«VІІІ Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы

2 апреля, 2016

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Қазіргі жоғарғы білім жүйесіндегі археология, этнология және музейтану» тақырыбы бойынша «VІІІ Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы басталды. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бұл шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музейтану кафедрасы жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.  «Бүгін біз бұл конференцияны 8-ші рет өткізіп отырмыз. Енді оның сегізінші жинағы жарық көретін болады. Мұны отандық археологияның дамуына қосылған елеулі үлес деп санаймын. Бүгінгі форумға Әбділманап Оразбаевтың шәкірттері жиналды. Ол өзі көрнекті ғалым, археолог, педагог және далалық археологиялық зерттеулердің қазақстандық мектебінің негізін қалаушылардың бірі болды», - деді өз сөзінде музей директоры Нұрсан Әлімбай. Конференция барысында Қазақстан және оған шектес елдердегі археология ғылымының дамуы, этнология тарихнамасы: негізгі бағыттары мен даму үдерістері, ескерткіштанудың археологиялық, этнологиялық және музейологиялық қырлары, археология, этнология және музейтанудың жоғарғы білім беру жүйесіндегі орны мен рөлі және басқа да мәселелер талқыланады. Конференция аясында ұйымдастырылған «Бағзының жаңғырған куәлері» атты көрмеге музейдің археологиялық қор коллекциясындағы жаңғырту амал-тәсілдерімен қалпына келтірілген бірқатар артефактілер, яғни қыш ыдыстар, қазандар, қару және еңбек құралдары, соларға қатысты актілер мен төлқұжаттар, хаттамалар және фотосуреттер қойылды.  Сондай-ақ, көрмеде далалық археологиялық зерттеулер әдістемесінің қазіргі отандық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, белгілі ғалым Ә. М. Оразбаевқа тиесілі материалдар топтамасы кеңінен ұсынылды. Конференция жұмысына отандық археологтар, этнографтар, тарихшы, мәдениеттанушылар, музей қызметкерлері, сондай-ақ, Түркия, Ресей, Башқұртстан, Молдова, Украина, Әзірбайжан, Түркменстан, Қырғызстан және Өзбекстан ЖОО мамандары қатысып отыр. Екі күнге созылатын конференция қорытындысы бойынша ғылыми материалдар жинағы басып шығарылады.