. Ұсынысқа білім алушының жеке өтініші қоса беріледі.
11.12. Егер білім алушы семестр бойы аралық бақылау бойынша кемінде 50 балл жинаса және емтиханға дәлелді себеппен келмесе, құжатпен расталған «I» (Incomplete) – «аяқталмаған» бағасы қойылады.
11.13. Қорытынды бақылауға екі аралық бақылаудың қорытындысы бойынша кемінде 50 балл ((АБ1+АБ2)/2) жинаған білім алушылар жіберіледі. Қорытынды емтихан үшін ең жоғары баға – 100 бал.
11.14. Емтихан сессиясына жіберу факультет деканының өкімімен рәсімделеді. Қорытынды бақылауға (емтиханға) мына тұлғалар жіберілмейді:
- аралық бақылау қорытындысы бойынша 50 балдан төмен жинаған білім алушылар (АБ1+АБ2)/2;
- дәлелді себепсіз пән бойынша 50% - дан астам оқу сабақтарын өткізіп алған білім алушылар;
- оқу, жатақханада тұру ақысын төлеу бойынша қарызы бар, ақылы білім беру қызметтерін көрсету шарты негізінде білім алушылар.
11.15. Пән бойынша қорытынды емтиханды тапсырмаған білім алушы «I» бағасын алу үшін емтихан өткізілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей немесе денсаулық жағдайы бойынша емтиханға қатыса алмайтындығы туралы анықтама берілген күннен кешіктірмей емтиханды өткізіп алу себептерін көрсете отырып және растайтын құжаттардың (анықтамалардың) түпнұсқаларын қоса бере отырып, факультет деканының қарауына өтініш ұсынады. Емтиханның дәлелді себептермен өткізілмегені танылған жағдайда факультет деканының өкімімен білім алушыға «I» бағасы қойылады және емтихан сессиясынан кейінгі кезеңде емтихан тапсырудың жеке кестесі белгіленеді.
Деканат жоғарыда көрсетілген құжаттарды электрондық түрде білім алушыны «I» тапсыруға жіберу үшін электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы Тіркеуші кеңсесіне жібереді. Егер «Incomplete» бағасы бар білім алушы белгіленген уақыт кезеңі ішінде (сессия аяқталғаннан кейін 35 күннен кешіктірмей) барлық талаптарды орындамаса, тіркеуші кеңсесі «I» бағасын «F», яғни «қанағаттанарлықсыз» деп ауыстырады. Пән бойынша қорытынды бақылау нәтижесімен (емтихан үшін баға) келіспейтін білім алушы Univer АЖ-да емтихан нәтижелерін электрондық тізімдемеге қойғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қорытынды бақылау (емтихан сессиясын) өткізу қағидаларының 3-тарауына сәйкес дәлелді жазбаша өтініш беруге құқылы.
11.16. «AU», «F» бағалары пәнді қайта өту арқылы өзгертілуі мүмкін, бірақ олардың барлығы транскриптке өзгертілген бағамен бірге енгізіледі, бұл ретте GPA соңғы алынған бағалау бойынша есептеледі.
11.17. «Fх» (25-49) бағасына сәйкес келетін «қанағаттанарлықсыз» деген баға алған жағдайда, білім алушы осы баға алынған емтихан сессиясынан кейін бірден арнайы бөлінген уақыт кезеңінде оқу пәнінің/модуль бағдарламасының қайта өтуінсіз ақылы негізде қорытынды бақылауды қайта тапсыру мүмкіндігіне ие болады.
11.18. Білім алушылар шет тілдері бойынша 0-49 балл алған жағдайда (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығына 2-қосымшаға сәйкес.) оның бағасы "F" - ке теңестіріледі және білім алушы ақылы негізде осы оқу пәніне қайта жазылады, оқу сабақтарының барлық түрлеріне қатысады, бағдарламаға сәйкес оқу жұмысының барлық түрлерін орындайды және қорытынды бақылауды қайта тапсырады.
11.19. Басқа ЖЖОКБҰ-дан ауысып келген және оқуға қайта қабылданған жағдайда бұрын алынған "F" ("қанағаттанарлықсыз") бағасы Универ АЖ-не деканның ұсынысы бойынша "Салем-офис" арқылы оның академиялық тарихы ретінде енгізіледі және «қайта тапсыру» ретінде рәсімделеді.
11.20. «FХ» қайта тапсыру кезінде «F» немесе тағы «FХ» бағасын алған жағдайда білім алушы ақылы негізде осы оқу пәніне/модуліне қайта жазылады, оқу сабақтарының барлық түрлеріне қатысады, бағдарламаға сәйкес оқу жұмысының барлық түрлерін орындайды және қорытынды бақылауды қайта тапсырады.
11.21. Егер білім алушы белгіленген кезеңде «FХ» бағасын қайта тапсыруға келмесе, бұл баға «F» («қанағаттанарлықсыз») бағасына ауыстырылады және бұдан әрі ол академиялық қарыз болып есептеледі, мұны жою үшін білім алушы келесі семестрде оқу сабақтарының барлық түрлерін ақылы негізде қайта оқып, оқу жұмысының барлық түрлерін орындауы қажет, соңынан пән бойынша қорытынды емтихан тапсырады.
11.22. «FХ» бағасымен емтиханды қайта тапсыруға бір рет қана рұқсат етіледі. Емтихан нәтижелерінің апелляциясы және «I» бағасын стандартты бағаға ауыстыру үшін емтихан тапсырған білім алушылар үшін «FX» (қажет болған жағдайда) бағасын қайта тапсыру жоғарыда сипатталған тәртіппен жүзеге асырылады. Егер білім алушы бағалауды түзетудің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін университеттен шықса, «I» бағасы транскриптте өзгеріссіз қалады.
11.23. Қорытынды бақылау жүргізу ережелерінің талаптарын бұзған білім алушыға (рұқсат етілмеген қосалқы құралдарды, ұялы телефондарды пайдалану, себепсіз кешігу және т.б.) «F» бағасы Жағдаяттық басқару орталығы тіркеген тәртіп бұзушылық туралы актінің негізінде автоматты түрде қойылады. Акт шағымдануға және апелляцияға жатпайды.
Жауапты қалыптастыру кезінде жасанды интеллект жүйелерін пайдалану жолымен жазбаша онлайн емтихандарда "Қорытынды бақылау жүргізу қағидаларының" талаптарын бұзған білім алушының жұмысын оқытушы – емтихан алушы жауапты дайындау кезінде АИ жүйелерін пайдалануды растау (теріске шығару) мәніне егжей-тегжейлі талдауы тиіс. Талдаудан кейін оқытушы білім алушының жұмысына сараптамалық қорытынды дайындайды, онда білім алушының жұмысын жою (не бағалау үшін жіберу) пайдасына егжей-тегжейлі дәлелдер келтіреді.
Сараптамалық қорытынды негізінде жойылған (не апелляцияланған) баға деканның "Салем-офис" арқылы 24 сағат ішінде ұсынысынан кейін "Универ" АЖ-не енгізіледі.
Қорытынды бақылау жүргізу қағидаларының бұзылғаны туралы мәліметтер білім алушының транскриптіне енгізіледі. Қорытынды бақылау жүргізу ережелерін қайталап бұзғаны үшін білім алушы факультеттің Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралуы тиіс.
11.24. Білім алушы «F» бағасын алған жағдайда, пәндерді ақылы негізде қайта оқуға (Retake) құқылы.
Retake бойынша сабақ басталғаннан бастап білім беру қызметтерін алған кезде білім алушы пәннен бас тартуға құқылы емес, олай болмаған жағдайда білім алушыға пән үшін «F» бағасы қойылады. Пән үшін төленген төлем білім алушыға қайтарылмайды.
11.25. Таңдау компонентінің пәні бойынша қанағаттанарлықсыз баға алған білім алушы белгіленген тәртіппен сол пәнді қайта оқуға немесе сол компоненттің басқа элективті пәніне ауыстыруға құқылы. Пәнді ауыстыру эдвайзермен және Тіркеуші Кеңсесімен келісілуі керек.
11.26. Қорытынды бақылау (емтихан) бойынша оң бағаны көтеру мақсатында осы кезеңде қайта тапсыруға рұқсат етілмейді.
11.27. Оқуға ақы төлеу бойынша қарызына байланысты қорытынды емтихандарға жіберілмеген білім алушылар қаржылық қарызын өтеуі керек және емтихан сессиясы аяқталғаннан кейін 35 күнтізбелік күн ішінде емтихан бағаларын тиісті тізімдемеге қою үшін емтихан тапсыруы тиіс. Олай болмаған жағдайда білім алушы академиялық саясат ережелерін бұзғаны үшін университеттен шығарылуға ұсынылады.
11.28. Курс бағдарламасын толық көлемде орындаған, бірақ ең төменгі өту балын жинай алмаған білім алушыларға GPA жоғарылату мақсатында жазғы семестрде жекелеген пәндерді ақылы негізде қайта оқуға және қорытынды емтихандарды қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі.
11.29. GPA жинаған білім алушылар Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі-проректордың бұйрығымен келесі курсқа ауыстырылады. Курстан курсқа ауысу үшін талап етілетін GPA балын университеттің Ғылыми кеңесі белгілейді. GPA жинамаған білім алушы ақылы негізде қайта оқу курсына қалады.
11.30. Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері болып табылатын, қайта оқу курсына қалдырылған білім алушылар білім беру грантынан айырылады және одан әрі оқуын тек ақылы негізде жалғастырады.
11.31. Білім алушылар қайта оқуға немесе айырмашылықты жою үшін келесі жағдайларда тіркеледі:
- академиялық қарыз болған жағдайда – қорытынды бақылау (емтихан сессиялары) қорытындысы бойынша «қанағаттанарлықсыз» бағасы бар пәндері болған жағдайда;
- басқа ЖЖОКБҰ-дан немесе басқа БББ-дан ауысу кезінде, білім алушылар контингентіне оқудан шығарылғаннан кейін қайта қабылдану, ұзақ мерзімді шетелдік іссапар немесе академиялық демалыс кезінде академиялық айырмашылық пәндері болған кезде;
- GPA үлгерімінің орташа балын арттыру үшін.
11.32. Қайта немесе қосымша оқыту мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын академиялық демалыстан немесе академиялық ұтқырлық бағдарламасынан қайтуға байланысты пайда болған академиялық айырманы зерделеуді қоспағанда, білім беру қызметтерін өтеулі көрсету шарттары негізінде жүзеге асырылады.
11.33. Жазғы семестрді қоса алғанда, ағымдағы оқу жылы ішінде жойылмаған жұмыс оқу жоспары пәндеріндегі академиялық айырмашылық академиялық қарыз ретінде ескеріледі және білім алушыны ақылы негізде қайта оқу курсына ауыстыру үшін негіз болып табылады.
11.34. Академиялық қарызды жою мақсатында қайта оқытуды факультет деканаты ұйымдастырады және факультеттің өкімі негізінде АМжД пен факультет деканаты білім беру қызметін өтеулі көрсету шартына сәйкес оқу ақысын төлеу фактісі бойынша және Univer АЖ арқылы электрондық түрде білім алушыларға берілетін қайта оқытуға өтінім бекітілгеннен кейін береді.
11.35. Кредиттердің рұқсат етілген санынан асатын академиялық қарызы болған жағдайда, университеттің жазғы семестрінде оқуға тіркелген жағдайда, білім алушы кредиттерді одан әрі қайта есептей отырып, өзге ұлттық ЖЖОКБҰ-дағы пәндерді игеруге құқылы.
11.36. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) қорытындылары бойынша барлық емтихандарды «А», «А-», «В+», «В», «В-», »С+» бағаларымен тапсырған жағдайда мемлекеттік стипендия есептеледі. «FХ»-ті оң бағаға қайта тапсыру фактісі стипендия тағайындауға әсер етпейді.
11.37. Транскриптке емтиханды қайта тапсырудың оң нәтижелерін қоса алғанда, студенттің барлық қорытынды бағалары жазылады.
11.38. Пән бойынша қорытынды баға білім алушының аралық, сондай-ақ қорытынды бақылау бойынша оң бағалары болған жағдайда ғана есептеледі және мынадай формула бойынша есептеледі: (АБ1+ АБ 2)/2х0,6+(ҚЕх0,4).
11.39. Емтихан сессияларының ұзақтығы мен емтихандар саны БББ бекітілген жұмыс оқу жоспарына және академиялық күнтізбеге сәйкес айқындалады. Білім алушылар барлық емтихандарды пәндердің бекітілген оқу бағдарламалары бойынша жұмыс және жеке оқу жоспарына қатаң сәйкестікте тапсыруы тиіс.
11.40. Емтихан сессиясын өткізу тәртібі Қорытынды бақылауды (емтихан сессиясын) өткізу қағидаларымен, Қашықтан білім беру технологияларын қолдана отырып, қорытынды бақылауды жүргізуге арналған нұсқаулықпен (қорытынды бақылауды онлайн/аралас форматта жүргізген жағдайда) регламенттеледі.
Қашықтан білім беру технологияларын қолдана отырып БББ бойынша емтихан сессиялары, олардың оқу жылындағы кезеңдері мен саны білім беру бағдарламаларының бекітілген оқу жоспарларымен айқындалады.
11.41. Оқу жұмыс жоспарының талаптарын орындамаған және белгіленген GPA өту балын жинамаған, бар академиялық қарызын күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін жоймаған білім алушылар гранттан айырыла отырып, ақылы негізде қайта оқу жылына қалады.
11.42. Қайта оқу жылына қалдырылған және белгіленген мерзімде (ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін) өтеулі білім беру қызметтерін көрсету шартын жасаспаған білім алушылар оқудан шығарылады.
11.43. Университеттің барлық білім алушылары қорытынды бақылауды (емтихан сессиясын) өткізу қағидаларымен және оқу жетістіктерін қорытынды бақылауды жүргізу кезінде білім алушылардың мінез-құлқына қойылатын талаптарды белгілейтін университеттің академиялық адалдық саясатымен танысуы тиіс. Білім алушылардың жоғарыда көрсетілген нормативтік құжаттармен уақтылы танысуына жауапкершілік бітіртуші кафедраға жүктеледі.
11.44. Емтихан сессиясын ұйымдастыру және өткізу жауапкершілігі факультет деканатына, Жағдаяттық басқару орталығына, АМжД-ке және Тіркеу кеңсесіне жүктеледі.
Қорытынды бақылауды (емтихан сессиясын) өткізу қағидаларының, сондай-ақ Академиялық адалдық саясаты талаптарының сақталуын бақылауды және мониторингілеуді университеттің Жағдаяттық басқару орталығы жүзеге асырады.
12.1. Білім алушылар жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасын игеру барысында БББ оқу жоспарларында көзделген кәсіби практикадан өтеді.
12.2. Кәсіби практиканың негізгі және міндетті түрлері: оқу, педагогикалық, өндірістік және дипломалды.
12.3. Практиканың барлық түрлері практика жетекшілерінің басшылығымен практиканы ұйымдастыруға және өту шарттарына қойылатын негізгі талаптарды қамтитын практика бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі.
12.4. Практика бағдарламасын БББ бейінін, оқытудың күтілетін нәтижелерін, практика базасының сипатын ескере отырып, бітіртуші кафедра әзірлейді және оны факультеттің Ғылыми кеңесі бекітеді. Өндірістік практика бағдарламалары қолда бар келісім-шарттарға сәйкес практика базаларымен келісілуі тиіс.
12.5. Білім алушылардың оқу практикасы университет базасында немесе кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда өткізілуі мүмкін.
12.6. Ұйымдардың базасында білім алушылардың кәсіптік практикасын өткізу туралы ұйымдармен уақытылы келісім-шарттар жасасуға, практика базасының БББ бейініне және оқытудың күтілетін нәтижелеріне сәйкестігіне практиканың тағайындалған жетекшілерінің жұмысын бақылауды жүзеге асыратын бітіртуші кафедра меңгерушісі жауапты болады.
12.7. Практика жетекшілері кәсіптік практиканы өткізуді уақтылы сапалы ұйымдастыруға жауапты болады, білім алушы-практиканттардың Univer АЖ-да практика күнделіктерін уақытылы толтыруын бақылайды, білім алушыларға практикадан өтуге байланысты барлық мәселелер бойынша кеңес береді және Univer АЖ-да аттестаттау тізімдемесіне енгізе отырып, практика нәтижелерін аттестаттауды жүзеге асырады.
12.8. Білім алушылар кәсіптік практика базасын өз бетінше іздестіруді жүзеге асыруға және практиканың болжамды базасы БББ бейініне және оқытудың күтілетін нәтижелеріне сәйкес келген жағдайда практикадан өту туралы келісім-шарт жасасуға бастамашылық етуге құқылы.
12.9. Практикаларды өткізу мерзімдері БББ оқу жоспарына және академиялық күнтізбеге сәйкес белгіленеді.
12.10. БББ оқу жоспарларында практиканың әрбір түріне сәйкес келетін кредиттер саны анықталады. Білім алушылар практиканың тиісті түріне тіркеледі және ЖОЖ-ға енгізіледі.
12.11. Білім алушы практика нәтижелерін жазбаша есеп түрінде рәсімдейді, оны академиялық күнтізбеге сәйкес аралық аттестаттаудың тиісті кезеңінде бітіртуші кафедра комиссиясының отырысында қорғайды.
12.12. Білім алушылардың практикадан өту нәтижелерін бағалау теориялық оқыту бойынша бағалауға теңестіріледі, стипендия тағайындау туралы мәселені қарау кезінде және жалпы GPA есептеу және келесі оқу жылына ауыстыру кезінде ескеріледі және практика бойынша тізімдемеге енгізіледі.
12.13. Практиканың жалпы қорытындысы практика базалары өкілдерінің қатысуымен факультеттердің ғылыми кеңестерінде шығарылады.
12.14. Ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратура мен докторантураның БББ практиканың екі түрін қамтиды: педагогикалық – білім беру ұйымында және зерттеу – диссертацияны орындау орны бойынша.
Магистратура мен докторантураның педагогикалық практикасының мақсаты ЖЖОКБҰ-дағы ғылыми-педагогикалық қызметке дайындық болып табылады. Педагогикалық практика теориялық оқыту кезеңінде оқу үдерісінен үзіліссіз өткізілуі мүмкін.
Зерттеу практикасы ғылымның жаңа әдіснамалық және технологиялық жетістіктерімен, ғылыми зерттеулердің заманауи әдістерімен, эксперименттік деректерді өңдеу және интерпретациялаумен танысу, диссертациялық зерттеу үшін практикалық және фактологиялық материалдарды жинау мақсатында жүргізіледі.
12.15. Бейіндік магистратура мен докторантура БББ өндірістік практиканы қамтиды. Өндірістік практика оқу үдерісінде алынған теориялық білімді бекітуге, ғылыми-зерттеу және кәсіби құзыреттіліктерді алуға бағытталған.
12.16. Іс-тәжірибелердің барлық түрі бойынша нәтижесі қорытынды конференцияда тыңдалады. Іс-тәжірибе бойынша қорытынды баға құрамында педагогика, психология бойынша оқытушылар мен бітіруші кафедра тарапынан бекітілген жетекшіден құралған комиссия шешімімен қойылады және қорытынды конференциядан кейін 5 күнтізбелік күннен кешіктірілмей «Univer» АЖ-сіне қойылуы тиіс.
Зерттеу және өндірістік іс-тәжірибе нәтижелері жазбаша есеп түрінде рәсімделеді және бітіруші кафедрадағы комиссияға ұсынылады.
12.17. Білім алушылар ЖОЖ-ға және академиялық күнтізбеге сәйкес кәсіптік практиканың барлық түрлерінен және практика нәтижелерін аттестаттаудан уақтылы өтуге міндетті.
13.1. Университет білім алушыларының академиялық ұтқырлығы ішкі академиялық ұтқырлық үшін жолдаушы және қабылдаушы ЖЖОКБҰ қол қойған білім алушының үшжақты келісімі және халықаралық академиялық ұтқырлық үшін шақыру негізінде жоғары оқу орындары арасындағы шарттар/келісімдер және/немесе бірлескен халықаралық бағдарламалар/жобалар шеңберінде жүзеге асырылады.
13.2. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын академиялық ұтқырлыққа қатысу үшін жолдама шетелде оқуға жолдама беру ережелеріне, оның ішінде 19.11.2008 жылғы академиялық ұтқырлық шеңберінде оқуға жіберу қағидаларына және 23.05.2022 жылғы ҚазҰУ-дың академиялық ұтқырлық туралы Ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
13.3. Кредиттік ұтқырлық бағдарламасы бойынша басқа ұйымда болу кезеңі және кейіннен кредиттерді қайта есептей отырып, оқуға арналған пәндер тізбесін университет БББ оқу жоспарын ескере отырып, білім алушы бітіртуші кафедрамен келісім бойынша анықтайды.
13.4. Кредиттерді қайта есептеуді АМжД-нің келісімі арқылы білім алушының өтініші және растайтын құжаттарымен бітіртуші кафедра ұсынысы негізінде Тіркеуші кеңсесі жүзеге асырады.
13.5. Бітіртуші кафедра оқылған пәндердің көлемі мен мазмұнының немесе жүргізілген зерттеу жұмыстарының университеттің оқу жоспарының талаптарына сәйкестігін объективті түрде анықтауға жауапты.
13.6. Ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алушының сол елдегі оқуын растайтын қорытынды құжат болып келетін транскрипт немесе оның аналогы болып табылады. Транскриптке оқу бағдарламасы туралы мәліметтер: пәндер (модуль) атауы, бағалар, игерілген академиялық кредиттер саны енгізіледі.
13.7. Басқа білім беру ұйымдарынан қайта есепке алуға рұқсат етілетін кредиттердің ең көп саны бір оқу жылында Қазақстан Республикасының басқа ұлттық ЖЖОКБҰ-да оқытылатын пәндер үшін оқу жоспарының 20%-нан аспайды. Назарбаев Университетін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық ЖЖОКБҰ-да оқытылмаған пәндер бойынша кредиттерді қайта есептеу жүзеге асырылмайды.
13.8. Шетелдік білім беру ұйымдарынан қайта есепке алуға жіберілетін кредиттердің ең көп саны шетелдік ЖЖОКБҰ рейтингі мен БББ бейіні ескеріле отырып, жеке тәртіппен белгіленеді.
13.9. Академиялық немесе кредиттік ұтқырлық бағдарламасы бойынша басқа ЖЖОКБҰ-да оқуды қаржыландыру көзіне қарамастан тиісті оқу семестрі басталғанға дейін 10 күннен кешіктірілмей тиісті бұйрықпен рәсімделеді.
13.10. Халықаралық кредиттік ұтқырлыққа қатысу үшін республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бағдарламаны қоспағанда, қабылдаушы білім беру ұйымымен қарастырылған деңгейде шет тілін білу қажет.
14.1. Қорытынды аттестаттау академиялық күнтізбеде және БББ бекітілген оқу жоспарларында көзделген мерзімдерде өткізіледі.
14.2. Қорытынды аттестаттауды өткізу формалары мен рәсімін даярлау бағыттары бойынша академиялық комитеттердің ұсынуы бойынша факультеттің Ғылыми кеңесі бекітеді.
14.3. Дипломдық жұмыстарға немесе жобаларға басшылық етуді бейіні бойынша оқытушылар және (немесе) кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар даярлық бейіні бойынша еңбек қызметін жүзеге асыратын мамандар жүзеге асырады.
14.4. Магистранттар мен докторанттарды қорытынды аттестаттау магистрлік диссертацияны/жобаны, докторлық диссертацияны жазу және қорғау түрінде жүргізіледі. Докторант дәрежелер беру ережелеріне сәйкес бірқатар мақалалар бойынша қорғай алады.
14.5. Білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу үшін БББ бойынша оқытудың барлық түрлері үшін дайындық бағыттары бойынша Аттестаттау комиссиясы құрылады.
14.6. Факультет декандары күнтізбелік жылдың 15 қазанына дейін АМжД-ке бітіретін мамандардың БББ бейініне сәйкес келетін және университетте жұмыс істемейтін аттестаттау комиссиялары төрағаларының кандидатураларын ұсынады.
14.7. Аттестаттау комиссиялары төрағаларының кандидатуралары Басқарма төрағасы-Ректордың, не оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен күнтізбелік жылдың 1 қарашасынан кешіктірілмей бекітіледі.
14.8. Бітіру курсының магистранттары қорытынды аттестаттау басталғанға дейін екі аптадан кешіктірмей Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі-проректордың бұйрығы негізінде қорытынды аттестаттауға рұқсат алады. Қорытынды аттестаттауға жұмыс және жеке оқу жоспары мен оқу бағдарламаларының талаптарына сәйкес білім беру үдерісін толық аяқтаған және ғылыми жетекші тарапынан қорғауға рұқсат алған білім алушылар жіберіледі.
14.9. Жұмыс және жеке оқу жоспары мен оқу бағдарламаларының талаптарын орындамаған бітіруші курс білім алушылары жазғы семестрсіз қайта оқу курсына қалдырылады.
14.10. Аттестаттау комиссияларының жұмыс кестесін факультет деканы бекітеді және қорытынды аттестаттау басталғанға дейін екі аптадан кешіктірмей хабарлайды.
14.11. Бакалавриат пен магистратурада қорытынды аттестаттау Аттестациялық комиссияның ашық отырысында өткізіледі. Докторлық диссертацияны қорғау диссертациялық кеңестің отырысында жүзеге асырылады.
14.12. Дипломдық жұмысты (жобаны) қорғаудың орнына білім алушыларға мынадай негіздер бойынша екі кешенді емтихан тапсыруға рұқсат етіледі:
- денсаулық жағдайы бойынша стационарда ұзақ емделушілер;
- білім берілуіне ерекше қажеттілігі бар балалар, оның ішінде мүгедек балалар, бала кезінен мүгедектер, I топтағы мүгедектер;
- жүкті немесе 2 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеушілер;
- халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстар мен фестивальдерге қатысушылар.
14.13. Екі кешенді емтихан тапсыру үшін білім алушы Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі-проректордың атына қорытынды аттестаттау басталғанға дейін 2 аптадан кешіктірмей растайтын құжаттарды ұсына отырып, бітіртуші кафедра меңгерушісінің және факультет деканының рұқсатнамасымен тиісті өтініш береді.
14.14. Магистрлік диссертация тақырыбы бойынша білім алушының кемінде бір ғылыми басылымы жариялануы тиіс. Докторлық диссертацияның ғылыми нәтижелерін жариялауға қойылатын талаптар дәреже беру ережелерімен анықталады.
14.15. Қорытынды аттестаттаудан өту үшін орындалған жазбаша жұмыстар қорғауға дейін Univer АЖ-да қарызы бар-жоғына міндетті тексеруден өтеді. Плагиатқа тексеру жүргізу тәртібін бітіруші кафедра және факультет деканаты айқындайды.
14.16. Докторлық диссертация кафедраның кеңейтілген отырысында диссертацияны қарау, диссертацияны қорғауға қабылдау, рецензиялау кезеңдерінде және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың Ұлттық орталығымен тіркеу кезеңдерінде жүзеге асырылатын басқа авторлардың мәтінін шеттен алып пайдалану материалының бар-жоғына тексеруден өтеді.
14.17. Білім алушы ғылыми жетекшінің оң пікірі болған жағдайда бітіру жұмысын (дипломдық жұмыс/жоба немесе магистрлік/докторлық диссертация) қорғайды. Егер ғылыми жетекші «қорғауға жіберілмейді» деген теріс қорытынды берген жағдайда, білім алушы бітіру жұмысын қорғамайды және қорытынды аттестаттауға жіберілмеген ретінде университеттен шығарылуға жатады.
14.18. Кешенді емтихандарды тапсыру немесе бітіру жұмысын қорғау нәтижелері сол өткізілген күні жарияланады. Қорғауды бағалау, дәреже беру және мемлекеттік/өзіндік үлгідегі диплом беру (үздік емес, үздік) туралы шешімдерді аттестаттау комиссиясы қабылдайды.
14.19. Білім алушының денсаулық жағдайына байланысты қорытынды аттестаттау мерзімдерін ауыстыру туралы шешімді аттестаттау комиссиясының төрағасы растайтын құжаттардың негізінде қабылдайды. Бұл ретте факультет деканатының ұсынысы бойынша Басқарма төрағасы-Ректордың, не оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен қорытынды аттестаттаудың жаңа мерзімдері ағымдағы күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмей тағайындалады.
14.20. Қорытынды аттестаттау кезеңінде шетелдік іс-сапарда болған білім алушыларға қорытынды аттестаттаудан өту мерзімі факультет деканының өкімі негізінде іс-сапардан оралғаннан кейін 1 айдан кешіктірілмей ұзартылады.
14.21. Бағаны көтеру мақсатында қорытынды аттестаттауды қайта тапсыруға жол берілмейді.
14.22. Қанағаттанарлықсыз баға алған білім алушыларға осы кезеңде қорытынды аттестаттаудан қайта өтуге рұқсат етілмейді. Қанағаттанарлықсыз баға алғаннан кейін аттестаттау комиссиясына ұсынылған денсаулық жағдайы туралы құжаттар қаралмайды. Қорытынды аттестаттау бойынша «қанағаттанарлықсыз» деген баға алған білім алушылар Университеттен оқудан шығарылады.
14.23. Қайта қорытынды аттестаттау қорытынды аттестаттаудың келесі кезеңінде алдыңғы қорытынды аттестаттауға «қанағаттанарлықсыз» бағасы алынған формалары бойынша ғана өткізіледі. Бұл ретте осы емтихандарды тапсырмаған адамдар үшін кешенді емтихандарға шығарылатын пәндер тізбесі теориялық курсты аяқтаған жылы қолданыста болған бекітілген оқу жұмыс жоспарымен анықталады.
14.24. Қорытынды аттестаттаудан қайта өту үшін университеттен шығарылған білім алушы келесі оқу жылының қорытынды аттестаттауы басталғанға дейін екі аптадан кешіктірмей Басқарма төрағасы-Ректордың не оны алмастыратын тұлғаның атына рұқсат беру туралы өтініш жазады.
14.25. Білім алушы қорытынды аттестаттауды тек ақылы негізде қайта тапсыруға жіберіледі.
14.26. А, А- «өте жақсы», В -, В, В+, С+ «жақсы» бағаға емтихан тапсырған және үлгерімінің орташа балы (GPA) 3,5-тен төмен емес, сондай-ақ кешенді емтихан тапсырған немесе диплом жұмысын (жобасын) А, А- «өте жақсы» бағаға тапсырған жоғары білім беру бағдарламасы бойынша оқыған білім алушыға үздік диплом беріледі (оқытудың қосымша түрлері бойынша бағаларды есепке алмағанда). Бұл ретте оқудың барлық кезеңі ішінде қорытынды бақылауды (емтиханды) қайта тапсырған немесе қайталап тапсырған білім алушыға үздік диплом берілмейді.
14.27. Білім беру бағдарламасын теориялық оқытудың толық курсын меңгерген, бірақ ғылыми-зерттеу (эксперименттік-зерттеу) компонентін орындамаған магистранттарға зерттеу компонентінің кредиттерін қайта игеруге және келесі оқу жылында диссертацияны ақылы негізде қорғауға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте ғылыми-зерттеу (эксперименттік-зерттеу) компонентінің игерілмеген кредиттері ғана ақы төленуге жатады.
14.28. Докторантура білім беру бағдарламасының теориялық оқудың толық курсын меңгерген, бірақ ДҒЗЖ (ДЭЗЖ) орындамаған докторантқа ДҒЗЖ (ДЭЗЖ) академиялық кредиттерін қайта игеруге және кейінгі жылдары диссертацияны ақылы негізде қорғауға мүмкіндік беріледі.
Докторантура білім беру бағдарламасының теориялық оқытудың толық курсын меңгерген, ДҒЗЖ (ДЭЗЖ) орындаған, бірақ докторлық диссертацияны қорғамаған докторантқа оқу нәтижелері мен академиялық кредиттер беріліп, бітіргеннен кейін екі жыл ішінде тегін негізде, ал кейінгі жылдары кемінде 4 академиялық кредит көлемінде ақылы негізде диссертацияны қорғауға мүмкіндік беріледі.
Бұл ретте бітіргеннен кейін 3 жыл өткен соң докторант ақылы негізде диссертациялық зерттеудің (research proposal) ғылыми негіздемесі қайта бекітілгеннен кейін ғана қорғауға жіберіледі.
15.1. Білім алушы университеттен/университетке, бір мамандықтан немесе жоғары білімнің білім беру бағдарламасынан екіншісіне, ақылы негізден мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға немесе оқудың бір формасынан екіншісіне ауысуға құқылы.
15.2. Білім алушы оқудан шығарылған мерзіміне қарамастан кез келген ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады немесе қайта қабылданады.
15.3. Төтенше жағдай енгізілген жағдайда, Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, соғыс уақыты туындаған жағдайда, сондай-ақ оқу еліндегі қарулы, әскери қақтығыстар жағдайында Қазақстан Республикасының азаматтарын, қандастарды шетелдік ЖЖОКБҰ-дан ауыстыру және қайта қабылдау оқу жылы ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 "Тиісті типтегі және түрдегі білім беру ұйымдары қызметінің Үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
15.4. Білім алушыларды бір БББ-дан екіншісіне, бір оқу тобынан екіншісіне, бір тіл бөлімінен екіншісіне, бір ЖЖОКБҰ-дан екіншісіне ауыстыру және қайта қабылдау ағымдағы күнтізбелік жылдың жазғы демалыс кезеңінде – 15 тамызға, қысқы демалыс кезеңінде –15 қаңтарға дейін жүзеге асырылады. Университет білім алушылары қатарына ауыстыру және қайта қабылдау Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі-проректордың бұйрығымен жүргізіледі.
15.5. Егер білім алушылар ЖОЖ-ға сәйкес меңгеріп жатқан бағдарламаның бірінші академиялық кезеңін толық ойдағыдай аяқтаса, олар оқудан шығарылғаннан кейін ауыса алады немесе қайта қабылдана алады. Оқытудың бірінші семестрінің пәндері бойынша бір немесе одан да көп «қанағаттанарлықсыз» бағасы бар тұлғалар ауыстыруға және қайта қабылдауға жатпайды.
15.6. Білім алушы шетелдік білім беру ұйымынан ауыстырылған немесе қайта қабылданған кезде меңгерілген оқу бағдарламалары туралы (академиялық анықтама, транскрипт), сондай-ақ белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында нострификациялау рәсімінен өтуге тиіс алдыңғы білім деңгейін аяқтағаны туралы құжатты ұсынады.
Білім туралы құжаттарды тану рәсімінен мынадай тұлғалар өтпейді:
- "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегерлері;
- танудан босататын халықаралық шарттарға (келісімдерге) қол қойған елдердің білім беру ұйымдарының білімі туралы құжаттардың иегерлері (1992 жылдың 15 мамырдағы "Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы" ТМД-ның келісімі; 2014 жылдың 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт; 2017 жылдың 9 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Үкіметтері арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы туралы келісімі).
15.7. Қазақстан Республикасында жалпы орта (орта жалпы) немесе техникалық және кәсіптік білім алған тұлғалар шетелдік ЖЖОКБҰ-дан ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде шетелдік ЖЖОКБҰ-ға түсу сынақтарының нәтижелерін ұсынады.
15.8. Білім алушыларды ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде олардың одан әрі оқыту курсы алдыңғы академиялық кезеңдерде оқыған оқу жұмыс жоспарларындағы пәндер бойынша академиялық айырмашылықтың болуы/болмауы, пререквизиттер ескеріле отырып айқындалады. Осы тұрғыда ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде академиялық айырмашылық 30 академиялық кредиттен аспауы тиіс. Академиялық айырмашылықты жоюды негізгі және жазғы семестр шеңберінде ұйымдастыруда академиялық айырмашылықтың көлемі 45 академиялық кредитке дейін ұлғаюына жол беріледі.
15.9. Басқа ЖЖОКБҰ-дан университетке білім берудің барлық деңгейлерінде бітіру курстарына ауысуға жол берілмейді.
15.10. Магистранттар мен докторанттардың басқа ЖЖОКБҰ-да оқыған элективті пәндерді қайта есептеу үшін ауыстыру кезінде олардың университет БББ сәйкес дайындық мазмұнына сәйкестігі анықталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда оқу жоспарларындағы белгіленген тәртіппен жойылуға жататын айырмашылық рәсімделеді.
15.11. Оқу жұмыс жоспарларындағы пәндердің академиялық айырмашылығы білім алуды аяқтамаған тұлғаларға берілген транскриптте немесе анықтамада көрсетілген оқыған пәндер тізбесімен, бағдарламалары мен академиялық сағаттар немесе кредиттер көлемі негізінде айқындалады.
15.12. Оқу жоспары бойынша шыққан пәндердегі академиялық айырмашылықты жою үшін білім алушы осы пәндерге жазылады, академиялық кезең ішінде оқу сабақтарының барлық түрлеріне қатысады, ағымдағы және аралық бақылаудың барлық түрлерін тапсырады, қорытынды бақылауға рұқсат алады.
15.13. Академиялық айырмашылықты жою білім беру грантын сақтай отырып, басқа ЖЖОКБҰ-дан ауысу жағдайларын қоспағанда, ақылы негізде жүзеге асырылады. Бұл жағдайда грант бойынша білім алушыға академиялық айырмашылық пәндерін бірінші оқу жылы ішінде тегін оқуға бір реттік мүмкіндік беріледі.
15.14. Білім алушыға мемлекеттік стипендия академиялық айырмашылық толық жойылғаннан кейін ғана тағайындалады. Университетке ауысқаннан кейін бірінші оқу жылы ішінде жойылмаған академиялық айырмашылық мәртебесін ақылы негізде жойылуға жататын академиялық қарызға өзгертеді.
15.15. Білім беру гранты негізінде білім алатын студенттерді, магистранттар мен докторанттарды Қазақстан Республикасының басқа ЖЖОКБҰ-дан Ұлттық университетке ауыстыру білім алушылардың білім беру грантының құнындағы айырмашылығын қосымша төлеген жағдайда жүзеге асырылады. Ол үшін басқа ЖЖОКБҰ-дан ауысатын білім алушы университетпен тиісті шарт жасасады.
15.16. Шарт негізінде немесе грантты сақтай отырып университетке ауысу үшін студенттің ҰБТ немесе КТ сертификаты түсу жылына бекітілген өту балынан төменжәне үлгерімнің орташа GPA балы университетте белгіленген ауысу балынан төмен болмауы тиіс.
15.17. Білім алушыны шығармашылық дайындықты талап ететін жоғары білімнің БББ топтарынан басқа білім беру бағдарламалары топтарына (бұдан әрі – БББТ) ауыстыру білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес белгіленген шекті балдан төмен емес балы бар ҰБТ сертификаты болған кезде жүзеге асырылады.
15.18. Оқуға ауыстыру және қайта қабылдау үшін білім алушы «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының Студенттік кеңсесіне өтініш береді.
Университет ішіндегі ауысу
15.19. Білім алушыларды университет ішінде бір БББТ-дан екіншісіне ауыстыру тек оқу курсы мен академиялық айырмашылық пәндерін айқындай отырып, ақылы негізде жүзеге асырылады.
15.20. Білім беру гранты бойынша оқу кезінде білім беру грантын сақтай отырып, білім алушыларды бір БББТ шеңберінде бір БББ-дан екіншісіне бір рет ауыстыруға жол беріледі. Бұл жағдайда грант бойынша білім алушыға ауысқаннан кейінгі бірінші оқу жылы ішінде академиялық айырмашылық пәндерін тегін оқуға бір реттік мүмкіндік беріледі.
15.21. БББТ шеңберінде оқытудың 4-ші семестрінен кейін бір БББ-дан екіншісіне ауыстыруға жол берілмейді.
15.22. Білім алушыларды бір тіл бөлімінен екіншісіне ауыстыруға білім беру гранты бойынша білім алушылар үшін білім беру грантын сақтай отырып жіберіледі.
15.23. Білім алушыларды ауыстыру тиісті академиялық топ болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Университеттен басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстыру
15.24. Білім беру гранты бойынша білім алушы қалауы бойынша білім беру грантын сақтай отырып басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады. Жекелеген ЖЖОКБҰ үшін бекітілген білім беру гранттары бойынша, сондай-ақ бөлінген квота шегінде педагогикалық мамандықтарға түскен білім алушылар басқа ЖЖОКБҰ-ға тек ақылы негізде ауыстырылады.
15.25. Білім алушыны ауыстыру кезінде ЖЖОКБҰ-ны қабылдаушы дайындық бағытын және БББ бейінін, сондай-ақ білім алушының оқу жетістіктерін ескереді.
Курстан курсқа ауыстыру
15.26. Осы курстың БББ оқу жоспарының талаптарын толық орындаған, кредиттердің талап етілетін көлемін игерген және GPA өту балының белгіленген деңгейін жинаған білім алушыларды курстан курсқа ауыстыру Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі-проректордың бұйрығымен жүзеге асырылады.
15.27. Курстан курсқа ауысу академиялық қарыз болмаған жағдайда жүзеге асырылады, ол күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін факультет деканатына тиісті құжаттарды ұсына отырып жойылуы тиіс.
15.28. Жұмыс оқу жоспарының талаптарын орындамаған, бар академиялық қарызын жоймаған және белгіленген GPA өту балын күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін жинамаған білім алушылар ақылы негізде қайта оқу курсына қалдырылады және төменгі курстың БББ оқу жоспарына ауыстырылады.
15.29. Бітіртуші кафедра меңгерушісі мен эдвайзерлер академиялық қарызы бар білім алушыларды пререквизит принципін сақтау мақсатында теориялық оқытудың келесі кезеңдерінде оларды жою мүмкіндіктері туралы хабардар етеді, бұл ретте білім алушының өзі академиялық қарызы үшін толық жауапты болады.
15.30. Факультет деканаты білім алушыға күнтізбелік жылдың 3 қаңтарынан кешіктірмей күзгі семестр қорытындысы бойынша бар академиялық қарызды жою қажеттілігі туралы, күнтізбелік жылдың 30 мамырынан кешіктірмей көктемгі семестр қорытындысы бойынша бар академиялық қарызды жою қажеттілігі туралы хабарлама-хат жолдайды.
Бос білім беру гранттарына ауыстыру
15.31. Білім алушыларды аралық аттестаттау қорытындылары бойынша босаған бос білім беру гранттары туралы ақпарат Univer АЖ-де және университет сайтында аралық аттестаттау қорытындылары шығарылғаннан кейін бірден орналастырылады.
15.32. БББ бөлінісінде жоғары білім алу үдерісінде босаған бос білім беру гранттары осы БББ бойынша ақылы негізде білім алушыларға конкурстық негізде беріледі.
15.33. Конкурс Білім беру грантын тағайындау туралы куәлікті бере отырып, аралық аттестаттау нәтижелері бойынша өткізіледі.
15.34. Бос білім беру грантын беру конкурсына келесі білім алушылар қатыса алады:
- ағымдағы семестрде оқу пәндері бойынша академиялық қарыздары жоқ;
- университеттің қоғамдық өміріне белсене қатысатын;
- қаржылық қарызы жоқ.
15.35. Конкурсты өткізу және бос білім беру грантын беру тәртібі:
- ақылы негізде оқитын білім алушы факультет деканатына білім беру грантына ауыстыруға өтініш береді;
- өтініш факультет пен университеттің Ғылыми кеңесінде қаралады, содан кейін ағымдағы жылдың 5 тамызына және 15 қаңтарына дейін шешім қабылдау үшін ҚР ҒЖБМ-ға жіберіледі. Өтінішке Ғылыми кеңестің шешімі, білім алушының транскриптінен үзінді, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және университеттен шығарылған білім беру гранты иегерінің куәлігі (түпнұсқа) қоса беріледі;
- бос білім беру гранттарына үміткерлер туралы ақпарат Univer АЖ-де және университет сайтында орналастырылады;
- білім беру саласындағы уәкілетті ұйым келіп түскен құжаттарды БББ (ЖБТ, БК), оқу формалары мен мерзімдері бөлінісінде оқуға түскен жылын ескере отырып қарайды және мәселе оң шешілген жағдайда білім беру грантын беру туралы бұйрық шығарады;
- білім беру саласындағы уәкілетті ұйымның бұйрығы негізінде ҰТО білім беру грантын беру туралы куәлікті рәсімдейді және оны университетке береді;
- Берілген білім беру гранты куәлік негізінде Университет білім беру гранты бойынша одан әрі оқуға бұйрық шығарады.
15.36. Бос білім беру гранттарын алуға конкурс өткізу кезінде үлгерімнің орташа балының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда оқудың барлық кезеңінде А, А -, содан кейін В+, В, В -, С+ бағалары бар білім алушылар басым құқыққа ие болады.
16.1. Білім алушыларға академиялық демалыс беріледі:
- денсаулық жағдайы бойынша ұзақтығы 6 айдан 12 айға дейінгі амбулаториялық-емханалық ұйым жанындағы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде;
- әскери қызметке шақырылуын растайтын анықтама негізінде;
- баланың тууына, асырап алуына байланысты ол үш жасқа толғанға дейінгі мерзімге.
16.2. Академиялық демалыс алу үшін білім алушы Univer АЖ-дегі өзінің жеке парақшасынан «е-қызметтер» бөлімі арқылы электрондық өтініш береді және тиісті құжаттың түпнұсқасын «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығына, АМжД-ң Студенттер кеңсесіне ұсынады.
16.3. Академиялық демалыстан оралу үшін білім алушы Univer АЖ-дегі өзінің жеке парақшасынан «е-қызметтер» бөлімі арқылы электрондық өтініш береді және тиісті құжаттың түпнұсқасын «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығына, АМжД-ң Студенттер кеңсесіне ұсынады.
16.4. Академиялық демалыстан оралғаннан кейін білім алушы білім алушылар контингентіне қайта қабылданады және БББ ағымдағы оқу жоспарының тиісті оқу курсының оқу пәндеріне тіркеледі.
16.5. Оқу жұмыс жоспарларындағы туындаған айырмашылықты жою үшін білім алушы академиялық айырмашылық пәндеріне тіркеледі және оларды ағымдағы оқу топтарымен бірге академиялық демалыстан кейінгі бірінші оқу жылы ішінде немесе қосымша семестр шеңберінде оқиды.
16.6. Академиялық демалыстан кейін білім алушыларға туындаған академиялық айырмашылық пәндерін оқу жылының соңына дейін тегін оқуға бір реттік мүмкіндік беріледі. Оқу жылы аяқталғаннан кейін академиялық айырмашылықтың оқытылмаған пәндері әрі қарай тек ақылы негізде оқуға жататын академиялық қарыз пәндеріне ауыстырылады.
16.7. Академиялық демалыстан оралған білім беру гранты бойынша білім алушыларға мемлекеттік стипендия тағайындау академиялық айырмашылық толық жойылған жағдайда, аралық аттестаттау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
17.1. Білім алушы келесі жағдайларда оқудан шығарылуы мүмкін:
- академиялық үлгермеушілігі болғаны үшін (ағымдағы академиялық кезең үшін академиялық қарыздың 50% - дан астамы);
- тиісті факультеттің Әдеп жөніндегі кеңесінің ұсынымы бойынша (тәртіптік жаза болған жағдайда) бір академиялық кезең (семестр) ішінде дәлелді себепсіз 72 және одан да көп сағат оқу сабақтарына қатыспағаны үшін;
- белгіленген мерзімде қайта оқу жылында өтеулі білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт жасалмаған жағдайда;
- академиялық адалдық қағидаларын бұзғаны үшін;
- академиялық саясатты, университеттің ішкі тәртібі мен жарғысын бұзғаны үшін;
- білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттың талаптарын бұзғаны үшін, оның ішінде оқу ақысын төлемегені үшін;
- қорытынды аттестаттауға жіберілмеген және қорытынды аттестаттау бойынша "қанағаттанарлықсыз" баға алған жағдайда;
- өз еркі бойынша;
- білім алушының басқа ЖЖОКБҰ-ға ауысуына байланысты;
- қайтыс болғанына байланысты.
17.2. Бакалавриат, магистратура және докторантура БББ білім беру гранты негізінде университеттен шығарылған білім алушылар білім беру грантынан айырылады.
17.3. Білім алушы өз қалауы бойынша университеттен шығу үшін Univer жүйесіндегі өзінің жеке парақшасынан, «е-қызметтер» арқылы электрондық өтініш береді. URL мекенжайы: https://univer.kaznu.kz.
17.4. Оқудан шығару туралы бұйрық шыққаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде оқудан шығарылған тұлғаларға АМжД-ң Студенттер кеңсесі жоғары/жоғары оқу орнынан кейінгі білімді аяқтамағаны туралы транскрипт береді.
18.1. Қорытынды аттестаттаудан өткен және жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді меңгергенін растаған білім алушыға аттестаттау комиссиясының шешімімен «бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері немесе тиісті БББ бойынша біліктілік беріледі және қосымшасы (транскрипт) бар диплом беріледі. Бакалавриат және магистратура БББ түлектеріне дипломға қосымша дипломнның еуропалық қосымшасы (Diploma Supplement) тегін беріледі.
18.2. Дипломға қосымшада барлық оқу пәндері, тапсырылған курстық жұмыстар (жобалар), ғылыми-зерттеу немесе эксперименттік-зерттеу жұмыстары, кәсіптік практикалардың түрлері, қорытынды аттестаттау бойынша көлемі академиялық кредиттер мен сағаттарда көрсетіле отырып, балдық-рейтингтік әріптік бағалау жүйесі бойынша соңғы бағалар көрсетіледі.
18.3. Докторантура БББ меңгерген және докторлық диссертацияны қорғаған білім алушыға диссертациялық кеңестің оң шешімі болған жағдайда Басқарма төрағасы-Ректордың, не оны алмастыратын тұлғаның тиісті бұйрығы негізінде PhD философия докторы және бейіні бойынша доктор дәрежесі беріледі және қосымшасы (транскрипт) бар диплом беріледі.
18.4. Докторантура БББ мерзімінен бұрын игерген және диссертацияны сәтті қорғаған жағдайда докторантқа оқу мерзіміне қарамастан философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін береді.
18.5. Диплом немесе дипломға қосымша жоғалған жағдайда түлек білім туралы құжаттың телнұсқасын алу үшін тиісті өтінішпен Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе e-Gov порталы арқылы жүгінеді.
Diploma Supplement жоғалған жағдайда түлек факультет деканатына барып Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі-проректордың атына тиісті өтініш беруі қажет. Diploma Supplement-і деканатқа өтініш бергеннен кейін бір апта ішінде беріледі.
18.6. Университет түлектерге білім туралы құжаттарды бергеннен кейін бір ай ішінде ақпаратты ҚР ҒЖБМ-ға жібереді және (немесе) бұл деректерді білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізеді. Түлектер тізімі университеттің веб-сайтында орналастырылады. Университет берілген білім туралы құжаттар бойынша электрондық жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және білім туралы, оның ішінде бұрын берілген құжаттардың электрондық базасын (мұрағатын) сақтайды.
19.1. Университет түлектерді табысты жұмысқа орналастыруды жүзеге асырылатын білім беру қызметі тиімділігінің басты көрсеткіші ретінде қарастырады. Университет еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес БББ мазмұнын өзектендіру мақсатында жұмыс берушілермен ұзақ мерзімді көпжақты ынтымақтастықты қолдайды.
19.2. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін білім алушылар мен түлектерді жұмысқа орналасу және кәсіптік тағылымдамадан өту мүмкіндіктері туралы хабардар ету мақсатында іс-шараларды өткізуге жұмыс берушілерді тартуды қамтамасыз ететін АМжД-ң Кәсіптік дамыту және мансап кеңсесі жұмыс істейді.
19.3. Факультеттер факультет түлектері қатарынан құрылған жұмыс берушілер Кеңесі арқылы жұмыс берушілермен тұрақты байланысты қамтамасыз етеді. Жұмыс берушілер Кеңесінің өкілеттігі мен жұмыс жоспарын факультет басшылығы факультет алдында тұрған ағымдағы және стратегиялық міндеттерді негізге ала отырып, өз бетінше айқындайды.
19.4. Жұмыс берушілер Кеңесі қызметінің тиімділігін талдауды факультеттің Ғылыми кеңесі жылына кемінде 2 рет жүзеге асырады.
19.5. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бітіруші курста білім алушылар «Білім туралы» ҚР Заңының 47-бабының 17-тармағына және ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығына сәйкес университетті бітіргеннен кейін міндетті түрде жұмыспен өтеу үшін тиісті бейіндегі ұйымда міндетті түрде бөлінуге жатады.
19.6. Бітіруші курстың білім алушыларын бөлу үшін әрбір факультетте дербес бөлу жөніндегі арнайы құрылатын комиссия отырысы өткізіледі, ол Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің Кәсіби даму және мансап кеңсесіне күнтізбелік жылдың 1 маусымына дейін қол қойылған хаттамалар мен оған растайтын құжаттарды ұсынады.
19.7. Түлектерді жалпы бөлу бөлу жөніндегі комиссияның хаттамалық шешімімен жыл сайын күнтізбелік жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей рәсімделеді.
19.8. Әрбір оқу деңгейінің түлегі комиссияның шешімі бойынша тұрғылықты жері бойынша жұмысқа және/немесе халықты жұмыспен қамту орталықтарына жолдама алады.
19.9. Еңбекпен өтеуден босату Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-бабының 17-тармағында және ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.