Білім мен БАҚ болашағы: Журналистика факультеті деканы таңғы эфирде өзекті мәселелерді талқыладыFarabi University

Білім мен БАҚ болашағы: Журналистика факультеті деканы таңғы эфирде өзекті мәселелерді талқылады

19 қараша, 2025

 ТДМ-4 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті деканы Қанат Әуесбайұлы Алматы телеарнасы таңғы студияға арнайы қонақ болып, жасанды интеллект пен ақпараттық қауіпсіздік тақырыбында сұхбат берді. Эфир барысында ол жасанды интеллекттің дамуы медиа саласына ғана емес, жалпы ақпараттық қауіпсіздікке тікелей ықпал ететінін атап өтті. Әсіресе әлеуметтік желілердегі сөз қолдану мәдениеті мен жеке жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды. Декан өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект жөніндегі заңға қол қоюы журналистер қауымын қуантқанын айтты. Бұл қадам елдегі цифрлық трансформацияны жеделдетіп, білім мен медиа саласына жаңа мүмкіндік әкеледі. Қанат Әуесбайұлының айтуынша, Білім министрлігі мен университет ректорының тапсырмасына сәйкес, ҚазҰУ жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне белсенді енгізіп келеді. Соның нәтижесінде медиа мен жасанды интеллект бағытындағы алғашқы академиялық магистратура бағдарламасы іске қосылған. Сонымен қатар университет қабырғасында тұңғыш рет Жасанды интеллект факультеті құрылып, IT мамандармен бірлесе отырып студенттерді оқыту жұмыстары жүргізілуде. Декан медиа сауаттылық мәселесіне де тоқталды. Қазір елімізде медиасауаттылық пәні 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін оқытылып жатыр. Оның оқу құралдарының бірі бойынша авторлардың қатарында Қанат Әуесбайұлының өзі де бар. Сонымен бірге университетте медиасауаттылық пәнін толыққанды енгізу жөніндегі ұсыныс министрлікке жолданған. Сұхбат соңында декан медиа мен технологияны қатар меңгерген жаңа буын мамандарды дайындаудың маңыздылығын атап өтті.