ҚазҰУ-да қырғыз ақыны Мелис Маматжановтың «Дерексіз дүние» жыр жинағының тұсаукесері өттіFarabi University

ҚазҰУ-да қырғыз ақыны Мелис Маматжановтың «Дерексіз дүние» жыр жинағының тұсаукесері өтті

20 қараша, 2025

20 қараша 2025 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде қырғыз ақыны Мелис Маматжановтың «Дерексіз дүние» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесері өтті. Шара факультет студенттері, оқытушылар және мәдениет өкілдерінің қатысуымен өтті.

Кездесуді факультет деканы Қанат Әуесбай ашып, қонақтың шығармашылығын, журналистика мен әдебиеттегі еңбектерін атап өтті. Ол: «Бүгін бізге Ош қаласынан келген Мелис Маматжанов – тек қырғыз ақыны ғана емес, қазақ оқырманына да таныс автор. Оның өлеңдері республикалық газеттерде жарияланып, студенттеріміздің де жаттап оқитын шығармаларына айналды. Қазақ пен қырғыз арасындағы алтын көпір болып отырған осы кездесуге қош келдіңіздер», – деді.

Мелис Маматжанов 1992 жылы 11 қаңтарда Ош облысы, Қара-Суу ауданы, Жаңа-Арық ауылында дүниеге келген. 2015 жылы Ош гуманитарлық-педагогикалық институтының қырғыз тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдаған. 2016 жылдан бастап ОшМУ-да қырғыз тілі мен әдебиеті мұғалімі, 2017–2019 жылдары «Нұр» студенттік газетінің бас редакторы, 2019–2023 жылдары ОшМУ ректорының көмекшісі, ал 2023 жылдан бастап ректоры кеңсесінің жетекшісі қызметтерін атқарып келеді. Ақын ТҮРКСОЙ ұйымдастырған «Беш ақын» жобасының жеңімпазы, Жүсіп Баласағын атындағы төсбелгі иегері, Ч. Тұрсынбеков атындағы «Жаш толқын» байқауының І орын лауреаты, Зайырбек Ажыматов атындағы сыйлықтың иегері, «Жылдың мықты ақыны» атағының иегері және түркі әлемінің мәдениетіне қосқан үлесі үшін марапатталған. Алғашқы жыр жинағы «Апакемдин алмасы» 2014 жылы жарық көрген болса, бүгінгі таныстырылған «Дерексіз дүние» – екінші жинағы болып табылады.

Тұсаукесер барысында Мелис Маматжанов өз өлеңдерін оқып, мекенге, өмірге, махаббатқа, балалық шаққа және табиғатқа арналған жырларын тыңдарманға жеткізді. Оның оқыған өлеңдерінің бірі былай өрбіді:

Жарыққа ұмтылған жан едім,

Жауыннан қалған тамшымен.

Дөнен күндердің арасын

Сағыныш тербеп сан шыңмен…

Шараға қонақ ретінде «Мұрас» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Манас Нурмаматович Ташибеков келді. Сонымен қатар Нұрдәулет есімді жыршы қатысып, дәстүрлі манас жырын комуз сүйемелдеуімен орындады. Бұл көрініс кешке ұлттық реңк беріп, студенттер мен көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Кешке сондай-ақ ақын, философ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысының кеңесшісі, «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқан қатысып, автор шығармашылығына пікір білдірді.

Кездесудің соңында Мелис Маматжанов Қазақстанға келген сапарында жазған өлеңін оқып, ҚазҰУ ұжымына алғысын білдірді. Ақын кешті өз өлеңімен аяқтады:

Қанша ұлт болса дағы ғаламда,

Қырғызбенен Қазақтардай жақын жоқ.

Осы жолдармен факультеттегі әдеби кеш өз мәресіне жетіп, студенттер мен оқырмандарға терең әсер қалдырды.

 

 

Асыл БАЙТҰРҒАН

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Баспагерлік-редакторлық және

дизайнерлік өнер кафедрасының

3-курс студенті