ТДМ 4. ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ТИІМДІ ҚОЛДАНУДАҒЫ ӘДІСТЕР МЕН ТӘСІЛДЕРFarabi University

ТДМ 4. ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ТИІМДІ ҚОЛДАНУДАҒЫ ӘДІСТЕР МЕН ТӘСІЛДЕР

2 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Б.С.Сарбасовтың ұйымдастыруымен 2025 жылдың 2 желтоқсан күні 7М01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2 курс магистранттарына «Әдебиет пәндерін оқытудың инновациялық және сандық технологиялары» пәнінен «Инновациялық технологияларды тиімді қолданудағы әдістер мен тәсілдер» атты тақырыпта ашық сабақ өтті. Бұл ашық сабаққа кафедра оқытушылары мен докторанттар қатысты.

Инновациялық технологияны тереңінен меңгерген, жаңа әдіс-тәсілдерді оқу үрдісінде тиімді қолдана білетін ұстаздар – шәкірттерінің ойлау, пайымдау қабілеттерін арттырып, өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына ықпал ете білуі тиіс.

Ашық сабақтың мақсаты – жоғары оқу орындарында әдебиет пәндерін оқытудың өзіндік ерекшеліктерін түсіну қабілетін қалыптастыру. Жоғары оқу орындарында әдебиет пәндерін оқыту барысында инновациялық технологияларды қолданудың теориялық-әдіснамалық негізін саралау. Әдебиетті оқытудың озық педагогикалық тәжірибелері мен әдіс-тәсілдерін практикада пайдалану. Әдебиет пен әдебиеттану пәндерін зерттеу мен оқытудың өзіндік стратегиясын меңгеруге бағыттау.

7М01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2 курс магистранттары қазіргі әдебиет сабағында кездесетін әдістемелік қиындықтар, білім алушылардың пәнге қызығушылығын арттыру жолдары мен оқытудың инновациялық технологиялары жайлы топтық жұмыстар орындап, өз ойларымен бөлісті.

Сын тұрғысынан ойлау негізінде білім алушылардың мотивациясының артуы, тәуелсіз әрекет етудегі белсенділіктің қалыптасуы, әрбір мәселені пайымдай алуы, тек пәнге қатысты емес, жан-жақты ойлана алуы, яғни басқа ғылымдармен сабақтастыра білуі, логикалық тұрғыда жүйеліліктің пайда болуы, біліктілік пен дағдыларының қалыптасуы оқу-тәрбие үрдісінде әрқашан маңызды болмақ.