ТДМ 4. "Қазақтың сөз өнерінің бойтұмары - Абайдың қара сөздері"Farabi University

ТДМ 4. "Қазақтың сөз өнерінің бойтұмары - Абайдың қара сөздері"

27 қараша, 2025

27 қараша 2025 жылы  ТДМ-4   бойынша тыңдаушылар үшін «Қазақтың сөз өнерінің бойтұмары – Абайдың қара сөздері» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – тыңдаушыларды Абай Құнанбайұлының қара сөздерінің мазмұнымен және тәрбиелік маңызымен таныстыру, қазақ сөз өнерінің ұлттық құндылық ретіндегі орнын түсіндіру, сондай-ақ талдау, ой өрбіту, пікір білдіру дағдыларын дамыту және жастардың бойында Абай мұрасына деген құрмет пен патриоттық сезім қалыптастыру болды.

Кураторлық сағат топ жетекшісінің кіріспе сөзімен басталып, «Қазақтың сөз өнерінің бойтұмары» деген анықтаманы алғаш қолданған жазушы Мұхтар Мағауиннің көзқарасы түсіндірілді. Тыңдаушыларға Абайдың қара сөздері қазақ халқы үшін рухани компас саналып, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін өсиет әрі адамдық қасиеттің өлшемі екені кеңінен баяндалды.

Іс-шара барысында Абай қара сөздеріндегі негізгі үш тақырыпқа жан-жақты тоқталынды. Бірінші бағыт – адам болу мәселесі. 7-, 19- және 38-қара сөздер негізінде Абайдың «толық адам» концепциясы түсіндіріліп, адамгершілік, еңбекқорлық, өзін-өзі тәрбиелеу құндылықтарының өзектілігі атап өтілді. Екінші бағыт – білім мен ғылым тақырыбы. 6- және 25-қара сөздер арқылы Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» қағидалары түсіндіріліп, жас буынның білімге, ізденіске және танымға деген құштарлығы артуы керектігі айтылды. Үшінші бағыт – махаббат пен иман мәселесі. 45-қара сөздегі адамгершілік, ғашықтық және құдайлық махаббат туралы ойлары талданып, Абайдың рухани-этикалық мұрасының тереңдігі көрсетілді.

Қорытынды бөлімде Абай идеяларының әмбебаптығы мен уақыттан тыс құндылығы атап өтілді. Ақынның қара сөздері қазіргі қоғамның өзекті мәселелері – климаттық дағдарыс, жасанды интеллект этикасы, менталдық денсаулық, тұлғалық даму сынды жаһандық бағыттармен де үндес келетіні талданды. Тыңдаушылар Абайдың даналығы тек қазақ еліне ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылық екеніне көз жеткізді.

Кураторлық сағат өз мақсатына толық сай өтті және тыңдаушылардың танымдық белсенділігі мен ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Абайдың қара сөздерінің «бойтұмар» аталуы – олардың ақыл-кеңес, өмірлік тұжырым және рухани қорғаныш ретіндегі ерекше мәнімен түсіндіріліп, кеш соңында осы ой қорытынды ретінде бекітілді.