«Экономикалық қауіпсіздік және тергеп-тексеру қызметінің рөлі: ашық лекциядан түйген тағылым»Farabi University

«Экономикалық қауіпсіздік және тергеп-тексеру қызметінің рөлі: ашық лекциядан түйген тағылым»

19 қараша, 2025

19 қараша 2025 жылы «Ел тұтқа» пікірталас клубының мүшелеріне клуб жетекшісі Тлепбергенов Орынбасар жәнеАлматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Мырзахан Жақсылықпен бірлесіп мазмұнды әрі танымды ашық лекция өткізді.

Ашық лекция барысында студенттер Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің құрылымы, жұмыс жүргізу тәртібі, тергелетін істердің санаттары және экономикалық қылмыстардың алдын алу бағытындағы шаралармен жан-жақты танысты. Мырзахан Жақсылық өз тәжірибесінен нақты мысалдар келтіріп, экономикалық қауіпсіздіктің мемлекет үшін маңызын, тергеу жүргізудің ерекшеліктерін және қызметтің жауапкершілік деңгейін терең түсіндіріп өтті.

Мырзахан Жақсылық өзінің қызметтік тәжірибесінен нақты мысалдар келтіріп, экономикалық қылмыстың жасалу схемаларын, оларды анықтау әдістерін және дәлел жинаудың күрделілігін атап өтті. Студенттер үшін бұл мәліметтер құқық саласындағы практикалық білімді тереңдетуге үлкен мүмкіндік болды.

Кездесу интерактивті форматта өтті: клуб мүшелері өздерін қызықтырған кәсіби, құқықтық және тәжірибелік сұрақтарын қойып, жан-жақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Пікір алмасу барысында болашақ заңгерлер экономикалық тергеп-тексеру саласының маңызы мен оның мемлекеттік басқарудағы рөлін тереңірек түсінді.

Лекцияның ерекше құндылығы – студенттер экономикалық қауіпсіздіктің ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі екенін нақты мысалдармен сезінді. Сонымен қатар, жедел уәкілдің қызметтік талаптары, жауапкершілік деңгейі және кәсіби этика туралы айтқан ойлары жастарға үлкен мотивация берді.

Іс-шара нәтижесінде «Ел тұтқа» пікірталас клубының мүшелері құқықтық білімдерін кеңейтіп қана қоймай, өз мамандықтарына деген қызығушылығын арттырды. Бұл ашық лекция студенттерге экономикалық тергеп-тексеру бағытындағы мемлекеттік органдардың жұмысын терең түсінуге және болашақ кәсіби бағдарын нақтылауға ықпал етті.