- Басты бет
- Жаңалықтар
- Аида ҚАЛИЕВА:Халықаралық басылымға мақала жариялау отандық ғылымның беделін арттырады
Аида ҚАЛИЕВА:Халықаралық басылымға мақала жариялау отандық ғылымның беделін арттырады
Аида Қалиева – география және табиғатты пайдалану факультетіне қарасты «Туризм және қонақжайлылық» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты. Бүгінгі таңда туризм және қонақжайлылық саласындағы тұрақты даму бағытында зерттеу жүргізіп жүрген белсенді, ізденімпаз жас. «Қонақүй индустриясындағы жасыл бастамалардың тұрақты даму мақсаттарына ықпалын бағалау» деген тақырыпта диссертациялық жұмыс жазып жүр. Жас ғалымның бұл зерттеу еңбегі қонақүй секторында экологиялық инновациялардың (мысалы: энергия үнемдеу, қалдықтарды азайту, су ресурстарын тиімді пайдалану) енгізілуінің әлеуметтік-экономикалық әсерін анықтауға арналған.
Аида Қалиеваның жетекшісі – география ғылымының кандидаты, доцент Әлия Ақтымбаева. Аида Қалиеваның айтуынша, Әлия Сағындыққызының ғылыми жетекшілігімен туризмдегі экологиялық менеджмент пен «жасыл» технологияларды бағалау әдістемесін тереңірек зерттеу үстінде. Оның үстіне докторанттың бірнеше мақаласы Scopus базасына кіретін халықаралық басылымдарда жарияланған. Осыған орай, «Qazaq universiteti» газеті жас ғалым Аида Қалиеваны әңгімеге тартып, бірнеше сауал қойған еді.
– Аида, халықаралық басылымдарға қандай мақалаларыңыз шықты? Scopus базасына кіретін басылымдардың талабы жоғары, мақала жазуға қалай дайындаласыз?
– Соңғы жылдары ғылыми мақалаларым халықаралық деңгейдегі бірнеше беделді басылымдарда жарық көрді. Атап айтқанда GeoJournal of Tourism and Geosites, Sustainability (Switzerland) және Revista Iberoamericana de Viticultura, Agroindustria y Ruralidad сияқты журналдарда жарияланған еңбектерім бар. Мысалы, Sustainability (Switzerland) журналында жарық көрген «Balancing Nature and Visitors for Sustainable Development: Assessing the Tourism Carrying Capacities of Katon-Karagay National Park, Kazakhstan» (Табиғат пен келушілер тепе-теңдігі: Қазақстанның Катонқарағай ұлттық паркінің туристік сыйымдылық деңгейін бағалау) мақаласында ұлттық парктердің экологиялық жүктеме деңгейін бағалау әдістемесі қарастырылды.
Халықаралық журналдарға мақала жазу – күрделі әрі көп ізденуді, еңбекті қажет ететін процесс. Әр мақала бірнеше кезеңнен тұрады: теориялық негіздеме жасау, әдістемені нақтылау, деректерді жинақтап талдау, нәтижелерді салыстыру және соңында ағылшын тілінде ғылыми стильде жазу. Әрбір журналдың өз форматы, құрылымы мен этикалық талаптары бар, сондықтан жұмысты бірнеше рет қайта қарап, түзетулер енгізу қажет болады.
Дегенмен бұл процестің өзіндік үлкен пайдасы бар – ол зерттеушінің ғылыми мәдениетін арттырады, сыни ойлауды дамытады және өз еңбегін халықаралық аудитория алдында қорғауға мүмкіндік береді.
Халықаралық журналдарға ғылыми мақала жазып жариялау қиын, алайда ол ең алдымен сапаға ұмтылудың белгісі. Әр жарияланған еңбек тек жеке жетістік емес, сонымен бірге қазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми кеңістіктегі беделін арттыруға қосқан үлесі деп санаймын.
– Кейбір ғалымдар «халықаралық басылымдарға мақала шығару талабын алып тастаған жөн» дейді. Осы мәселеге сіздің пікіріңіз қандай?
– Шынында да, бұл мәселе бүгінде өте өзекті. Менің ойымша, халықаралық басылымдарға ғылыми зерттеу еңбегін жариялау талабын алып тастау дұрыс емес, керісінше, оның сапалық өлшемін жетілдіру қажет. Себебі халықаралық деңгейдегі жарияланымдар – ғалымның кәсіби дамуы мен ел ғылымының халықаралық аренадағы көрінісі.
Әрине, Scopus немесе Web of Science журналдарына мақала шығару оңай емес. Бірақ бұл талап зерттеушіні жүйелі ойлауға, салыстырмалы талдауға, дәлдік пен ғылыми мәдениетке үйретеді. Бұл – ғылымдағы тәртіп пен сапаның кепілі.
– Аида, өзіңіз ғылым жолын таңдайсыз ба, әлде басқа салаға ауысу ойда бар ма?
– Әрине, ғылым жолы жеңіл жол емес, таңдап алған тақырыбыңды зерттеуге адамның көп уақыты да, күші де кетеді. Алайда ғылым адамға рухани қанағаттанушылық береді, өз ісіңе сенімділік тудырады әрі ең бастысы – елдің дамуына шынайы үлес қосу мүмкіндігіне жол ашады. Сондықтан менің мақсатым – ғылым саласында қалып, туризм мен қонақжайлылық индустриясының болашағына қызмет ету және Қазақстан ғылымының халықаралық беделін арттыруға үлес қосу.
– Сіздіңше, бүгінгі жастар ғылыммен айналысып, жақсы өмір сүре ала ма?
– Иә, ғылымның даңғыл жолына түсіп жақсы өмір сүруге болады. Мен мұны сенімді түрде айтып отырмын. Оған ешқандай шүбә болмасын. Қазіргі жастар ғылыммен айналысу арқылы да жақсы өмір сүре алады. Бүгінгі ғылым тек теориямен шектелмейді, инновациялық жобалар, стартаптар, халықаралық зерттеу гранттары, академиялық мобильдік бағдарламалар – мұның бәрі ғылымды практикалық салаға айналдырып отыр. Бастысы – табандылық пен кәсіби қызығушылық. Адам бойында осы екі қасиет болса, ғылымда үлкен жетістікке жетуге болады. Жас ғалымдар жаңа технологияны еркін меңгереді, тіл біледі, әлемдік деңгейдегі платформалармен жұмыс істей алады. Демек, олар өз зерттеулерін коммерцияландыруға, қоғам сұранысына бейімдеу мүмкіндігіне ие.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар