2025 жылғы 17 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінің 3-курс «Кадастр» мамандығының студенттері кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының профессоры Г.Т. Айгаринованың ұйымдастыруымен университеттің Зоологиялық музейіне оқу-танымдық сапар жасады. Бұл іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жүйесіндегі N15 «Құрлық экожүйелерін сақтау» мақсаты аясында өткізілді.
Сапар барысында студенттер Қазақстан Республикасының физикалық-географиялық ерекшеліктерімен, табиғи аймақтарымен, биоалуантүрлілік құрылымымен және еліміз аумағында мекендейтін жануарлар дүниесімен тереңірек танысты. Зоологиялық музейдің бірегей қор коллекциялары арқылы Қазақстан фаунасының тарихи қалыптасуы, жануарлар популяциясының таралу ерекшеліктері, сирек және жойылып бара жатқан түрлердің экологиялық маңызы туралы кең көлемді ақпарат ұсынылды.
Сонымен бірге студенттер жануарлардың табиғи тіршілік ету ортасының өзгеруі, экологиялық қауіпсіздік, антропогендік факторлардың әсері, экожүйелерді қорғау мен қалпына келтіру тетіктері туралы мәлімет алды. Музей мамандары қоршаған ортаны қорғау саласында ғылым мен заманауи технологиялардың рөлі, экологиялық мониторингтің маңызы және биоресурстарды тиімді басқару қағидаттары жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.
Бұл шара студенттердің кәсіби дүниетанымын кеңейтіп, табиғатты ұтымды пайдалану, кадастрлық қызмет пен экологиялық құқықтың өзара байланысын түсіндіруге мүмкіндік берді. Оқу экскурсиясы болашақ мамандардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, биологиялық және құқықтық білімді ықпалдастыруға бағытталған маңызды тәжірибелік сабақ болды.