«Қазақстанның ішкі саясаты: жаңа қағидаттар мен басымдықтар»
18 қараша 2025 жылы «Ел тұтқа» пікірталас клубының мүшелері және клуб жетекшісі Тлепбергенов Орынбасар Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 5 қарашадағы №1081 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» құжатын талқылау мақсатында арнайы пікірталас отырысын өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – елдің ішкі саяси бағытын айқындайтын жаңа тұжырымдамалық құжатты студенттік ортада жан-жақты түсіндіру, негізгі қағидаттар мен мемлекет жүргізіп отырған реформалардың мәнін ашу және болашақ заңгерлер арасында саяси-құқықтық ойлау мәдениетін қалыптастыру болды.
Пікірталас барысында қатысушылар құжаттың кіріспе бөлімінде көрсетілген елді жүйелі жаңғыртудың жаңа кезеңіне қатысты міндеттерге, сондай-ақ конституциялық реформаның саяси жүйедегі әділдік пен тепе-теңдік орнатудағы рөліне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, клуб мүшелері ішкі саясаттың негізгі құндылықтары ретінде атап көрсетілген:
• әділ саяси жүйе қалыптастыру,
• азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа экономикалық саясат,
• ғылым, білім және мәдениетті дамыту,
• қоғам мен мемлекеттің жасампаз өзара іс-қимылы,
• жаһандық өзгерістерге бейімделу қажеттілігі сияқты маңызды бағыттарды талқылады.
Пікірталас барысында әлемдік геосаяси тұрақсыздық, цифрландыру, жасанды интеллектінің дамуы, демографиялық және көші-қон үдерістері сияқты сыртқы факторлардың Қазақстанның ішкі саясатына ықпалы да қарастырылды. Қатысушылар бұл өзгерістер мемлекеттік институттардың тұрақтылығын нығайтуды, ұлттық мүддені қорғауды және қоғамның жауапкершілігін арттыруды талап ететінін атап өтті.
«Ел тұтқа» пікірталас клубының жетекшісі Тлепбергенов Орынбасар құжаттың маңызын ерекше атап өтіп, ішкі саясаттың жаңа қағидаттары болашақта мемлекеттің даму бағытын айқындайтын стратегиялық бағдар болатынын, ал жастардың осы процестегі белсенді рөлі зор екенін баса айтты.
Іс-шара студенттерге еліміздің ішкі саясатында жүргізіліп жатқан өзгерістердің мәнін терең түсінуге, жаңа реформалардың идеологиялық негіздерін саралауға және өзінің азаматтық ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Басқа жаңалықтар