Жастар мен балалардың мүддесі үшін тұрақты дамуFarabi University

Жастар мен балалардың мүддесі үшін тұрақты даму

1 желтоқсан, 2025

ТДМ-17 Бүгін Алматыда Орталық Азияның бес елінен 60-қа жуық қатысушыны біріктірген «Ұрпақ 2050: бүгінгі болашаққа инвестициялар» ҚР оқу ағарту министрлігі ұйымдастырған кездесу өтті. Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік органдарының вице-премьерлері, вице-министрлері және жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ даму жөніндегі әріптестер, өңірдегі БҰҰ агенттіктерінің өкілдері және ЮНИСЕФ Өңірлік және елдік кеңселерінің өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі М.Т. Мелдебекова лауазымды қонақтарға ел болашағы үшін маңызды шараға келіп, өз пікірлерімен бөлісуге келгендері үшін өз алғысын білдірді.

Кездесуде ЮНИСЕФ дайындаған "Ұрпақ 2050: Орталық Азия" өңірлік талдауы ұсынылды. Оның мақсаты - адами капиталға стратегиялық инвестициялар аймақ елдерінің тұрақты экономикалық өсуін қалай қамтамасыз ете алатындығын көрсету.

Сессия барысында еларалық ынтымақтастық және балалар мен жастарға бағытталған реформаларды ілгерілетудегі даму бойынша серіктестердің рөлі мәселелері қозғалды.

ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Регина де Доминичис кездесуді ашып, тұрақты болашақ құру үшін өңір елдерінің бірлескен іс-қимылдарының маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанның адами капиталды нығайтуға арналған айтарлықтай мүмкіндіктері бар. Қол жеткізілген табыстар берік негіз қалайды, ал алдағы қадамдар елдің демографиялық әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік береді. Балаларға салынатын стратегиялық инвестициялар — бұл тек әлеуметтік саясат қана емес, сонымен қатар елдің тұрақты экономикалық өсуінің қуатты құралы», — деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі Рашед Мұстафа Сарвар.

Сарапшылардың бағалауынша, балалар мен жастардың біліміне, денсаулығына және әлеуметтік әл-ауқатына салынған инвестициялар 2050 жылға қарай елдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің қосымша 14 пайызға өсуін қамтамасыз ете алады.

ЮНИСЕФ Қазақстан Үкіметіне «Қазақстан балалары – 2026–2030» ұлттық бағдарламасын іске асыру шеңберінде қолдау көрсетуді жалғастыруға, сондай-ақ балалар мен жастардың мүддесінде тұрақты дамуды нығайту және инновациялық шешімдерді енгізу үшін Орталық Азия елдері арасында тәжірибе алмасуға жәрдемдесуге дайын екенін растады.

 

Ошанова О.Ж.,

ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ