Теңіз экожүйесін қорғау: экологиялық танымдық сапар
2025 жылдың 23 қарашасында 108 топ студенттері «14-ші Тұрақты даму мақсаты — теңіз экожүйелерін қорғау» бағыты бойынша маңызды танымдық іс-шара ұйымдастырып, Алматы зообағына барды. Іс-шара «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық» кафедрасының оқытушысы, топ жетекшісі Базартаева Е.Б.-ның бастамасымен жүзеге асырылды. Бұл сапар студенттердің теориялық білімін тәжірибе арқылы толықтыруға, табиғатты қорғауға бағытталған көзқарасын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Экологиялық сапардың басты мақсаты — теңіз және су жануарларының тіршілігімен жақын танысып, экожүйелердің сақталуының маңызын тереңірек түсіну болатын. Студенттер зообақтағы балықтар, амфибиялар, су құстары сияқты жануарлардың табиғи ерекшеліктері, мекендеу ортасы және оларды қорғау тетіктері туралы құнды ақпарат алды. Мамандар су жануарларының жойылып бара жатқан түрлері, олардың экожүйедегі рөлі мен климаттық өзгерістердің әсері жөнінде түсіндіре отырып, табиғатты қорғау шараларының не үшін маңызды екенін жан-жақты баяндап берді.

Бұл іс-шара студенттердің экологиялық ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, әр адамның табиғатты қорғаудағы жеке жауапкершілігін сезінуге ықпал етті. Тұрақты даму қағидаттарын терең түсіну, қоршаған ортаға жанашырлық таныту және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану — осы шараның басты нәтижелерінің бірі болды.
«Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық» кафедрасы