- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Заң үстемдігі жолында: қылмыстық-атқару жүйесіндегі өзекті мәселелер мен шешімдер»
«Заң үстемдігі жолында: қылмыстық-атқару жүйесіндегі өзекті мәселелер мен шешімдер»
20 қараша 2025жылы Парымбек Алтынай Қуанышқызы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Криминалистикалық сараптамалар» 7M04220 білім беру бағдарламасының 1-курс магистрантының бастамасымен және «Ел Тұтқа» пікірталас клубының қолдауымен, клуб жетекшісі Тлепбергенов Орынбасардың қатысуымен қылмыстық-атқару жүйесі органдарындағы заңдылықты қамтамасыз ету және прокурорлық қадағалау тақырыбына арналған кең көлемді пікірталас өтті.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – қылмыстық-атқару жүйесінің құқықтық негіздерін терең түсіндіру, сотталғандардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етудің нақты механизмдерін талдау және прокурорлық бақылаудың қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін орнатудағы маңызын ашып көрсету болды.
Пікірталаста қаралған негізгі аспектілер
1.Қылмыстық-атқару жүйесінің құқықтық негіздері. Қатысушылар Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіндегі негізгі принциптерді, қылмыстық жазаны орындау тәртібін және түзеу мекемелерінің құқықтық мәртебесін зерделеді.
2.Прокурорлық қадағалаудың рөлі.Пікірталас барысында прокурордың тексеріс жүргізу тәртібі, заң бұзушылық анықталған жағдайда қабылданатын шаралар, прокурорлық актілердің түрлері және олардың әсері жан-жақты қаралды.
3.Қылмыстық-атқару жүйесіндегі өзекті мәселелер. Студенттер мекемелердегі тұрмыстық жағдай, артық жүктемелер, кадрлық тапшылық, бейнебақылау жүйелерінің жетіспеушілігі, ресоциализация процесіндегі қиындықтар, пробация қызметінің рөлі сияқты проблемаларды атап өтті.
4.Практикалық мысалдар мен талдау жұмысы. Іс-шара барысында қатысушылар нақты істер мен өмірлік жағдайларға сүйене отырып, прокурорлық қадағалаудың шынайы тәжірибесін талдады.
Пікірталас форматында өткен бұл кездесу студенттерге құқықтық саланың маңызды бағыты — қылмыстық-атқару жүйесі мен прокурорлық қадағалау жөнінде терең әрі жан-жақты ақпарат алуға зор мүмкіндік берді. Қатысушылар құқықтық реформалардың маңызы, жүйені жетілдіру қажеттігі және адам құқықтарын қорғаудың жоғарғы стандарттарын сақтау туралы өз ойларымен бөлісті.Жетекші Тлепбергенов Орынбасар жастарды құқықтық мәдениеті жоғары, әділдік пен заң үстемдігін қорғауға дайын мамандар болуға шақырып, пікірталастың маңызын атап өтті.
Бұл іс-шара болашақ заңгерлердің кәсіби көзқарасын қалыптастыруға, құқықтық ой-өрісін кеңейтуге және қылмыстық-атқару саласындағы күрделі процестерді түсінуге үлкен үлес қосты.