ТҮРКИЯ МЕН ҚАЗҰУ: ЖАҢА СЕРІКТЕСТІК, ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
2025 жылғы 1 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде маңызды халықаралық кездесу өтті. Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент м.а. Халел Агнур ханым Түркия Республикасының Қазақстандағы Бас консулы, құрметті Туғба Алан Өзденфедақар ханым және Түркия Республикасының Қазақстандағы Білім атташесі Айхан Коркмаз мырзамен екі жақты ғылым-білім байланыстарын дамытуға арналған мазмұнды келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар Түркия мен Қазақстан арасындағы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейту мәселелерін талқылады. Академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің өзара тәжірибе алмасуын жандандыру, бірлескен ғылыми жобалар ұйымдастыру және стратегиялық серіктестікті тереңдету басым бағыттар ретінде белгіленді.
Доцент м.а. Халел Агнур ханым халықаралық байланыстардың тек ғылыми деңгейде ғана емес, сонымен қатар мәдени және кәсіби даму тұрғысынан да маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, студенттер мен жас ғалымдардың Түркияда тағылымдамадан өтуі, семинарларға қатысуы және бірлескен зерттеулер жүргізуі – кадрлық әлеуетті нығайтудың тиімді тетігі болып қарастырылады.
Кездесудің тағы бір маңызды бөлігі — Шығыстану факультетінің Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасының түлектерін тұрақты жұмыспен қамту және кәсіби интеграциялау мәселесі болды. Осы бағытта Turkish Airlines авиакомпаниясы мен RAMS компанияларымен әріптестік орнату туралы келісімдер талқыланып, түлектерді жұмысқа орналастыруға дәнекер болу, сондай-ақ студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін жүйелеуге қатысты жоспарлар нақтыланды.
Бұл бастамалар студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, еңбек нарығында сұранысқа ие болуына және халықаралық деңгейде кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті халықаралық әріптестік пен тәжірибе алмасуды дамытуға бағытталған стратегиялық қадамдарын жалғастырып, білім беру кеңістігінде өз беделі мен ықпалын одан әрі нығайта бермек.
А.Т. Кыркымбекова
Басқа жаңалықтар