Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ТДМ-16: «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өткізілді.Farabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ТДМ-16: «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өткізілді.

20 қараша, 2025

20 қараша 2025 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде, математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының педагогикалық практикасы аясында ТДМ–16: «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» тақырыбында ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды.

Іс-шараны «7М05409 – Қолданбалы және есептеу математикасы» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты Сейтмуратова Зульфия Ильяскызы ПМ-23–2 тобының студенттеріне арнап өткізді. Сабақ кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сагимбаева Лида Абсұлтанқызының жетекшілігімен жүзеге асырылды.

Ашық сабақ Тұрақты даму мақсаттарының ішінде ерекше орын алатын ТДМ-16 бағытының мән-маңызын ашуға арналды. Іс-шара рөлдік ойын форматында өтіп, студенттерге шынайы өмірге жақын құқықтық және этикалық жағдайды талдауға мүмкіндік берді.

Магистрант ұсынған жағдай бойынша қатысушылар судья, прокурор және қорғаушы топтарына бөлініп, мемлекеттік сатып алуға қатысты даулы мәселені қарастырды. Әр топ өз позицияларын дәлелдеп, пікірталас арқылы әділ шешім қабылдауға талпынды.

Сабақ барысында студенттер:

·  әділдік принциптері;

·  сыбайлас жемқорлық тәуекелдері;

·  мемлекеттік институттардың ашықтығы;

·  қоғамдағы сенім деңгейі

секілді маңызды мәселелерді талқылады. Бұл тәжірибе олардың азаматтық жауапкершілік, құқықтық мәдениет және әділ басқару құндылықтары туралы түсінігін кеңейтті.

Іс-шара соңында кафедра өкілі сабақтың тәрбиелік маңызын атап өтіп, жастарды әділдік, адалдық және жауапкершілік қағидаларын ұстануға шақырды. Ашық сабақ студенттердің азаматтық санасын қалыптастыруға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және тұрақты қоғам құру идеясын түсіндіруге бағытталды.

 

Математикалық және компьютерлік модельдеу

кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Сагимбаева Л.А.