«Қоғамдық өзекті мәселелерді құқықтық тұрғыдан қарастыру: пікірталас нәтижелері»Farabi University

«Қоғамдық өзекті мәселелерді құқықтық тұрғыдан қарастыру: пікірталас нәтижелері»

26 қараша, 2025

24 қараша 2025 жылы «Ел Тұтқа» пікірталас клубының мүшелері клуб жетекшісі Тлепбергенов Орынбасардың қатысуымен el.kz арнасында жарық көрген «Заң және тәртіп» бағдарламасында көтерілген өзекті мәселелерге талдау жасап, мазмұнды пікірталас өткізді. Бағдарламаның жүргізушісі және заңгер Орынбасар Тілепберген қоғамда жиі талқыланатын, әлеуметтік тұрғыдан да, құқықтық жағынан да маңызы жоғары екі бағытқа ерекше назар аударған болатын. Осы тақырыптар біздің талқылауымыздың негізгі арқауына айналды.

Алдымен қалыңдықты алып қашу мәселесі жан-жақты сөз болды. Қоғамда бұл әрекет кей жағдайда салт-дәстүрдің бір көрінісі ретінде түсіндіріліп жатады, алайда қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес ол адам бостандығына қарсы жасалған қылмыс ретінде қарастырылады. Пікірталас барысында осы қарама-қайшылықтың неден туындайтыны, дәстүр мен құқықтың ара-жігі қандай жағдайда шатасып кететіні туралы ойлар ортаға салынды. Заңгердің бағдарламада келтірген мысалдары негізінде нақты баптар талданып, жәбірленушінің құқықтары мен оларды қорғау тетіктері түсіндірілді. Қоғамның бұл мәселеден қандай қорытынды шығаруы қажет екені, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Келесі көтерілген мәселе — есірткімен күрес тақырыбы. Бұл бағыт қазір елімізде ғана емес, бүкіл әлемде аса күрделі және қауіпті құбылысқа айналып отырғаны белгілі. Пікірталас барысында есірткінің адам өміріне, отбасына және жалпы қоғамға әкелетін зардаптары сөз болып, соңғы уақытта жаңалықтарда талқыланған резонансты істер мысалға алынды. Заңгердің бағдарламадан келтірген түсіндірмелері негізінде есірткіге қатысты қылмыстарға қандай баптар қолданылатыны, жауапкершіліктің түрлері, құқық қорғау органдарының атқарып жатқан нақты жұмыстары талданды. Қатысушылар есірткіге қарсы күресте тек қана жазалау емес, алдын алу, түсіндіру, ақпараттық жұмыс сияқты кешенді шаралардың қажеттігін атап өтті.

Талқылау барысында заңның қалай жұмыс істейтінін түсіну, өз құқығын қорғаудың жолдарын білу және құқықтық мәдениетті көтеру мәселелері негізгі назарда болды. Пікірталас студенттерге заңгерлердің кәсіби көзқарасы мен тәжірибесіне сүйене отырып, қоғамда өзекті болып отырған мәселелерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар құқықтық нормалардың тек қағаз жүзіндегі ереже емес, нақты өмірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған құрал екеніне көз жеткізілді.

Бұл жиын «Ел Тұтқа» пікірталас клубы үшін мазмұны бай, пайдалы әрі бағыт-бағдар беретін іс-шара болды. Қатысушылар қоғамда жиі талқыланатын проблемаларды құқық тұрғысынан бағамдап, заңды дұрыс қолданудың маңызын ұғынды. Пікірталас кәсіби ой-өрісті кеңейтіп, құқықтық мәдениетті нығайтуға үлес қосты.