- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да шетелдік профессордың қатысуымен докторанттарға арналған ғылыми дәріс ұйымдастырылды
ҚазҰУ-да шетелдік профессордың қатысуымен докторанттарға арналған ғылыми дәріс ұйымдастырылды
2025 жылдың 7 қарашасынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ЦУР бойынша ұйымдастыруымен АҚШ-тың Kansas State University профессоры Джон Махони ҚазҰУ докторанттарына арнап бірнеше апталық ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізді. Семинар бағдарламасы профессор Махони әзірлеген «Religious Freedom in U.S. Law and Politics» атты лекциялық материалға негізделген және АҚШ-тағы діни бостандықтың тарихи, құқықтық және саяси өлшемдерін жан-жақты талдауды мақсат етті.
Семинардың алғашқы бөлімдерінде профессор АҚШ Конституциясының («Establishment Clause» және «Free-Exercise Clause») діни бостандықты реттейтін негізгі ережелерді түсіндіріп, діни сенім еркіндігінің либералдық саяси теориядағы орнына тоқталды. Ол Джон Локктың «A Letter Concerning Toleration» (1689) еңбегіндегі діни төзімділік қағидаларының америкалық конституционализмге ықпалын атап өтті. Профессор дін бостандығының тек құқықтық норма емес, сонымен қатар сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі және еркін жиналу құқығымен тығыз байланысқан либералдық еркіндік тұжырымдамасының маңызды элементі екенін көрсетті.
Семинар докторанттарға діни бостандық мәселесін тек америкалық контекстпен шектемей, оны қазіргі әлемдік дін саясаты, конституциялық құқық және дінаралық қатынастар тұрғысынан қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік берді. Қазақстандағы зайырлылық моделі, діни ұйымдардың құқықтық мәртебесі, діни сенім еркіндігін қорғау тетіктері сияқты тақырыптар америкалық тәжірибемен салыстыра талқыланды.
Жалпы алғанда, профессор Джон Махонидің семинарлары ҚазҰУ-дың PhD докторанттарының академиялық дайындығын күшейтіп, діни бостандық, құқық және мемлекет қатынасы саласындағы ғылыми түсініктерін кеңейтті. Сонымен қатар, профессор семинар барысында Scopus базасына мақала жариялау талаптарымен қатар, халықаралық ғылыми журналдарға лайық зерттеу еңбегін қалай дұрыс құрылымдау керектігі жөнінде де тәжірибесімен бөлісті. Ол ғылыми мақаланың тақырып қоюдан бастап, аннотация мен әдеби шолуды дұрыс рәсімдеу, әдіснаманы нақты көрсету, талдау бөлімін логикалық бірізділікпен жазу және журналдың стильдік талаптарына сай ресімдеу секілді маңызды аспектілерін жан-жақты түсіндірді.

1 курс «Дінтану» мамандығының докторанты Шалкарова А.С.